Accessibility links

Ақтөбе облысында оқушылардың аудан-ауданға бөлініп төбелесуі жиіледі. Неге?


Көрнекі сурет.

Ақтөбе облысында жасөспірімдер төбелесіп, Шалқар қаласындағы мектептің 9-сынып оқушысы пышақталды. Қазір ол ауруханада хал үстінде жатыр. Өңірде оқушылардың аудан-ауданға бөлініп төбелесуі жиілеген. Сарапшылар оның тенденцияға айналып бара жатқанына алаңдайды.

ШАЛҚАРДАҒЫ ТӨБЕЛЕС НЕДЕН ШЫҚТЫ?

Ақтөбе облыстық білім басқармасының дерегінше, қаңтардың 27-сі күні түстен кейін Шалқар қаласындағы Әліби Жангелдин атындағы мектепте дебат болып, кейін осы мектептің жоғарғы сынып оқушылары мен №2 мектеп-гимназия оқушылары теміржолға жақын маңдағы тасалау жерге барып шекіскен. Төбелес барысында 9-сынып оқушысы пышақталған.

Әліби Жангелдин мектебі орналасқан ауданның ел арасындағы бейресми атауы – "Селивановка". Ал №2 мектеп-гимназия Шалқардың "Көл жақ" деп аталатын бөлігінде орналасқан. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың сөзінше, "көл жақтағы" №2 мектептің алты оқушысы "Селивановкадағы" мектептің 9-сынып оқушысы Еркебұлан Дәрібаевты пышақтады деген күдікке ілінген.

Ақтөбе облысы Шалқар қаласындағы №2 мектеп-гимназия.
Ақтөбе облысы Шалқар қаласындағы №2 мектеп-гимназия.

Кейін полиция №2 мектептің 9-сынып оқушысының үстінен "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Күдікті үйқамаққа алынды. Полиция тергеу құпиялығын алға тартып, төбелестің неден шыққаны жайлы ақпарат бермеді.

Ақпаратқа қарағанда, пышақталып, іш құрылысы қатты зақымданған оқушы Еркебұлан Дәрібаевқа Ақтөбе қаласының дәрігерлері санавиациямен барып, операция жасаған. Дәрігерлер оның халі ауыр екенін айтады. Қаңтардың 29-ы күні науқасты санавиациямен Шалқардан Ақтөбе қаласындағы ауруханаға жеткізген.

- Үшкір зат 2004 жылы туған пациенттің асқазаны, бауыры мен қолқасының төменгі бөлігін жаралаған. Бала көп қан жоғалтқан. Ауруханаға жеткізілгенде ес-түссіз болған. Қаңтардың 28-і күні есін жиды. Бірақ жағдайы өте ауыр, - деп хабарлайды Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Өзін "Еркебұланның ағасымын" деп таныстырған азамат Азаттық тілшісіне "қазір бірдеңе айтатын жағдайда емеспіз" деді.

Ауруханада жатқан оқушы білім алып жүрген Жангелдин атындағы мектептің директоры Мұхтар Оңғаров Еркебұлан Дәрібаевты "оқу үлгерімі жақсы, тәртіпті бала" деп сипаттайды.

Шалқардағы шекіс – Ақтөбе облысында жастар арасында пышақ салумен аяқталған алғашқы төбелес емес.

2019 жылы қаңтардың 26-сі күні Шалқар қаласындағы мұз айдынында жасөспірімдер арасында төбелес болып, Ыдырыс Үргенішбаев атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Мирасбек Дәулетияр пышақталып, қаза болған еді. 2019 жылғы қазанда "Мирасбек Дәулетиярды өлтірді" деп айыпталған 17 жастағы мектеп оқушысын сот кінәлі деп танып, 9 жылға бостандығынан айырды.

2019 жылғы қарашада Ақтөбеде оқушылар тағы да аудан-ауданға бөлініп төбелесіп, қаладағы №61 мектептің оқушысы пышақталды. Көп қан жоғалтқан баланы қатарластары аурухана ауласына қалдырып кеткен. 9-сынып оқушысы сол жерде қайтыс болды. Ақтөбедегі колледждердің бірінде оқитын студент қылмысқа күдікті ретінде ұсталып, оның үстінен "Бұзақылық" және "Адам өлтіру" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу әлі жалғасып жатыр.

Осы оқиғалардан соң аймақтағы білім бөлімінің мамандары, мұғалімдер, қоғам белсенділері Ақтөбе облысында оқушылар арасында аудандарға бөлініп төбелесудің тенденцияға айналып бара жатқанына алаңдайды.

"ЕРЕСЕКТЕР БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАЙ АЛМАЙ ОТЫР"

Облыстағы "Бүркіт" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, отставкадағы офицер Серік Сағиев оқушылардың аудан-аудан, мектеп-мектепке бөлінгенінен бөлек, түрлі топтарға ұйымдасып, араларынан лидерлер мен көсемдер таңдай бастағанын айтады.

Ересектердің достық пейілін, қорғанын сезінбеген жасөспірім қоғамға қарсы күштердің ықпалына түседі.

- БАҚ құралдары мен интернетте "криминалды романтизм" көп насихатталады. Зорлық-зомбылықты насихаттайтын фильмдер де аз емес. Ең бастысы, біз, ересектер жағы балаларды қорғай алмай отырмыз. Сондықтан балалар криминалдан қорған іздейді немесе өзара күш біріктіреді. Мысалы, Ақтөбедегі колледждердің біріне оқуға түскен ауыл баласын алайықшы. Бейтаныс, кей жағдайда өшіге қарайтын жаңа ортада өзін қауіпсіз сезіну үшін бала жерлестерін жағалай бастайды. Бұл дұрыс емес. Қоғам баланы қорғауы керек. Ересектердің достық пейілін, қорғанын сезінбеген жасөспірім қоғамға қарсы күштердің ықпалына түседі. Үйінен пышақ ала шыққан балада біреуді өлтірейін, сотталайын деген ой болмайды. Ол қорғанайын деп ойлайды. Қазіргі қоғамда бала қауіпті өз түйсігімен сезінеді. Егер қауіп болмаса, олар қорғанбас та еді, - дейді ол.

Облыстағы мектептердің бірінде 40 жылдай сабақ берген мұғалім Марта Малайдарова ата-ана мен мектеп бала тәрбиесіне көп көңіл бөлуі тиіс деп санайды.

- Оқушы қолына бірден пышақ алмайды. Осы оқиғаның алдында балалар арасында қандай да бір кикілжіңнің болғаны айдан анық. Бірақ оған дер кезінде мән берілмеген, елеусіз қалған. Бала тәрбиесінде ұсақ-түйек деген болмайды. Баласы көшеден таяқ жеп келсе, кейбір ата-ана елемейді. Жылы жауып қоя салады. Олай етуге болмайды. Сол сияқты мектеп те, мұғалім де кез-келген кикілжіңге немқұрайды қарамауы керек, - дейді педагог.

"Ербақыт" спорт-патриоттық клубының жетекшісі, совет тұсында Ауғанстандағы соғысқа қатысқан Марат Қойлыбаев балалардың пышақ алып жүруін, бір-біріне аяушылық танытпауын отбасындағы тәрбиенің әлсіздігінен көреді.

- Қалтасына пышақ салып жүруді жасөспірімдер ерлік деп санайды. Өзіне сенімсіз, қорқақ адам ғана жұрттың бәрін жау көріп, күні бұрын қорғанып жүреді. Бала неге қорқақ әрі мейірімсіз болады? Өйткені ең алдымен өз отбасында мейірім мен тәрбие көрмейді. Әкесі "әлсіздерге қорған бол" деп айтпаған, анасының "айналайын" дейтін уақыты жоқ. Тәрбиесінде кінәрат бар балаға мектеп те, полиция да көмектесе қоюы екіталай. Баланың болмысындағы бұзақылық сыртқа шығатын қолайлы сәтті іздеп тұрады. Сосын ол өзіндей балаға пышақ салады, аяусыз өлтіреді. Мен соғыс көрген адаммын. Қарсы алдыңда қас дұшпаның тұрса да шүріппені басу оңай емесін жақсы білемін, - дейді ол.

Шалқар ауданы білім бөлімінің басшысы Абзал Әбдіков жасөспірімдер қылмысын, аудан-ауданға бөлініп төбелесуін алдын алу үшін жан-жақты жұмыс істеп жатқандарын айтады. Сөзінше, мектептерде әкелер кеңесі құрылған. Оқушылар тегін спорт секцияларына барады.

Ақтөбелік әлеуметтанушы Алтай Тайжанов оқушылардың төбелесіне тосқауыл қою үшін идеологиялық жұмысты күшейтуді ұсынады.

Ақтөбелік әлеуметтанушы Алтай Тайжанов.
Ақтөбелік әлеуметтанушы Алтай Тайжанов.

- Қай заманда да жастар – тәрбие мен білім берудің объектісі. Ал қазіргі білім беру саласының кемшін тұстары көп. Ата-анасы жұмысбасты. Көшедегі бұзақының бәрін спорт түзей алмайды. Керісінше, спортқа барғандар өзін басқадан үстем көріп, өзгелерге күш көрсетуі мүмкін. Сондықтан бізді тек спорт секциялары құтқарады деу қате, мемлекетке біртұтас идеология керек, - дейді әлеуметтанушы.

Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова қазір облыста оқушылар арасындағы төбелестің, қылмыстың алдын алу үшін мектептердің жарлығын өзгерткенін, тағы басқа бірнеше шара қабылданғанын айтады.

Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.
Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

- Мектеп жарғысына "оқушы үшкір, кескіш заттарды ұстамауы керек" деген бап енгізілді. Ата-аналарды кезекшілікке тарту, оларды құқықтық ақпараттандыру, мектепте әр салада жетістікке жеткен танымал азаматтармен кездесулер ұйымдастыру – осының бәрі облыстағы орта білім беретін мекемелерде үздіксіз жүргізіледі. Ал құқық бұзушылықтың алдын алудың жаңа алгоритмі деп қала мектептерінің кіреберісіне орнатылған турникеттерді атар едім. Турникеті бар мектеп оқушыларының қашан келіп, қашан кеткені ата-аналарының қалта телефонына SMS түрінде жіберіледі. Әзірше мұндай турникеттер қала мектептерінде ғана бар, - дейді білім басқармасының өкілі.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019 жылы аймақта жасөспірімдер 131 қылмыс жасаған.


  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. 1975 жылы 16 желтоқсанда дүниеге келген. 1996 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"Халыққа 42 500 теңгеден гөрі вирус қауіпті екенін түсіндіру керек"
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:07 0:00
XS
SM
MD
LG