Accessibility links

Түркістан облыстық сотының судьясы жемқорлық күдігімен ұсталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Түркістан облысы сотының судьясы Әшірбек Рахымбаев "пара алған" деген күдікпен ұсталғаны туралы 4 ақпанда Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) ресми өкілі Аркен Әбдуғали хабарлады.

Әбдуғалидың айтуынша, 31 қаңтарда Рахымбаевты ҰҚК мен Жоғарғы соттың ішкі қауіпсіздік қызметі бірлесіп ұстаған. Облыстық соттың судьясы сотталушының жазасын жеңілдету үшін "пара алды" деген күдікке ілінген. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің "Пара алу" бабымен іс қозғалып, тергеу амалдары басталған. ҰҚК "күдікті өз кінәсін толық мойындады" деп хабарлады.

ҰҚК ақпаратында пара сомасы айтылмайды. Түркістан облыстық сотының дерегінше, 1959 жылы туған судья Әшірбек Рахымбаев 1996 жылдан бері облыстық соттың судьясы болып жұмыс істейді.

Бұған дейін, 30 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының шешімімен "пара алды" деген күдікпен ұсталған Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының төрағасы қамалған.

Қазақстанда жемқорлық айыбымен шенеуніктер жиі сотталады, алайда көп жағдайда олар амнистиямен босатылады. Қазір билік жемқорлықпен сотталғандарды шартты жазамен босатуға шектеу қою жағын қарастырып жатыр.

Transparency International ұйымының 2020 жылы жарияланған жемқорлық индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 113-орында (неғұрлым көп болса, соғұрлым нашар) тұр.

2019 жылы қарашада жемқорлық қылмысына айыпты деп танылған Алматының Медеу аудандық сотының бұрынғы судьясына 116 мың доллар көлемінде айыппұл салынған.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дерегінше, былтыр Қазақстанда судьялардың үстінен 11 қылмыстық іс қозғалған, алты іс сотқа жіберілген. Күдікке ілінген судьялар Қостанай, Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істеген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG