Accessibility links

Тоқаев "жала жабуды" декриминализациялау, "ескерту" формасындағы митинг туралы айтты


Ұлттық қоғамдық сенім кеңес жиыны. 20 желтоқсан 2019 жыл.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңес жиыны. 20 желтоқсан 2019 жыл.

20 желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында "жала жабу" бабын Қылмыстық кодекстен алып тастап, Әкімшілік кодекске ауыстыру қажеттігін айтты.

- Бұл норма бойынша өткен талқылаулардан біріңғай шешім қабылдаудың соншалықты күрделі екенін көруге болады. Себебі барлық жағын: құқықтық, гуманитарлық, этикалық және халықаралық стандарттарды ескеру керек. Бұл бойынша барлық ұстанымдарды сараптай келе және мәселенің қыр-сырын ескере отырып, 130-бапты декриминализациялап, оны Әкімшілік кодекске ауыстыру туралы шешім қабылдадым, - деді Тоқаев.

Әлеуметтік желіде журналистер мен белсенділер, интернет қолданушылар Тоқаевтың мәлімдемесіне байланысты түрлі пікір айтып жатыр.

Жұма күні Тоқаев сонымен бірге соңғы уақытта жиі айтылып жүрген бейбіт жиын өткізу мәселесін де қозғады. Ол Конституция талаптарына сәйкес, митингілерді өткізудің "ескерту" формасына көшу" керегін айтты. Оның айтуынша, қазіргі кезде "бейбіт жиын өткізу туралы" заң жобасы әзірленген.

"[Заң жобасында] мәслихат бекіткен арнайы орындарда өтетін бейбіт жиынның барлық формалары анықталады. Сонымен бірге ұйымдастырушы, қатысушы, бақылаушы ұғымдары және олардың құқықтары мен міндеттері айқындалады. Мәселе заңға жәй ғана өзгеріс енгізу емес, түбегейлі жаңа заң қабылдау туралы болып отыр. Бұл заң бейбіт жиын өткізудің барлық түрлерін өткізу тәртібін белгілейді. Үкімет заң жобасын парламент қарауына енгізуі керек" деді ол.

Қазақстанда халық қандай да бір бейбіт шеру, митингіге шыққысы келсе жергілікті әкімдіктен алдын ала рұқсат алуы тиіс. Билік рұқсат берілмеген митингінің бәрін "заңсыз" деп тауып, қатысушыларын ұстайды және жауапқа тартады. Халықаралық қауымдастық Қазақстан билігінен "Бейбіт митинг заңын" қайта қарап, халыққа өз ойын еркін айтуға кедергі келтірмеуді талап етіп келеді. Тоқаев бұған дейін де "Бейбіт жиын өткізу" туралы заңды қайта қарауға уәде берген.

20 желтоқсанда Тоқаев сонымен бірге "саяси партияны тіркеу үшін 40 мың мүшесі болуы керек" деген заңнама талаптарын өзгерту қажеттігін айтып, "төменгі шекті 20 мыңға дейін азайтуды" ұсынды. Ол саяси партиялар мен сайлау туралы заңнаманы біртіндеп өзгерту керек деді.

Бүгін журналистер ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне қатысқан азаматтармен сөйлесе алмады, себебі журналистер кеңес отырысы өткен залға өте алмады. Ақпарат құрал өкілдері кеңес отырысын басқа бөлмеге орнатылған монитордан бақылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG