Иран Украина мамандарына Тегеран әуежайы маңында құлаған ұшақтан табылған "қара жәшікті" тапсырды. Бұл ақпаратты Украинаның сыртқы істер министрі Вадим Пристайко 10 қаңтар күнгі брифинг кезінде айтты.
"Ұшақ детальдары қолымызға тиді, бізді ұшақ құлаған орынға да кіргізді. "Қара жәшікті" алған мамандарымыз жақын арада [экипаж мүшелерінің] сөзін қалпына келтіре бастайды. Бізде сонымен бірге Тегеран әуежайының ұшуды басқару орталығындағы диспетчерлер мен ұшқыштар арасында болған жазба да бар. Бұл ақпараттың бәрі әзірге зерттеліп жатыр" деді Украинаның сыртқы істер министрі.
Ол сонымен бірге ұшақ апатынан қаза болғандардың туыстарынан ДНҚ үлгілері жиналғанын да айтты. Ұшақ апатын зерттеп жатқан Украина делегациясының құрамында 50 адам бар.
8 қаңтарда Тегеран әуежайынан Киевке ұшып шыққан "Украинаның халықаралық әуе желісі" компаниясына тиесілі "Boeing-737-800" ұшағы құлады. Ұшақта болған 176 адам: 167 жолаушы және 9 экипаж мүшесінің бәрі қаза болды. Дәл сол күні бірнеше сағат бұрын Иран АҚШ-тың Ирактағы әскери базаларын зымыранмен атқылаған.
Оқи отырыңыз: "Ешкім аман қалмады". Иранда украиналық жолаушы ұшағы құлады
9 қаңтарда халықаралық ақпарат агенттіктері АҚШ үкіметіндегі құпия дереккөзге сүйене отырып, ұшақты ирандық зымыран қателесіп атып түсірген болуы мүмкін деп хабарлады. Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдо да дәл солай деп мәлімдеді. Ол барлау қызметіндегі бірнеше дереккөзге сүйенді. Иранның азаматтық авиациясының басшысы ақпаратты жоққа шығарды.
ВИДЕО: Батыс "Украина ұшағына Иран зымыраны тиген" дейді. Тегеран мұнымен келіспейді (10 қаңтар 2020 жыл).
ПІКІРЛЕР