16 қаңтарда Алматы облысы Панфилов аудандық сотында "шекараны заңсыз бұзды" деп айыпталған Шыңжаң қазағы 30 жастағы Тілек Тәбәрікұлына үкім шықты. Судья Динара Құйқабаева Тәбәрікұлын алты айға бас бостандығынан айырып, 25 200 теңге көлемінде айыппұл салды.
Азаттық тікелей эфирде хабар таратты:
Бұған дейін прокурор Азамат Байсаров Тілек Тәбәрікұлын алты айға бас бостандығынан айырып, бес жылға дейін Қазақстан аумағынан шығаруды сұраған. Қорғау тарабы прокурордың айтқанына қарсы болып, Тәбәрікұлын үш айға соттап, Қазақстан азаматтығын беруді сұраған. Қорғау тарабы "кез келген жазаға "разы" болатынын, тек Қытайға қайтармауды" сұраған.
Үкімді түсіндірген судья Құйқабаева соттың Тәбәрікұлының 2020 жылдың маусым айына дейін жарамды ықтиярхаты болғанын ескергенін, бұған қоса әке-шешесі (Қазақстан азаматтары) осында болғандықтан оны жақындарынан айырмауды қажет деп тапқанын айтты. Судьяның айтуынша, "екі күн бір күн болып саналатындықтан" Тәбәрікұлының қамаудан шығуына аз уақыт қалды.
Шыңжаңда туған 30 жастағы Қытай азаматы Тілек Тәбәрікұлының үстінен Қазақстанның құқық қорғау органдары 2019 жылы тамыз айында қылмыстық іс қозғап, қазан айында ұстаған. Ол шамамен бір жарым-екі айдан бері Талдықорғандағы тергеу изоляторында қамауда отыр.
Айыптау тарабының айтуынша, ол 2018 жылы мамыр айында Қазақстан мен Қытай арасындағы "шекараны заңсыз кесіп өткен". Оның алдында Қазақстанда ықтиярхатпен жүрген ол 2017 жылы желтоқсан айында Қытайға "білім жетілдіру мақсатында" барып қайта алмай қалған. Қытайдың құқық қорғау органдары "белгісіз себептермен" құжатын алып, қайтармаған. Ол бірнеше айдан соң Қорғас бекетіне барып, реті келгенде Қазақстан жаққа қарай өтіп кеткен.
Қорғау тарабының айтуынша, полиция ықтиярхаты бар Тілек Тәбәрікұлын "Қазақстан азаматтығын алайын деп жүрген кезде" ұстаған. Тәбәрікұлы 2017 жылы қараша айында Қазақстаннан азаматтық алу туралы өтініш түсірген.
Осыған дейін "Нағыз Атажұрт еріктілері" ұйымы өкілдері егер Қазақстан Тілек Тәбәрікұлын Қытайға қайтарса, оның үстінен ауыр баптар бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін, себебі ол жақта "шекараны заңсыз кесіп өткен азаматтар ауыр баптармен жазаланады" деп болжаған.
Тілек Тәбәрікұлы "Қытайдағы қысымнан қашып, шекара бұзған" жалғыз қазақ емес.
2018 жылы тамызда "Қазақстан шекарасынан заңсыз өтті" деген айыппен Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың үстінен сот процесі жүрген. Қоғам назарын аударған сот шешімімен Сайрагүл Сауытбай шартты жазамен бостандыққа шыққан. Сотта Сайрагүл "Шыңжаңдағы лагерьде жұмыс істегенін, кейін қысымнан қашып, шекара бұзуға мәжбүр болғанын" айтқан. Кейін ол Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмай, Швецияға кеткен.
23 желтоқсанда Жаркент қаласындағы сот "шекара бұзды" деп айыпталған тағы бір Қытай қазағы Қайша Ақанды алты айға шартты жазаға кескен. Сот оны Қазақстанда қалдырған. "Шыңжаңдағы қысымнан қашып, Қазақстанға келген" Ақанның қолында қазір "пана іздеуші куәлігі" бар. Ол да Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрап, арыз жазған.
Бұған дейін Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы шекара бұзып, Қазақстанға өткен. Олар да "Шыңжаңдағы қысымнан қашып келгендерін" айтқан. 6 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысында Мұсаханұлы мен Әлімұлының соты басталады.
Желтоқсан айының аяғында Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті "Қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп өттім" деп мәлімдеген этникалық қазақ Бағашар Мәлікұлына қатысты қозғалған қылмыстық іс қысқарғанын хабарлаған.
Оқи отырыңыз: Жаркентте "шекараны заңсыз бұзды" деп айыпталған Тілек Тәбәрікұлының соты өтіп жатыр
ПІКІРЛЕР