Accessibility links

Трамп: Иранның шабуылынан америкалықтар мен ирактықтар зардап шеккен жоқ


АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде мәлімдеме жасап тұр. Вашингтон, 8 қаңтар 2020 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде мәлімдеме жасап тұр. Вашингтон, 8 қаңтар 2020 жыл.

8 қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде мәлімдеме жасап, Иранның шабуылынан "америкалықтар мен ирактықтар зардап шекпегенін", әскери база аздап зақымданғанын айтты.

Тегеран 8 қаңтарда "генерал Сүлейманидің өліміне кек алу үшін" АҚШ-тың Ирактағы әскери базасын балистикалық зымыранмен атқылаған. Иранның мемлекеттік арналары "зымыран діттеген жеріне жетіп, 80 адамды өлтіргенін" хабарлаған еді. Ислам революциясы корпусына қарасты "Құдс күштерінің" қолбасшысы Сүлеймани 3 қаңтарда Бағдатта АҚШ-тың әуе шабуылы кезінде қаза тапқан. Осыдан кейін Тегеран мен Вашингтонның арасы тым ушығып кеткен.

Трамп 8 қаңтардағы мәлімдемесінде Тегеранды "халықаралық терроризмді қолдап отыр" деп айыптап, "Иранға салынатын санкция күшейетінін" мәлімдеді. Трамп өз сөзінде "қолы қанға малынған Сүлейманидің қазасы – әлемдегі басқа да террористерге ескерту" деді.

Трамп "Иран райынан қайтқан сияқты" деп, Вашингтонның Тегеранның шабуылына қарымта қайтармайтынын меңзеді. Бірақ НАТО мүшелерін Таяу Шығыстағы жағдайға белсенді түрде араласуға шақырды.

Бұған қоса, ол "мен лидер болып тұрғанда Иран ешқашан ядролық қаруын қолданбайды" деді. Трамп "Ұлыбритания, Қытай, Германия және Ресейді Иран ядролық келісімінен бас тартып, барлық тарап қайта жаңа келіссөз бастау керегін" айтты.

Тегеранның Ирактағы АҚШ базасына шабуылынан кейін қазақстандық Air Astana, франциялық Air France, германиялық Lufthansa және америкалық ұшақтар Иран мен Ирак төбесінен ұшпайтынын мәлімдеді. Air Astana Алматы мен Нұр-Сұлтаннан Дубайға және Абу-Дабиге ұшатын ұшақтарының Иран мен Иракты айналып өтетінін, соған байланысты ұшу уақыты ұзаратынын хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG