Accessibility links

Ақтөбеде жанкүйерлер Самат Смақовты футбол клубына қайтаруды талап етті


Самат Смақов.
Самат Смақов.

"Ақтөбе" футбол клубының бас директоры Самат Смақовтың отставкасына наразы 50-ге жуық жанкүйер 24 желтоқсанда кешке облыс орталығындағы орталық стадион жанына жиналды.

- Самат Смақов кетеді дегесін клубтың тағдырына алаңдап, жиналып тұрмыз. Жанкүйерлер үшін Смақов пен "Ақтөбе" футбол клубы егіз ұғым. Біз оны клубта қалдыруды талап етеміз! - деді Қалдыбек Жұмабаев есімді жанкүйер.

Кісі қарасы көбея бастаған кезде жанкүйерлер ортасына Самат Смақовтың өзі де келді. Ол жанкүйерлердің жиналып жатқанын естіп, облыс әкімдігінен шыққан бойда орталық стадионға келгенін айтты.

- Мен бірнеше күн қалада болмадым. Сол кезде мені отставкаға жіберу туралы шешім қабылданған екен. Бүгін Ақтөбеге ұшып келіп, жұмыстан өз еркіммен кету үшін арыз жазғанмын. Бірақ кешкілік облыс әкімі шақырып, футбол жөніндегі кеңесшісі болуды ұсынды. Алаңдамаңыздар, мен клубта қалатын болдым. Бәрі бұрынғысынша болады. Тек бұдан былай қаржы мәселесіне мүлдем араласпаймын, - деді Самат Смақов клуб жанкүйерлеріне.

Жанкүйерлердің бір тобы Самат Смақовтың "Ақтөбе" футбол клубында қалатынына қуанса, енді бір тобы "кеңесші қылу – Смақовты футболдан аластату" деп санайтынын жеткізді.

- Смақовтың көп жайтты ашып айта алмай тұрғанынын аңғару қиын емес. Қалай болғанда да бас директор болу мен кеңесшіліктің айырмасы жер мен көктей. Смақовты футболдан аластату жанкүйерлердің наразылығын тудырып отырғаны рас. Біз әлі де Смақовқа бас директор қызметін қайтаруды сұраймыз, - деді Еркебұлан Құлбасов есімді жанкүйер.

Самат Смақов алғысын айтып, сабырға шақырғаннан кейін жанкүйерлер біртіндеп тарай бастады. Жанкүйерлер тобын күштік құрылымдардың бірнеше қызметкері сырттай бақылап тұрды.

20 желтоқсанда "Ақтөбе" футбол клубы Самат Смақовтың отставкаға кеткенін хабарлаған. Клубтың басқарма төрағасы болып Артур Смағұлов тағайындалған. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Смақовпен клубты сенімді басқару туралы келісім де бұзылып, клуб мемлекет меншігіне өткен. Келісімде көрсетілген шарттар қатарында "клубтың қарызын жабу" туралы да пункт болған.

Самат Смақовтың айтуынша, клуб ұжымы екі айдан бері жалақы алмаған.

- Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин осы аптада қарыздың жартысы төленетінін айтты. Қалған бөлігі 2020 жылдың қаңтар айында толығымен өтеледі, - деді Самат Смақов.

Самат Смақов Ақтөбе облысы әкімінің футболды дамыту жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалғанын әкімнің баспасөз қызметі де растап отыр.

"Смақов клубтан кеткен жоқ. Ол команданы жаңа маусымға дайындауға көмектеседі" деді Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі Азаттыққа телефон арқылы.

"Ақтөбе" футбол клубы 2018 жылы қараша айында Самақ Смақовқа сенімді басқаруға берілген. Ол клубты 108 миллион теңгеге сатып алған еді. Сол кезде Ақтөбе әкімдігі футбол клубының Самат Смақовқа кейінірек сатып алу құқығымен жеті жылға сенімді басқаруға берілгенін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG