Accessibility links

ЕҚЫҰ Өзбекстандағы сайлауға баға берді


Ташкенттегі сайлау учаскелерінің бірі. 22 желтоқсан 2019 жыл.
Ташкенттегі сайлау учаскелерінің бірі. 22 желтоқсан 2019 жыл.

Өзбекстандағы парламент сайлауының өту барысын бақылаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) сайлау кезінде "тәуелсіз пікірге деген төзімділіктің" артқаны байқалғанмен "елеулі заңбұзушылықтар" саяси науқанға көлеңкесін түсірді деп мәлімдеді.

Жексенбі, 22 желтоқсан күнгі сайлау - Шавкат Мирзияев билікке келгелі бері өткен алғашқы парламент сайлауы. Елді ұзақ жыл басқарған Ислам Каримов 2016 жылы қайтыс болғаннан кейін оның орнына келген Мирзияев елде реформа жасауға уәде берген.

Сайлау процесін бақылаған ЕҚЫҰ ілгерілеушілікпен қатар кемшіліктер туралы да айтты.

"Заңнаманың жақсарып, тәуелсіз пікірге төзімділік артқаны анық байқалды, бірақ сайлау күні процедуралар нақты және толық орындалды деп айта алмаймыз" деді ЕҚЫҰ-ның парламент ассамблеясының төрағасы Георгий Церетели.

"Қарсылас партиялар өздерінің саяси платформаларын таныстырып, БАҚ-та дебат өтті. Көбі ең алғаш рет тікелей эфирден көрсетілді. Бірақ дебат өткізу ережелері әлі де болса шектелген, ал балама саяси күштердің үні анық естілмеді" деді Церетели 23 желтоқсанда Ташкентте өткізген баспасөз жиынында.

Церетелидің айтуынша, ЕҚЫҰ бақылаушылары дауыс беру кезінде басқа біреу үшін дауыс беру және дауыс санауда процедураларды ескермеу сияқты "көптеген елеулі заңбұзушылықтар" туралы хабарлаған.

Өзбекстандағы парламент сайлауы: Мирзияев партиясы жеңді

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG