Accessibility links

Түркістан соты министр Абаевтың апелляция шағымын қанағаттандырмады


Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев

17 ақпан күні Түркістан облыстық соты ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың Қазығұрт ауданы тұрғыны Зүлфия Төребекованың үстінен түсірген апелляция шағымын қанағаттандырмады.

Былтыр жазда министр Абаев Қазығұрт ауданының тұрғыны Зүлфия Төребекованы Қылмыстық кодекстің 131-бабы ("Қорлау") бабы бойынша сотқа берген. Төребекова тағылған айыпты мойындамаған.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019 жылдың 13 тамызында Қазығұрт аудандық соты Төребекованы Қылмыстық кодекстің "Қорлау" бабы бойынша кінәсіз деп танып, ақтаған. Кейін Абаевтың өкілдері апелляция шағымын берген. Облыстық сот аудандық соттың үкімін күшінде қалдырып, министр Абаевтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.

Төребекованың сөзінше, ол 2019 жылы 27 қаңтарда Facebook парақшасында "ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев коррупционер!" деп жазба қалдырған. Кейін Абаев "ар-намысы мен қадір-қасиетіме дақ түсірді және іскерлік беделіме нұқсан келтірді" деп сотқа арызданған. Министр арызында "бұл – мәлімдеме негізсіз және әдейі, көпе-көрінеу жалған ақпарат" деп көрсеткен.

Абаевтың адвокаты Сәртехан Сәбиров облыстық соттың шешіміне байланысты министрдің рұқсатынсыз комментарий бере алмайтынын айтты.

Апелляция сотының отырысына Абаевтың өзі келген жоқ. Процеске адвокаты қатысты.

Қазақстанда бұған дейін де шенеуніктер тұрғындарды, блогерлерді, журналистерді "Жала жабу" және "Қорлау" баптарымен сотқа берген.

Қазақстанда құқық қорғаушылар, халықаралық ұйымдар мен заңгерлер "билік өкілдері Қылмыстық кодекстегі "Жала жабу" және "Қорлау" баптарын өзіне жақпаған белсенділерді және журналистердің аузын жабуға қолданады" деп алаңдаушылық білдірген.

Осыған дейін адвокаттар мен құқық қорғаушылар биліктен "Жала жабу" және "Қорлау" баптарын Қылмыстық кодекстен алып тастауды сұраған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев даулы екі баптың Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстырылатынын айтқан. Бірақ әзірге ешқандай өзгеріс болған жоқ.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG