Accessibility links

Шымкентте белсенділер көшпелі зоопаркті жабуды талап етті


Белсенділер зоопарк өкіліне сұрақ қойып жатыр. Шымкент, 23 қаңтар 2020 жыл.
Белсенділер зоопарк өкіліне сұрақ қойып жатыр. Шымкент, 23 қаңтар 2020 жыл.

23 қаңтарда Шымкентте Бәйдібек би даңғылы бойында орналасқан "Наурыз парк" сауда орталығының алдына жиырмадан аса белсенді жиналып, осы орталықтағы көшпелі зоопаркті жабуды талап етті. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады. Белсенділердің пікірінше, зоопарктегі аңдарға қажетті жағдай жасалмағандықтан ондағы жануарлардың жағдайы ауыр.

- Жануарлардың жағдайы ауыр екенін көрдік. Олардың өмір сүруіне ешқандай жағдай жасалмаған. Жануарлардың кейбірінің жаралы екеніне куә болдық. Біз дамыған елде тұрамыз. Егер жануарлар зоопаркте қалатын болса, дұрыс қарауын сұраймыз. Егер қарай алмаса бағып-қағатын адамдарға берсе дейміз, - дейді белсенді Гүлзайда Байназарова.

Белсенділер көшпелі зоопаркке жауапты ұйым өкілінен ондағы жан-жануарлардың төлқұжаты мен арнайы рұқсат қағазын сұрады. Өздері алып келген мал дәрігеріне жан-жануарларды көрсетуін талап етті. Саябақ өкілі Шамил Магамедов мал дәрігерін ішке кіргізуден бас тартып, құжаттарды тек прокуратура мен тергеу орындарымен бірге келгенде ғана көрсететінін айтты.

Суретте белсенділер көшпелі саябақтың алдында наразылық танытып тұр. Шымкент, 23 қаңтар 2020 жыл.
Суретте белсенділер көшпелі саябақтың алдында наразылық танытып тұр. Шымкент, 23 қаңтар 2020 жыл.

Өзін Шымкент қаласының тұрғынымын деп таныстырған Мұхтархан Қонысбаев "көшпелі зоопарктегі жан-жануарлардың дені сау екеніне көзім жетсе болғаны" дейді. Оның айтуынша, мұнда балалары келмесе де олардың достары келуі мүмкін.

- Мен балалардың денсаулығына алаңдайтын адам ретінде жан-жануарлардың төлқұжатын көрсетуін талап етемін, - деді ол.

Зоопарк өкілдері белсенділердің ішке кіруіне рұқсат бермеді. Саябақты бірде ашып, бірде жауып отырды. Наразы топ жағдайды анықтау үшін полиция шақырды.

Көшпелі зоопарк өкілі Шамил Магамедов Азаттыққа белсенділердің айтқанына сенбеу керектігін айтты. Оның сөзінше, жануарлар бағында Дағыстаннан әкелінген жиырмадан аса түрлі жабайы жан-жануар бар. Олардың өмір сүруіне талапқа сай жағдай жасалынған.

Белсенділер шақырған учаскелік полиция келгеннен соң зоопарк өкілдері белсенділер алып келген мал дәрігерін ішке кіргізді. Мал дәрігері Тихон Перцов бір жабайы жануарды тексеріп көргенін, оның ауру болуы мүмкін екенін, жануарларға жасалған жағдай "бөлек мәселе" екенін мәлімдеді.

"Саябақта шамамен отыз жабайы жануар бар. Олардың бәрін тексеру мүмкін емес" деді ол.

Белсенділер саябақ туралы Шымкент қаласы әкімдігіне, полиция мен прокуратураға арыз түсергенін хабарлап, тарасты.

Оқи отырыңыз: Алматы зоопаркі 20 ғасыр деңгейінде қалған

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG