Accessibility links

Жамбыл облысында имаммен дауласқан тұрғын әкімшілік жазаға тартылды


Ауылдық мешіттердің бірі. Көрнекі сурет.
Ауылдық мешіттердің бірі. Көрнекі сурет.

Жамбыл облысы Шу ауданының тұрғыны "діни қызмет туралы заңнаманы бұзғаны үшін" әкімшілік жазаға тартылды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.


17 қаңтарда Шу аудандық соты осы аудан тұрғыны Бағдат Бақтыбаевқа Әкімшілік кодекстің 490-бап, 2 тармағы ("Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзу") бойынша 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (132 550 теңге немесе шамамен 350 доллар) айыппұл салды. Істі судья Е.Ілиясов қараған.

Жауапкердің айтуынша, 3 қаңтарда Шу қаласындағы орталық мешітте жұма намазынан кейін ол мешіт имамы Қуат Үрпекбаевтан "неге өзге елдің имамдары сияқты Қытайдағы қазақтардың мәселесін айтпайсыңдар?" деп сұрақ қойған. Осыдан кейін екі арада дау туындаған.

Бұл істе жәбірленуші ретінде танылған имам Қуат Үрпекбаевтың айтуынша, Бақтыбаев оған екі сұрақ қойған. "Мұсылман өлімі" туралы алғашқы сұрағына жауап беруге уақыты болмаған.

- Намаз уақыты болғандықтан әрі ұзақ уақыт жауап беруді қажет ететін сұрақ болғандықтан кейінге қалдырдым. Осыдан кейін ол [Бақтыбаев - ред.] айқайлап, Қытайдағы қазақтар мәселесін айтты. Жанындағы адамдар видеоға түсірді. Мешіт саяси дүниелер айтатын орын емес. Біздегі уағыз тақырыптардың барлығы ҚМДБ (Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасы) арқылы бекітілген, - деді Қуат Үрпекбаев 17 қаңтарда Азаттық тілшісіне.

Ал аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Райхан Асанғазиеваның айтуынша, "мешітте тәртіпті бұзғаны үшін" Бақтыбаевтың үстінен хаттама толтырылған. Оның айтуынша, Бақтыбаев имамға "балағат сөздер" айтқан.

Ал сот шешімімен келіспеген Бағдат Бақтыбаев оны апелляцияға беретінін айтты.

- Мен бұл айыппұлды төлей алмаймын. Екі балам, әйелім бар. Айыппұлға бергенше, соларға жаратпаймын ба?! Аппеляцияға беремін, -деді ол.

Ол дауласқан кезде имамға қарата "шакал" деп айтқанын растады.

  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG