Accessibility links

Ақтөбеде cтуденттер пышақтасып, біреуі ауруханаға түсті


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

7 ақпанда Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті жанындағы колледждің студенті пышақ жарақатымен ауруханаға түсті. Жәбірленушінің жасы - 18-де. «Адам өлтіруге оқталды» деген айыппен осы колледждің 17 жастағы студенті ұсталды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

- Ауруханаға ауыр халде жеткізілген 2003 жылғы пациентке операция жасалып жатыр. Денесінде пышақ жарақаты көп. Кеуде қуысы мен белінде жарақаты бар. Өзге ақпарат бере алмаймыз, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Студенттердің пышақтасуы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінде бірінші рет болып отырған жоқ. Бейсенбі, 6 ақпанда осы университеттің 19 жастағы студенті пышақ жарақатымен жедел жәрдем ауруханасына түскен болатын. Дәрігерлердің мәліметінше, сол жақ өкпесінің тұсында пышақ жарақаты бар студентке операция жасалған. Қазір жағдайы тұрақталған.

Полиция 6 ақпан күні университет жатақханасының артына жиналып төбелескен студенттердің аты-жөні анықталғанын хабарлайды. Бірақ «пышақ жұмсаған» күдікті әлі ұсталмаған.

Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында оқушылардың аудан-ауданға бөлініп төбелесуі жиіледі. Неге?

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG