Accessibility links

Тоқаев: Қытай "Қорғасқа" тұтас қала салып тастады


Қорғас.
Қорғас.

24 қаңтарда үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай шекарасындағы "Қорғас" еркін сауда аймағының дамуы туралы да айтты.

- "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы өте тиімді жұмыс істеп жатыр деп мақтана алмаймыз. Қазақстан жағында іс жүзінде қажетті ғимарат, мекеме жоқ. Ал Қытай өз жағында тұтас қала салып тастады. Шекара ынтымақтастығы көрші елдердің өнімін импорттауды жеңілдетті. Сол себепті отандық өндірушілердің мүддесін қорғап, ескеріп, шынайы сектордың қажеттілігіне сәйкес салық саясатын жүргізіп, кедендік, тарифтік, тарифтік емес шаралар қолдану керек, - деді Тоқаев.

Тоқаевтың айтуынша, шекаралық сауда аймағында экспорттау мүмкіндігі зор, бірақ Қазақстан сол мүмкіндікті ойдағыдай пайдаланып жатқан жоқ. Оның айтуынша, 2018 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанмен шекарада сауда-экономикалық әріптестік орталығын құруды тапсырған. Бірақ содан бері келіссөз процесі жүріп жатқанмен Қазақстан мүддесі ескерілген нақты шешім қабылданбаған.

Қытаймен арадағы сауда-экономика қатынастарын күшейту мақсатында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2002 жылы көтерген бастамасымен Қазақстан - Қытай шекарасында "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастық орталығы ашылған.

Бұған дейін Қытай билігі Қорғаста жылына шамамен сегіз миллиард доллардың сауда-саттығы жасалады, бұған қоса күн сайын 30 мыңдай саудагер өтеді деген.

Осыдан бірнеше жыл бұрын сауда аймағындағы "екі түрлі жағдайды" сипаттаған Time журналы "Қорғастағы еркін сауда аймағындағы саудагерлердің тек 10 пайызы – қазақстандықтар. Қытайлар аң терісін, грузиннің қызыл шарабын, Сібір балын түк қалдырмай сатып алып жатса, қазақтар тот басқан шағын автобустарға пластиктен жасалған орындықтар, арзанқол төсек жабдықтары мен жасанды кроссовкаларды тиеп алып шығады" деп жазған еді.

Видео: Қорғастағы сатушы мен алушы (2017 жыл).

Қорғастағы сатушы мен алушы
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:44 0:00

Қытай - Қазақстанның негізгі сауда әріптесі және ел экономикасына қаржы құйған негізгі инвесторлардың бірі. Ресми деректерге сәйкес, соңғы жылдары Қазақстанға тартылған Қытай инвестициясы мен екіжақты сауда айналымының көлемі артып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG