Accessibility links

Вакцина салдыруға қарсы ата-ана көбейген


Екпе салғалы тұрған дәрігер. (Көрнекі сурет).
Екпе салғалы тұрған дәрігер. (Көрнекі сурет).

Қазақстанда баласына вакцина салдыруға қарсылық білдірген тұрғындар саны бір жылдың ішінде шамамен екі мың адамға артқан. Мамандар екпе салдырудан бас тарту адам өміріне қатерлі дертке себеп болуы мүмкін екенін ескертеді.

ЕКПЕ САЛДЫРУҒА ҚАРСЫЛАР

Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданының тұрғыны Сұңғат Төрегелдиевтің отбасындағы бес баланың үлкені 12 жаста, кенжесі – екіде. Бес уақыт намаз қаза етпейтін Сұңғат соңғы кездері балаларына екпе салдырудан бас тартқан. Оның себебін «мүгедек болып қала ма деп қорқамын» түсіндіреді.

- Әркімнің организмі әртүрлі. Иммунитеті әлсіз болса екпені бала көтере алмай қалады. Дәрігерлер айта береді. Ата-бабаларымыз бұрын екпе салдыру былай тұрсын, көрмеген ғой. Сонда да денсаулығы мықты, өмір жасы ұзақ болған, - дейді Сұңғат Төрегелдиев.

Шымкент тұрғыны Шарайна Тәжиеваның екі және төрт жастағы екі қызы бар. Ол екі қызы да әлсіз болғандықтан вакцина салдырудан бас тартқанын айтады.

- Қыздарым аурушаң. Суық тиіп жөтелсе, мұрнынан су ақса дене қызуы көтеріліп кетеді. Әр екпеден кейін дене қызуы көтерілетінін білгендіктен көтере алмай қиналып қала ма деп қорқам, - дейді ол.

Шымкенттік Мөлдір Ысқақова үш жарым жасар баласына тек перзентханада туберкулез бен гепатитке қарсы вакцина салдырыпты. «Балам кішкентайынан неврологиялық аурумен ауырды. Екпе салдыруға әкесі де қарсы болып жатыр. Егер балам толық айығып кетсе, екпе салдыртамыз» дейді ол.

Азаттық тілшісі баласына вакцина салғызуға қарсы бірнеше ата-анамен сөйлесіп көрді. Кейбірі екпеден бас тартуының себебін «діни сенімге» байланысты десе, енді біреулері «баланың денсаулығына еш зияны жоқ екеніне көз жеткізсе екпеге келісетіндерін» айтты.

«ВАКЦИНА ҚАУІПТІ ДЕРТТІҢ АЛДЫН АЛАДЫ»

Денсаулық сақтау министрлігінің бас сарапшысы Нұршай Әзімбаева елде баласына вакцина салдыруға қарсы ата-ана саны артып келе жатқанын айтады. Маманның сөзінше, 2016 жылы елде баласына екпе салдыруға қарсылық танытқандар он мыңға толмаса, 2017 жылы ондайлардың саны 12800-ге жеткен.

Нұршай Әзімбаева, Денсаулық сақтау министрлігінің бас сарапшысы. Шымкент. 16 наурыз, 2018 жыл.
Нұршай Әзімбаева, Денсаулық сақтау министрлігінің бас сарапшысы. Шымкент. 16 наурыз, 2018 жыл.

- Алдын ала екпе салу адамды мүгедек болудан сақтап қалады. Екпе салдыртпағандардың денсаулығы әлсіз, түрлі инфекцияларға бейім болады. Мысалы, өткен жылы Ақтөбе облысында ит қауып алған 20 жастағы жігіт қайтыс болды. Ол кезінде құтыруға қарсы екпе салдырмаған екен. Наурыза Ақтөбеде бір адам сіреспе ауруына шалдығып, қайтыс болды. Оның да екпе алмағаны анықталды, - дейді Нұршай Әзімбаева.

Оның айтуынша, Қазақстанда екпеден бас тартқан ата-аналардың көбі Оңтүстік Қазақстан облысы, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелген.

Оңтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Жұмағұл Медетовтің айтуынша, облыста ата-аналары вакцина салдырудан бас тартқан балалардың көбі 2-5 жас аралығында. Екпеден бас тартқан ата-аналардың 64 пайызы "түрлі діни ағым ықпалына" түскен дейді шенеунік.

Жұмағұл Медетов, Оңтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары. 16 наурыз, 2018 жыл.
Жұмағұл Медетов, Оңтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары. 16 наурыз, 2018 жыл.

- Облыста 14 жасқа дейінгі бала саны – 997 мың. Соның ішінде 1231 баланың ата-анасы вакцина егуден бас тартып отыр, - дейді ол.

Медетов түрлі дертке қарсы вакцина салдырудан бас тартудың салдары адам өміріне үлкен қауіп төндіретінін ескертеді.

- Бүгінде облыста 21 инфекцияға қарсы екпе салынады. Кей тұрғындар жеке бас тазалығы сақталса екпенің қажеті жоқ деп ойлайды. Бұл - қате пікір, - дейді Жұмағұл Медетов.

​Облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының өкілі Дәулет Баққараевтың сөзінше, «дін екпеге тыйым салмайды».

- Кей ата-аналар екпе салдыру - харам деп есептейді. Кез-келген дін екпеге қарсы емес, - дейді маман.

Дәулет Баққараев, Оңтүстік Қазақстан облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының өкілі. Шымкент. 16 наурыз, 2018 жыл.
Дәулет Баққараев, Оңтүстік Қазақстан облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының өкілі. Шымкент. 16 наурыз, 2018 жыл.

Дінтанушы Досай Кенжетай қазіргі заманда түрлі ауруға қарсы екпе салдыру мәселесіне діни өлшеммен емес, ғылыми таным тұрғысынан қарау керек деп санайды.

- Сенім-нанымды себеп етіп екпе салдырудан бас тартуға болмайды. Себебі, баланың денсаулығына ата-ана ғана емес, мемлекет те жауапты. Ғылыми танымның айтқандарын орындауға ата-ана да, бүкіл қоғам да міндетті, - дейді ол.

ВИДЕО: Мамандар пікірі

Вакцина салдыруға қарсы ата-ана көбейген
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:34 0:00

XS
SM
MD
LG