Accessibility links

Емдеу жақсарғанымен, дертті жұқтыратындар көп


Дәрігер науқас өкпесінің рентген суретін қарап отыр. (Көрнекі сурет.)

Қыркүйектің 26-сы күні Нью-Йоркте БҰҰ ұйымдастыруымен алғаш рет "Туберкулезді жою үшін тізе қосу" атты халықаралық жиын басталды. Ұйым әлемде туберкулезден көз жұматындар саны азаймай тұрғанына алаңдайды. ДДҰ Қазақстанда туберкулезді емдеу жақсарғанын атап өткенімен елде бұл дерттің деңгейі әлі "эпидемиялық жағдайда" қалып отыр.

Алматылық Раушан Жетеева 25 жасында туберкулездің ашық формасына шалдыққан. Оқуын бітіріп, жақсы жұмысқа орналасып, тұрмысқа шыққан ол бұл дерттің қайдан жұққанын білмейді.

- 2005 жыл еді. Алғаш естігенде сенбедім. Қарапайым тұмау тиді деп жүре бердім. Мүлдем басқа жоспарларым бар еді, үйлену тойына дайындалып жүргенбіз. Кейін ақылға салып, қанша қиын болса да, жақындарым да жұқтырып алмасын деп ашық айтуға тура келді. Осының кесірінен күйеуімнің отбасы менен теріс айналып, сырттай түскен оқуым аяқталмай қалды, - дейді ол.

Ауылдағы дәрігерлік амбулатория дәрігері науқастың қан қысымын тексеріп отыр. Алматы облысы, 26 сәуір 2017 жыл. (Көрнекі сурет.)
Ауылдағы дәрігерлік амбулатория дәрігері науқастың қан қысымын тексеріп отыр. Алматы облысы, 26 сәуір 2017 жыл. (Көрнекі сурет.)

Раушан сегіз ай ауруханада жатқан. Ал жалпы бұл дерттен екі жыл емделген.

- [Ауруханаға] туберкулездің ашық формасымен түстім. Алғашқы алты айда мені мүлдем басқа жүйемен емдеді. Кейін анализдер менің туберкулездің "кей дәріге бой бермейтін" түріне шалдыққанымды көрсетті. Сөйтіп емімді өзгертуге тура келді. Туберкулез таяқшаларының жағдайын анықтайтын сараптаманың өзі ұзақ уақыт алды. Ал қазір оны қысқа мерзімде анықтайтын аппараттар бар. Мен ауырған кезде ондай аппарат болмаған, - деп еске алады Раушан.

"ҮНЕМІ ҮРЕЙДЕ ЖҮРЕСІҢ"

Қазақстанда туберкулез дертінен емделу тегін. Алдымен ауруханада, кейін тұрғылықты жеріндегі емханаларда бірнеше жылға дейін бақылауда болды. Аурудың формасына қарай науқасқа "мүгедектігі бар" деген диагноз қойылып, толық айыққанша 36 мың теңге көлемінде жәрдемақы беріледі.

- Дәрі-дәрмек жеткілікті. Тек білікті фтизиатр (туберкулез емдейтін дәрігер – ред.) маман тапшы. Туберкулезге шалдыққан адамның қоғамға, өз ортасына қайтып оралуы қиын. Екі жыл өте ұзақ мерзім, бірнеше ай ауруханада жатасың, саған "ауру жұқтырып алмаймын-ау" деген ең жақындарың ғана келеді. Ауруханадан шыққаннан кейін де "біреу біліп қойса қайтемін, сұраса не деймін" деп үнемі үрейде жүресің, - дейді ол.

Ақтөбедегі облыстық туберкулез диспансерінің сыртқы көрінісі. 14 наурыз 2013 жыл.
Ақтөбедегі облыстық туберкулез диспансерінің сыртқы көрінісі. 14 наурыз 2013 жыл.

Қазір Раушан туберкулезге шалдығып, амбулаториялық ем қабылдап жүргендерге көмектесу үшін құрылған "Санат әлемі" қоғамдық қорында психолог болып қызмет етеді. Жұмыс барысында қоғамда бұл дерттен шошитындар әлі көп екенін түсінген.

- Бізге келетін кейбір науқастар өз-өзіне қол жұмсауға дайын халде болады. Ерлі-зайыптылар ажырасып, тіпті кейбір ата-ана баласынан бас тартып жатады. Өте өкінішті. Бұл дұрыс әрі шынайы ақпараттың аздығынан болып жатыр. Көпшілік арасында "туберкулез – жұқпалы ауру, ол жұғып кетсе мен өліп қаламын" деген ой қалыптасқан. Мен амбулаторлы ем қабылдап жүргенде қайтыс болған апамның асына бардым. Мені көрген туыстарымыздың бірі қолындағы баласымен бір сәт маған қарап тұрды да, кері бұрылып кетіп қалды. Осы сәттегі үнсіздік менің көңілімде мәңгі қалды. Әрине оны түсінемін. Ол жұқтырып аламын деп қорықты. Бірақ туберкулезге шалдығып, ем қабылдап жүрген адам алғашқы екі аптадан соң қоршағандарға еш қауіпті емес, ауыруды жұқтырмайтынын ғалымдар дәлелдеген. Бастысы – адамның уақытылы емін жүргізіп, дәрісін қабылдап жүруі керек. Дегенмен көпшілік әлі ол қорқады, - деді Раушан Жетеева.

"ҚАЗАҚСТАНДА ЭПИДЕМИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ"

Алматыдағы Ұлттық ғылыми фтизиопульмонологиялық орталығының дерегінше, Қазақстанда соңғы 10 жылда туберкулезге шалдыққандар саны екі жарым есеге, ал осы дерттен өлім-жітім алты есеге азайған.

- 2018 жылдың сегіз айындағы көрсеткіш бойынша туберкулезге шалдыққандар тоғыз жарым пайызға азайған. Республика бойынша биылғы сегіз айда 6193 науқас тіркелсе, былтыр 6615 адам тіркелген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау стандарттары бойынша 100 мың адамға шаққанда 50 науқас тіркелсе эпидемия болып саналады. Бізде өткен жылдары 100 мың адамға шаққанда 53 науқастан болса, қазір 49-ға түсті. Алда да түседі деген ойдамыз. Дегенмен ДДҰ стандарттарымен алсақ, бізде "эпидемия" десек те болады,- дейді орталық директорының орынбасары Қазима Қажикенова.


Қазақстанда туберкулезді алдын-алу және оны емдеу тегін. Елдегі бірнеше ауруханада туберкулездің түрі мен формасын бірнеше сағатта анықтайтын аппараттар бар да бар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) қыркүйектің 17-сі жариялаған есебі бойынша, Қазақстан "түрлі дәріге бой бермейтін туберкулез" дертіне шалдыққандар саны бойынша алғашқы 20 елдің қатарында қалып тұр, бірақ емдеу тиімділігі бойынша 70 пайыздан астам көрсеткішке қол жеткізген бес елдің бірі. Ұйым Қазақстанның туберкулездің "түрлі дәріге бой бермейтін түріне" шалдыққан сырқаттардың 82 пайызын емдеп жатқанын атап өткен.

"Аман-саулық" қорының жетекшісі Бақыт Түменованың сөзінше, Қазақстанда туберкулездің алдын-алу мен оны емдеуге жағдай жасалған. Бірақ жұқтыру мен таралу азаймай тұр.

"Аман-саулық" қорының жетекшісі Бақыт Түменова.
"Аман-саулық" қорының жетекшісі Бақыт Түменова.

- Біріншіден, туберкулезді кедейлердің ауруы деп бекер айтпайды. Туберкулездің деңгейімен мемлекеттік экономикалық әлеуметтік деңгейін де аңғаруға болады. Әлеуметтік жағдайы төмен адам немесе базарда күннің суығында сауда жасайтындар қайда барып тексеріледі, қайдан дұрыс тамақтанады? Екінші себеп – өзінің денсаулығына үстірт қарау, уақытылы дәрігерге бармау, жыл сайын флюорографиядан тегін өтетін мүмкіншілікті пайдаланбау. Туберкулезге шалдыққандарды міндетті түрде оқшаулау қажет емес. Олар формасына қарай стационарда да емделе алады. Бірақ бұл жағдайда жақындарының денсаулығына науқастың өзі жауапты. Емі мен жұқтырып алмаудың барлық шараларын жасауы тиіс, - дейді Бақыт Түменова.

ДДҰ есебінше, 2017 жылы әлемде шамамен 1,3 миллион адам туберкулезден көз жұмған. 2017 жылдың есебі бойынша қазір бұл дертке 10 миллион адам шалдыққан. Оның бір миллионы – балалар.

Мамандардың сөзінше, туберкулез таяқшаларының кез-келген адамда болуы мүмкін. Ол тек иммунитет әлсірегенде күшейеді. Сондықтан дәрігерлер туберкулездің алдын-алу үшін дұрыс тамақтанып, таза ауада серуендеп, салауатты өмір салтын ұстануға кеңес береді.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG