Accessibility links

Шымкенттік белсенділер Ержан Елшібаевқа бостандық талап етті


Жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаев.
Жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаев.

9 қаңтар күні Түркістан облысы Төле би ауданы Шахта Тоғыз ауылындағы ИЧ-167/9 түрмесінің маңында белсенділер осы түзеу мекемесіне жазасын өтеуге жеткізілген жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаевқа бостандық талап етті. Бұл туралы Азаттыққа белсенділер хабарлады.

Белсенді Нұржан Мұхаммедовтің айтуынша, «Денсаулыққа қасақана зиян келтіру» бабымен бес жылға сотталған жаңаөзендік Ержан Елшібаев жазасын өтеу үшін ИЧ – 167/9 түзеу мекемесіне жеткізілген. Бір топ белсенді Елшібаевты қолдап, азық-түлік алып барған. Түрме әкімшілігімен кездесіп, әңгімелескен. Содан кейін түрме маңында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан Ержан Елшібаевқа бостандық беруді талап еткен.

- Қолымызда «Ержан Елшібаевқа бостандық!» деп жазылған плакат болды. Бәріміз «Ержан Елшібаевқа бостандық!» деп айқайладық. Осы уақытта полиция қызметкерлері келіп, күшпен полиция бөлімшесіне алып кетпек болды. Біз қарсылық білдірдік. Егер қандай да бір заңсыздыққа барған болсақ әуелі әкімдік өкілі келіп, түсіндіруін сұрадық, - деді ол.

Өзін «ИЧ-167/9 түзеу мекемесінің кезекшісімін» деп таныстырған Ерсұлтан Нысанов Ержан Елшібаевтың жағдайы туралы ақпарат алу үшін арнайы хат жіберуді сұрады.

17 қараша күні Жаңаөзен қалалық соты 31 жастағы Ержан Елшібаевты «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша кінәлі деп тауып, бес жылға соттаған. Кейін 25 қарашада оқиғаға қатысы бар адамдар талаптары жоқ екенін айтса да, апелляциялық сот алқасы шешімді өзгеріссіз қалдырған еді.

Тергеу орындарының мәліметінше, 2017 жылы Елшібаев Жаңаөзенде біреулермен төбелесіп, бір адамды жарақаттаған. Екі жыл бұрынғы төбелеске қатысқандардың Елшібаевқа арызы жоғын айтқан.

Белсенділер мен Елшібаевтың әйелі Динара Хайруллина бұл істің саяси астары бар деп санайды. Былтыр тамызда құқық қорғаушылар Елшібаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

Ержан Елшібаев 2019 жылдың ақпан-наурыз айларында Жаңаөзенде өткен жұмыссыздық мәселесіне қатысты наразылық шарасында көзге түскен. Наразылық кезінде жаңаөзендіктер биліктен жалақысы жақсы жұмыс талап еткен болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG