Accessibility links

Жайнақ ауылының тұрғындары жер дауына байланысты наразылыққа шықты


Жайнақ ауылы тұрғындарының наразылығы. Алматы облысы, Іле ауданы. 6 қаңтар 2020 жыл.

Бүгін, 6 қаңтарда Алматы облысы, Іле ауданы, Боралдай кентіне қарасты Жайнақ ауылының тұрғындарын жер дауына байланысты наразылық акциясына шықты. Тұрғындар осыдан бірнеше жыл бұрын сатып алып, үй сала бастаған жер учаскелерін кері қайтару туралы Алматы облысы жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының сотқа түсірген талап арызы заңсыз деп санайды.

Жерімізді алып қоя ма деп қауіптенетін тұрғындар толық мән-жайды түсіне алмай отырғанына шағымданып, заңды жер учаскелерін соңына дейін қорғауға бекініп отырғанын айтты.

Наразы тұрғындардың заңгері Нұрлан Байғазиевтің айтуынша, 2018 жылдары Жайнақ ауылы жанынан 203 жер учаскесі сатылған. Учаскенің сатылғаны және меншік иесі жайлы заңды құжаттар мемлекеттік тіркеуден өткен. Сатылған учаскелерге оннан астам тұрғын үй салынған. Алайда таяуда Алматы облысы жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының талап арызы бойынша тұрғындар сотқа шақырылған.

Наразылық акциясына келген Боралдай кентінің әкімі Данияр Қоңырбаев тұрғындарды алаңдамауға шақырды. Оның сөзінше, жер дауы 200-ден астам жер учаскесінің бас жоспарға сәйкес келмеуінен туындаған. Жер учаскесін «жекеменшік қосалқы шаруашылық» мақсатында пайдалану туралы заңды шешім бар, сондықтан тұрғындар қалай пайдаланса да ерікті, бірақ учаскенің өзі бас жоспарға енгізілмеген. Әкім жер учаскелерінің не себептен енгізілмегенін білмейтінін айтты, оның сөсзінше, жерді пайдалану мақсатын өзгерткен кезде әкім қызметін атқарған адам өзге жұмысқа ауысып кеткен.

- Алматы облысы жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының сотқа түсірген талап арызы бойынша тұрғындар ғана емес, әкімдік те жауапкер. Сондықтан сот кезінде біз де тұрғындардың мүддесін қорғаймыз. Осы жер учаскелерін бас жоспарға енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Бірер айда құжаты толық жасалады, жер учаскелері тұрғындардың өздерінде қалатынына сенемін,- деді Боралдай кентінің әкімі Данияр Қоңырбаев.

Ауыл тұрғындары мен әкімдік қызметкерлерінің сөзінше Жайнақ ықшам ауданындағы даулы жер мәселесі 14 қаңтарда Алматы облысы Іле аудандық сотында қаралады.

Алматы қаласымен жапсарлас жатқан жатқан, 40 мыңнан астам тұрғыны бар Боралдай кенті Алматы облысының Іле ауданына қарайды. Қалалық типтегі Боралдай кентінде бірнеше ықшам аудан бар. Соның бірі Жайнақ ықшам ауданы Боралдай кентінен бөлек, өз алында ауыл ретінде орналасқан.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG