Алматы қалалық №4 клиникалық ауруханасының бас дәрігері міндетін атқарушы Айман Байсұлтанованың айтуынша, 27 желтоқсанда таңертең ауруханаға түскен 19 адамның сегізі реанимация бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы өте ауыр.
- 11 адам ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Олар реанимация бөліміне жатқызылды. Қазіргі кезде 6 операция жасалды. 8 науқас реанимация бөлімінде жатыр. Екі адам көз жұмды. Туыстарына хабар берілді. Қаза болғандардың отбасына көңіл айтамыз, - деді Айман Байсұлтанова.
27 желтоқсан күні таңертең Алматы маңына Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы құлады. Ұшақта 100-ге тарта адам болған: 93 жолаушы, 5 экипаж мүшесі. Соңғы ақпарат бойынша, 15 адам қаза болған.
Айман Байсұлтанованың айтуынша, науқастар арасында ұшқыш пен стюардесса да бар.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының айтуынша, барлығы 66 адам ауруханаға жеткізілген, 50 адам ауруханаға жатқызылған. Олар қаладағы бірнеше ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер таңертең №1 Алматы облыстық ауруханасына түскен алты адамның бесеуінің жағдайы ауыр екенін айтқан еді.
Қалалық әкімдік ұшақта болған жолаушылардың тізімін жариялады.
Әлеуметтік желіде белсенділер зардап шеккендерге көмектесу үшін тұрғындарды қан тапсыру орталығына барып, қан өткізуге шақырып жатыр. Жергілікті билік қаза болғандардың отбасына көмек беруге уәде берді.
(Жаңалық толықтырылады).
ПІКІРЛЕР