Accessibility links

Қастер мен Мұрагердің сотына жиналғандар үлкенірек зал беруді талап етті


Мұрагер Әлімұлы (оң жақта) мен Қастер Мұсаханұлы (сол жақта) сотта тұр. Зайсан, 6 қаңтар 2020 жыл.

21 қаңтарда таңертеңгі 10:00-де Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында "шекараны заңсыз кесіп өтті" деп айыпталған Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының ісі бойынша кезекті сот отырысы өтуі тиіс болған. Бірақ сот отырысы уақытында басталмады.

Сотқа өте көп адам жиналғандықтан жұрт шағын залға сыймады. Қазақстанның түрлі аймағынан келген белсенділер, азаматтар үлкенірек залды беруді талап етті. Олар сот ғимаратының сыртында "Бостандық!" деп айқайлап, ішке кіруге тырысты. Шымкенттік белсенді Нұржан Мұхаммедұлы Facebook желісінде тікелей эфирде хабар таратты. Видеодан сот ғимараты алдында арнайы жасақ өкілдерінің жұртты ішке өткізбей тұрғаны көрінеді. Ғимарат сыртында шамамен ондаған адам тұрғаны байқалды.

Ал журналист Индира Кәкімова сот залының ішінен тікелей эфирден хабар таратты:

Индира Кәкімованың айтуынша, жұрт көп болғандықтан судья залға кіре алмай қалған. Арнайы жасақ өкілдері оларды тықсырып, сыртқа шығарып жіберген.

Сот залында жұрт процесс басталмай тұрып "күтпеген жерден екінші адвокаттың пайда болғанына" наразылық білдірді. Адвокат Ләззат Ахатова "бұл адам сот залына баса-көктеп кіріп, іс аяқталар тұста екінші адвокатымын деп жатыр, бұл дұрыс емес" деді. Жұрт наразы болғаннан кейін өзін адвокат әрі айыпталушылардың туысымын деп таныстырған әйел кетіп қалды. Ол "осындай қиын жағдайда жұрт арасында бірліктің болмағанына" ренжіді.

Сот отырысы шамамен 10:45-те басталды. Онда шекарашы Ибрагимов пен "Атажұрт еріктілері" ұйымының өкілі Мақсұт Бекзат куәгер ретінде жауап берді.

2019 жылы қазан айының басында Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туып өскен этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының Қазақстанға "шекараны заңсыз кесіп өткені" туралы ақпарат тараған. 14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы "саяси лагерьде қамауда болғанын", Мұрагер Әлімұлы Қытайда "қысым көргенін" айтқан еді. Қазанның ортасында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) ол екеуін "шекарадан заңсыз өтті" деп айыптап, Өскемен қаласындағы тергеу изоляторына жеткізген.

Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұраған Қытайдың екі азаматына қазан айының соңында "пана іздеуші тұлға" куәлігі берілген еді.

Олардың ісі бойынша сот 6 қаңтарда басталған. Бұған дейін адвокат Ләззат Ахатова Шыңжаңда қалған олардың туыстарына да Қытай билігі қысым жасағанын айтқан.

Оқи отырыңыз: "Ондаған белсенді, судьяға қарсылық және куәгер шекарашылар"

Осыған дейін Human Rights Watch және Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін "қазақ-қытай шекарасын бұзып өтті" деп айыпталған шыңжаңдық екі жігітті Қытайға қайтармауға шақырған.

9 қаңтарда таратқан мәлімдемесінде HRW Қазақстанның "Босқындар туралы" конвенцияны, БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясын мақұлдағанын еске салып, оны "халықаралық құқықтық міндеттемелерді орындап, азаптауға ұшырауы мүмкін елге босқын мәртебесін сұрағандарды қайтармауға" шақырды.

Қазақстанның өз ішінде де бұған дейін белсенділер Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға қайтармауды талап еткен.

Оқи отырыңыз: БҰҰ-ның адам құқығы комитетінен Қастер мен Мұрагерге араша сұрады

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Азаттық көрсеткен мүгедек ерлі-зайыптыға жұрт үй алып берді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:48 0:00
XS
SM
MD
LG