Accessibility links

Қазақстан "Қорғас" бекетін жауып, әуежайлар мен шекарада бақылауды күшейтті


"Қорғас" кеден өткізу бекеті. Көрнекі сурет.

Мұндай шешім 26 қаңтарда премьер-министр Асқар Маминнің қатысуымен өткен үкімет отырысы кезінде қабылданды. Онда негізінен Қазақстан аумағына коронавирустың таралуына жол бермеу мәселесі талқыланды.

Отырыста "мемлекеттік шекарадағы өткізу пунктерінде санитарлық-эпидемиологиялық және көші-қон бақылауын күшейту (әуе, көлік және темір жол нысандары да)" туралы шешім қабылданды.

Бұған қоса, төмендегідей шешімдер қабылданған:

  • Қытайдан келгендерді медициналық бақылаудан өткізу;
  • Эпидемиологиялық ахуалмен байланысты төтенше жағдайға дайын болу, медициналық мекемелерді әзірлеу;
  • Қытайға қызметтік іссапарларды шектеу, жеке және туристік сапарларды кейінге қалдыруға кеңес беру;
  • Транзитпен келген Қытай жолаушыларына Қазақстан аумағында 72 сағат визасыз жүруге мүмкіндік беретін режимді тоқтату;
  • "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастық орталығының қазақстандық бөлігінде жұмысты уақытша тоқтату.
  • Қытайдағы қазақстандықтармен тығыз байланыс орнатып, оларға қажетті консулдық көмек беру;
  • Қажет жағдайда Ухань қаласындағы Қазақстан азаматтарын шұғыл эвакуациялау;
  • Қазақстанда ведомствоаралық комиссия құрып, коронавирустың таралуына жол бермеу туралы жоспар әзірлеу;

Соңғы дерек бойынша, 2019-nCoV атты жаңа вирустан 56 адам көз жұмды, вирусты жұқтырғандар саны 2000-ға жуықтады. Вирус ошағы Қытайдың орталық бөлігінде орналасқан 11 миллион тұрғыны бар Ухань қаласы деп айтылады. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің дерегінше, Уханьда қазақстандық 200-ден астам студент тіркелген. Оның 94-і қазір "жабық қалада" жүр.

Оқи отырыңыз: "Көшеге шықпауды тапсырды". Қытайда оқитын қазақ студенттер қауіпті вирус жайлы

23 қаңтар күнгі дерек бойынша, Қазақстанда "коронавирусты жұқтыру оқиғасы" тіркелмеген.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG