Accessibility links

"Көшеге шықпауды тапсырды". Қытайда оқитын қазақ студенттер қауіпті вирус жайлы


Полиция қызметкері көлік жүргізушісінің дене қызуын тексеріп тұр. Ухань, Қытай, Ухань, 23 қаңтар 2020 жыл.

Қытайда белгісіз вирустан екі апта ішінде 26 адам көз жұмды. Ресми Пекиннің дерегінше, 2019-nCoV деп аталатын вирусты 830-дан аса адам жұқтырған. Инфекция ошағы – 11 миллионнан аса тұрғыны бар Ухань қаласы қазір жабық тұр. Қытайда оқитын қазақстандық кейбір студент вирустан өз бетінше сақтанып, "елге қайтсам вирус жұқтырып алам ба" деп қорқатынын айтады, өзгелері биліктен өздерін эвакуациялауды сұрайды.

Қаңыраған қала, маска таққан тұрғындар, азық-түлік таусыла бастаған дүкендер. Қытайда оқитын қазақстандық студенттер вирус ошағы Ухань қаласының (қазақстандық студенттердің саны бойынша Қытайда ондыққа кіреді) қазіргі көрінісін осылай сипаттайды.

Қытайда былтыр жыл соңында "пневмонияға ұқсас ауруға шалдыққандар" күрт көбейген. Кейін оның қоздырушысы беймәлім вирус екені белгілі болды, инфекция жұқтырғандар саны күн сайын көбейіп жатыр. Аурудан айыға алмай көз жұмғандар да көбейіп келеді. Қытай билігі емі мен вакцинациясы табылмаған вирустың таралуын тоқтату жолын іздеп жатыр.

Ухань қаласындағы аурухана. Қытай, 18 қаңтар 2020 жыл.
Ухань қаласындағы аурухана. Қытай, 18 қаңтар 2020 жыл.

Вирус АҚШ, Таиланд, Жапония, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Вьетнам, Сингапурде де тіркелген соң Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да дабыл қақты. Қаңтардың 22-сі күні Қытай әуелі – Уханьды, қаңтардың 23-інде жеті миллион тұрғыны бар Хуанганды жауып, карантин жариялады. Әуе және темір жол қатынасы, қала ішінде қоғамдық көлік пен метро жұмысы тоқтады.

Вирус ошағына айналып, ең көп науқас тіркелген Уханьда қалып қойғандар арасында қазақстандықтар да бар. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің дерегінше, Уханьда қазақстандық 210 студент тіркелген. Оның 94-і қазір "жабық қалада" жүр.

"ҚОЛ ҰШЫН БЕРСЕҢІЗДЕР"

Ақтөбе қаласының тұрғыны Рабиға Сисенғалиева Уханьда қалып қойған қызы Анель Сисенғалиеваның жағдайына алаңдайды. Айтуынша, Нанкин қаласында оқитын қызы "қысқы демалысын өткізу үшін Уханьдағы құрбысына қонаққа барған". Жалғыз перзентін уайымдап отырған ана Қазақстан үкіметінен Ухань қаласындағы студент қызы мен өзге де қазақстандықтарды эвакуациялауды сұрайды. Оның сөзінше, бір ғана Ухань колледждің жатақханасында қазір 20-25 қазақстандық бар.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Рабиға Сисенғалиева Уханьда қалып қойған қызын эвакуациялауды сұрайды. Ақтөбе, 23 қаңтар 2019 жыл.
Ақтөбе қаласының тұрғыны Рабиға Сисенғалиева Уханьда қалып қойған қызын эвакуациялауды сұрайды. Ақтөбе, 23 қаңтар 2019 жыл.

- Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ел үкіметінен, Қазақстанның Қытайдағы елшілігінен көмек сұраймын. Ухань қаласында қалып қойған студенттерді вирус қаупі әбден сейілгенше елге эвакуациялап, қол ұшын берсеңіздер екен, - дейді ол.

Азаттық тілшісі Уханьдағы студенттер жатақханасындағы Анель Сисенғалиевамен де сөйлесті. Анельдің сөзінше, Уханьдағы дүкендер мен дәріханалардың басым көпшілігі жабық. "Жұрт себепсіз көшеге шықпауға тырысады" дейді ол.

- Қаңтардың 22-сі күні сағат 23.30-дан бастап Ухань әуежайындағы рейстердің барлығы тоқтатылды. Қазақстанға ұшпақ болған студенттер жатақханаға қайтып оралды. Дәріханаларда сүзгісі бар маска таусыла бастады. Бұрын мұндай масканың бағасы 10 юань болатын (545 теңге), қазір 30 юаньнан (1600 теңге) асып кетті, - дейді студент.

Анель Сисенғалиева Ухань колледжінің жатақханасына күн сайын дәрігер мен полиция қызметкерлері келіп, студенттердің дене қызуын тексеріп тұратынын айтады. Қаңтардың 22-сі күні жатақханаға келген оқытушылар студенттерге маска үлестірген.

- Колледж оқытушылары қаңтардың 23-і күні кешкі бестен кейін терезені ашпауды, көшеге шықпауды тапсырды. Өйткені кешке қала көшелеріне дезинфекция жасалуы керек. Ұсақ дүкендердің бәрі жабылып қалғандықтан күндіз супермаркеттен азық-түлік әкеп алдық. Супермаркетте де тамақ түрлерінің азая бастағаны байқалады, - дейді ол.

Уханьда оқитын қазақстандық студенттердің мессенджердегі чаты.
Уханьда оқитын қазақстандық студенттердің мессенджердегі чаты.

Анель өзімен бірге бірнеше қазақстандық студенттің вирусты жұқтырып алам ба қорқып отырғанын айтып, Қазақстан билігінен Уханьда қалып қойғандарды алып кетуді сұрайды.

"ҮЙГЕ БАРСАМ ВИРУС ЖҰҚТЫРАМ БА ДЕП ҚОРҚАМЫН"

Уханьдағы қазақстандық студенттердің кейбіреуі вирустан "сақтану амалын жасап жатқанын" айтады. 2018 жылдан бері Уханьдағы Хубей университетінде оқып жүрген Ажар Нақыпбек вирус тарап жатқаны туралы бір ай бұрын естіпті.

- Әуелде адамдарда ешқандай қорқыныш болмады. Шетелдіктер де, қытайлар да бейқам жүрді. Біз де басында "қап, енді қайттік, қырылып қалатын болдық қой" деп әзілдесіп жүрдік. Бірақ соңғы күндері қатты шулап кетті бәрі. Енді сақтана бастадық. Үйден шықпаймыз. Бөлмені қайта-қайта дезинфекция жасап жатырмыз. Бір-бірімізбен кездескеннің өзінде маска тағамыз. Үйге келгенде бірден қол жуамыз. Бір нәрсе алып келсек, бірден жуамыз, - дейді ол.

"Вирусты жұқтырғанның көбі егде жастағылар екенін естідім" деген Ажар өзінің "қатты қорықпайтынын" айтады.

Вирус тарауына байланысты жабылған темір жол вокзалының алдында тұрған полиция қызметкерлері. Ухань, Қытай, 23 қаңтар 2020 жыл.
Вирус тарауына байланысты жабылған темір жол вокзалының алдында тұрған полиция қызметкерлері. Ухань, Қытай, 23 қаңтар 2020 жыл.

Қаңтардың 22-сіне Қытай ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы вирустан 26 адамның қаза болғаны туралы мәлімет таратты. Комиссия дерегінше, коронавирус қоздырған аурудан көз жұмғандардың ең жасы – 48, ең үлкені – 89 жаста. "Қайтыс болғандардың көбі – түрлі созылмалы ауруға шалдыққан қарт кісі" дейді комиссия.

Ажардың сөзінше, Уханьдағы студенттер мен қызметкерлердің көбі Қытайда қаңтардың 25-інде басталып, екі аптадай тойланатын жергілікті жаңа жыл мерекесіне орай қала жабылмай тұрып, үйлеріне қайтып кеткен. "Сондықтан бұрын иін тіресіп өтетін көшелер қазір қаңырап қалды" дейді студент. Оның сөзінше, қала ішінде де сақтық шаралары күшейген.

- [Арнайы формадағы адамдар] супермаркетте әлдене шашып жүреді. Осындағы таныстарымнан "қала үстінен тікұшақ та әлдене себеді" деп естідім. Дүкендердің ішінде хлорға ұқсайтын иісі шығады. Университеттегі мұғалімдеріміз "сағат 17.00-21.00 аралығында қаладан бір нәрсе сатып алсаңдар, міндетті түрде қайта-қайта жуыңдар" деп ескертті, - дейді ол.

Ажар университет мұғалімдері өздеріне вирус жайлы түрлі ақпарат жіберіп тұратынын, оқу жетекшілері күн сайын жағдайын сұрап жазатынын айтады.

- "Дене қызуың қанша?" деп сұрайды. Күнде ақпарат жіберіп тұрамыз. "Міне, осы жерде жүрмін, дене қызуым осынша" деп жазып жібереміз, - дейді ол.

Уханьдағы ауруханалардың бірінде. Қытай, 22 қаңтар 2020 жыл.
Уханьдағы ауруханалардың бірінде. Қытай, 22 қаңтар 2020 жыл.

Ажардың сөзінше, Уханьнан жеңіл көлікпен шығып, Қазақстанға басқа қалалар арқылы ұшқандар бар. Бірақ ол өзінің "қайтқысы жоғын" айтады.

- Үйдегілер даурығып, "қайт та қайт" деп жатыр. Бірақ мен үйге барсам вирус таратушы боламын ба деп қорқып отырмын, - дейді студент.

Үйге барсам вирус таратушы боламын ба деп қорқып отырмын.

Ажардың сөзінше, Қазақстан елшілігінің өкілдері "эвакуация басталса керек болады" деп студенттердің деректерін алдыртқан.

Елшіліктің сондағы қазақстандықтар туралы ақпарат сұратқанын бір жылдан бері Уханьдағы компанияның бірінде менеджер болып істейтін Игорь Шпырёв те растады.

- Төрт күн бұрын елшілік Ухань аумағында оқитын, тұратын, жұмыс істейтін азаматтар туралы ақпарат сұратты. Бірақ қаланың өзі мейрам қарсаңында босап қалған. Бізді де жұмыстан үкімет қаулысына байланысты ерте жіберді, - дейді Игорь.

ҚАЗАҚСТАН СТУДЕНТТЕРДІ ЭВАКУАЦИЯЛАЙ МА?

Қаңтардың 23-і күні Нұр-Сұлтанда Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Жандарбек Бекшин брифинг өткізіп, эвакуация мәселесіне қатысты жауап берді.

- Вирус ошағынан шығуға болмайды. Ереже – сол. Ондағы студенттерді Қазақстанға сау екендеріне көз жеткізген соң алдыруымыз керек. Вирус жұқтырған адам сол жерде қалып, сонда емделуі тиіс, - дейді Бекшин.

Министрлік: Вирус ошағынан қазақстандықтарды шығару мүмкін емес

Министрлік: Вирус ошағынан қазақстандықтарды шығару мүмкін емес
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:00 0:00


Сыртқы істер министрлігінің өкілі Азаттыққа "Қытайдағы қазақстандық студенттердің жағдайы бақылауда" деп мәлімдеді.

- Бұл жағдай сыртқы істер министрлігінің ерекше бақылауында. Уханьда қалып қойған барлық студентпен байланыс орнатылған. Вирус жұқтырғандар арасында қазақстандықтар жоқ, - деді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров Азаттыққа.

"БЕЙМӘЛІМ" ВИРУС

2019-nCoV деген ат берілген вирус – бұған дейін ешбір адамда анықталмаған коронавирустың бір түрі. 2000 жылдары 800-дей адамды мерт қылған Sars вирусы да осы коронавирустың бір түрі еді.

Вирус Уханьдағы теңіз өнімдері базарынан тараған. Кейбір ақпарат құралдарының жазуынша, базар қаңтардың 1-інде жабылғанға дейін онда теңіз өнімдері ғана емес, жарқанат, тауық, қоян мен жылан заңсыз саудаланып келген. Қаңтардың 22-сі күні "Медициналық вирусология" журналында зерттеу жариялаған ғалымдар "вирустың жыланнан тарағанын" жазды. Мұны растайтын не жоққа шығаратын зерттеулер әлі жарияланбады.

Темір жол вокзалының алдында такси күтіп тұрған адамдар. Ухань, Қытай, 23 қаңтар 2020 жыл.
Темір жол вокзалының алдында такси күтіп тұрған адамдар. Ухань, Қытай, 23 қаңтар 2020 жыл.

Қытайдағы аурудың бақылау және алдын алу орталығының директоры Гао Фу "Вирус жануардан шығып, кейін адамға өткен болуы керек" дейді. Қытай билігі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирустың адамнан адамға жұғатынын растады. Бірақ оған да әзірге дәлел жоқ.

Коронавирустар 1960 жылдардан бері белгілі. Белгілері әдеттегі тұмауға ұқсайды: адам жөтеліп, ентігіп, қалтырайды, тыныс алуы нашарлайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа вирусқа байланысты жаһандық төтенше жағдай жариялау мәселесін әлі талқылап жатыр.

Кейбір мамандар вирусты жұқтырғандар санын Қытай билігі айтқаннан бірнеше есе көп деп санайды. Лондондағы Империялық колледж жанындағы инфекциялық ауруларды жаһандық сараптау орталығының есебінше, қауіпті вирусты жұқтырғандар саны 4 мыңға таяған.

Барлық елдің әуежайларында, соның ішінде Алматы мен Нұр-Сұлтанда да Қытайдан келетін жолаушыларды тексеріп жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Жандарбек Бекшин қаңтардың 23-і күні Нұр-Сұлтанда өткен брифингте Қазақстанға Қытайдан келгендер арасында дене қызуы жоғары және ауру белгілері бар адам болған жоқ деп хабарлады.


  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. 1975 жылы 16 желтоқсанда дүниеге келген. 1996 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

  • 16x9 Image

    Аян ҚАЛМҰРАТ

    Аян Қалмұрат - Азаттықтың Алматы бюросында 2017 жылдан бері тілші. Тұран университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұрындары 7kun.kz ақпарат агенттігі мен "Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"Митингіге үндеген" мұғалім жұмыссыз қалып, әскерге шақырылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:19 0:00
XS
SM
MD
LG