Accessibility links

Сот шешіміне наразылар Тұрғымбаевтың "Нұр Отандағы" қабылдауына кіре алмады


Сот шешіміне наразылар "Нұр Отан" партиясының кеңсесінде отыр. Нұр-Сұлтан, 19 ақпан 2020 жыл.

19 ақпанда сот шешімдеріне наразы бірнеше адам Нұр-Сұлтандағы "Нұр Отан" партиясының кеңсесінде қоғамдық қабылдау өткізген ішкі істер министрі Ерлан Тұрғамбаевпен кездесуге барып, кіре алмады. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Министр Тұрғамбаевпен кездесуге келгендер "Нұр Отан" партиясы кеңсесінің дәлізінде "Тұрғымбаев!", "Тұрғымбаев бес минутқа шық!" деп айқайлап тұрды. Бірақ оларға министр шыққан жоқ.

Белсенді Раиса Дүйсембаева Азаттыққа министрге бір ғана талаппен келгендерін айтты.

- Біз қамаудағы Санавар Закированы, Мәдина Көкетаеваны бүгін босатуды талап етеміз. Қолымызда олар туралы жазылған арызымыз бар, министрге соны айтқымыз келеді, - деді ол.

Дүйсембаеваның сөзін қоштаған маңындағылар қамаудағы Закиров мен Көкетаеваның (екеуі 17 ақпанда Ақордаға барып, наразылық шарасын өткізбек болғанда ұсталған. 18 ақпанда олар "полицияға бағынбады" деген айыппен бес тәулікке қамалған) денсаулығына алаңдайтындарын айтты.

"Нұр Отан" кеңсесіне келгендер министр Тұрғамбаевтың қай жақтан шығып кеткенін білмей қалғандарын айтты. Қазақстанның әр аймағынан жиналған сот үкіміне наразылар "Нұр Отан" кеңсесінде "халықты тыңдамайтын министрдің керегі қанша, отставкаға кетсін" деп айқайлады.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденов миниcтрді күтіп отырғандарға келіп, олардың сауалына бір тәуліктен соң жауап беретінін айтты.

17 ақпанда Үкімет үйінің жанына үлескерлер, көп жылдан бері несие өтей алмай жүрген борышкерлер, мүгедек баласы бар әйелдер және сот шешіміне наразылар жиналып Ақордаға бармақшы болған еді. Полиция қызметкерлері оларды президент резиденциясына жақындатпай, жолын бөгеген болатын. Қарсылық акциясына шыққандар Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен және оның қызы, парламент сенатының спикері Дариға Назарбаевамен кездестіруді талап еткен. Сол күні полиция ипотека борышкерлерінің жетекшісі Қанағат Тәкееваны, сот шешімдеріне наразы топтың жетекшісі Санавар Закированы және олармен бірге қарсылық акциясына шыққан Алматы тұрғыны Мәдина Көкетаеваны полиция басқармасына алып кетіп, кейін әкімшілік сот шешімімен "полиция жұмысына кедергі келтірді, бағынбады" деп 5 тәулікке қамаған.

Сот шешіміне наразылар 2019 жылдан бері шағымданып, биліктен сот үкімдерін қайта қарауды талап етіп жүр. Олар былтырғы мамыр, маусым айларында "Нұр Отан" ғимаратына жиналып, мәселесін қарайтын комиссия құруды талап еткен. Наразылар сол кездегі президентке кандидаттыққа түсіп жатқан Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуді талап етіп, ол жолы да бірсыпыра адам партияның ғимаратында қонып қалған еді. Олармен "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев кездесіп, арнайы комиссия құрылады деп уәде еткенмен, президент сайлауынан соң тыныш қалған.

Биыл 10 ақпаннан бері сот шешіміне наразы топ талаптарымен «Нұр Отан» партиясына және Жоғарғы сотқа барған. Жоғарғы сот я "Нұр Отан" тарапынан наразыларға жауап болған жоқ.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG