Accessibility links

Алматы мәслихаты Ганди атындағы саябақты "митинг өткізетін екінші орын" ретінде бекітті


Алматыдағы "рұқсат етілген митингі". 30 маусым 2019 жыл.
Алматыдағы "рұқсат етілген митингі". 30 маусым 2019 жыл.

Алматы мәслихатының сессиясында депутаттар бейбіт шеру өткізетін екі орынды бекітті: "Сарыарқа" кинотеатрының арты және Махатма Ганди атындағы саябақ. Бұл ақпаратты 17 қаңтарда кешке жергілікті БАҚ хабарлады. Кейбір құқық қорғаушылар митинг өткізетін қосымша орын бекітуден гөрі "бейбіт шеру өткізу үшін биліктен рұқсат сұрау керек деген заң талабын алып тастау" маңыздырақ екенін айтады.

"Бейбіт митинг өткізу" туралы қазіргі заң бойынша, жергілікті органдардың жиын өткізу тәртібіне қосымша регламент енгізуіне құқығы бар. Қоғамдық кеңес төрағасы Рахман Алшанов митингіге келетін адамдар саны мен уақытына шектеу қойылмағанын атап өткен.

Махатма Ганди атындағы саябақ Алматыдағы Шевченко және Гагарин көшелерінің арасында орналасқан. Бастапқыда депутаттар "Южный" бағын екінші орын ретінде ұсынған еді, бірақ бұл ұсыныс қабылданбаған.

Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Ритман Twitter желісінде Қазақстанға ең әуелі "бейбіт жиын өткізу үшін биліктен рұқсат сұрау" деген заң талабын алып тастау маңызды екенін және азаматтарға өз пікірін көпке жеткізе алатын орында наразылық жасауға мүмкіндік беру қажеттігін айтты.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жиын өткізетін орынға рұқсат алу қиын​

1995 жылы қабылданған "Қазақстанда бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы" заң бойынша қандай да бір наразылық шарасына өткізгісі келетіндер жергілікті биліктен арнайы рұқсат алуы тиіс. Рұқсатсыз жиындар "заңсыз" деп танылып, оған қатысқандар әкімшілік жауапқа тартылады.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстанның "Бейбіт жиын өткізу" туралы заңы халықаралық стандартқа сәйкес емес деп жиі сынайды. Құқық қорғаушылардың пікірінше, митинг өткізу үшін жергілікті биліктен рұқсат сұрап, тек арнайы белгіленген орындарда ғана шеру өткізуге мүмкіндік беретін қазіргі заң азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын шектейді.

Оқи отырыңыз: Батыс елдері Нұр-Сұлтаннан митингіге рұқсат беріп, азаптауды тоқтатуды сұрады

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG