Иран Тегеран маңында атып түсірілген украиналық Boeing-737 жолаушылар ұшағының қара жәшігінің шифрін анықтауға техникалық мүмкіндігі жоқ екенін мойындады. NBC телеарнасына берген сұхбатында Иранның сыртқы істер министрі Мұхаммад Жавад Зариф осылай деді.
8 қаңтарда Тегеран әуежайынан ұшып шыққан украиналық Boeing-737 жолаушылар ұшағы әуеде атып түсірілген еді. Ұшақ бортында болған 176 адамның барлығы қаза болды. Иран билігі ұшақты әуе шабуылынан қорғану жүйесі қателесіп атып түсіргенін мойындады.
Басында Тегеран апатты халықаралық сарапшылармен бірге зерттеуге келіскен, бірақ қазір қара жәшікті басқа елге беруден бас тартып отыр. Дегенмен қара жәшіктегі ақпаратты алу үшін Иранға америкалық компанияның техникалық құжаттары мен программалық жабдықтаулары керек. Зарифтің сөзіне қарағанда Иран шифрді ашу үшін көмек сұрағанмен компания бас тартқан.
Оқи отырыңыз: Иранның ұшақ апатын мойнына алуы халықты шеруге шығарды
8 қаңтарда ұшақ апатынан азаматтары қаза тапқан бес мемлекет Ираннан қара жәшікті беруді талап еткен. Зарифтің пікірінше, Иранның апатты өз бетінше зерттеуге және қара жәшікті бермеуге толық құқығы бар.
ПІКІРЛЕР