Accessibility links

Шымкент, Атырау және Ақтауда белсенділер "рұқсатсыз митингіге шықты" деп қамалды


Шымкенттік белсенді Нұрлан Сыздықбек (ортада) наразылық білдіріп тұр. Шымкент, 3 ақпан 2020 жыл.
Шымкенттік белсенді Нұрлан Сыздықбек (ортада) наразылық білдіріп тұр. Шымкент, 3 ақпан 2020 жыл.

19 ақпанда Шымкент қалалық әкімшілік соты белсенді Нұрлан Сыздықбекті "бейбіт митинг өткізу заңын бұзды" деп он тәулікке қамады. Бұл ақпаратты Азаттыққа қалалық соттың баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенби растады.

Нұрлан Сыздықбек 5 ақпанда ақ қағаз киіп, оған "Қазақстанның 1993 жылғы Конституциясы қайтарылсын!", "Қауіпсіздік кеңесі таратылсын!", "Назарбаев кет!" деп жазып, билікке қарсы пикетке шыққан. Ол осы наразылық шарасы үшін жауапқа тартылды. Сот бұл акцияны "биліктен рұқсат алмағандықтан" заңсыз деп тапқан.

Осы күні Түркістан облысы Ордабасы аудандық соты Нұрлан Сыздықбектің ағасы Сәбит Сыздықбекті "заңсыз митингіге шақырды" деп, 7 тәулікке қамады. Ол жазасын Түркінстандағы қамау мекемесінде өтейді. Сәрсенбіде полиция Сәбит Сыздықбекті "Facebook парақшасында жұртты 22 ақпан күні Шымкенттегі Тәуелсіздік саябағында митингіге келуге шақырғаны" үшін әкімшілік хаттама толтырып, Ордабасы аудандық сотына алып барған.

19 ақпанда Атырау қаласының әкімшілік соты қала тұрғыны Әлібек Мұсаұлын "бейбіт митингіге шығу заңын бұзды" деп айыптап, 5 тәулікке қамады. Бұл туралы Атырау облысы сотының баспасөз қызметі хабарлады. Сот Мұсаұлының қай митинг үшін жазаланғанын ашып айтпады.

"Бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды" деген айыппен Ақтау қалалық әкімшілік соты да 18 ақпанда сегіз адамды бес тәулікке қамау туралы шешім шығарды. Маңғыстау облысы сотының баспасөз қызметі ұсталғандардың ішінен Абловас Жұмаев (елде тыйым салынған ҚДТ қозғалысының чатында билікті басып алуға шақырды деп айыпталып, үш жылға бас бостандығы шектелген) пен Жеңіс Әкімовтің аты-жөнін атап, қалғандарының есімдерін "жеке басқа қатысты ақпарат" деп айтпады.

Облыстық соттың мәлімдеуінше, сегіз адам 5-6 ақпанда Ақтау қаласындағы Маңғыстау облыстық сотының алдында айыпталушы Жамбыл Көбейсіновтің (Полицияға жала жапты деп 6 айға қамалған) соты әділ өтсін деген талаппен аштық түріндегі наразылық акциясына шыққан. Облыстық сот бұл шараны заңсыз деп санайды.

Өткен жұмадан бастап Қазақстанның бірнеше қаласында ондаған белсенді "бейбіт митинг өткізу заңын" бұзды деген айыппен 5-15 тәулікке қамалған. Құқық қорғаушылар "бұл қамаулар – 22 ақпанға белгіленген митингігебиліктің дайындығы" деп санайды. Қазақстан билігін сынаушы, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов басқаратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы жұртты 22 ақпанға митингіге шақырған.

2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп таныған. Осыдан кейін қозғалысты қолдайтын ондаған адам "тыйым салынған ұйым қызметіне араласты" деп айыпталған. Әблязов Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Қазақстанның қазіргі заңына сай, жұрт қандай да бір митинг, наразылық шарасына шығу үшін жергілікті биліктен алдын ала рұқсат алуы тиіс. Әкімдіктер көбіне түрлі себеп айтып, митинг өткізуге рұқсат бермейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG