Accessibility links

Оралда "Көше партиясының" мүшесін үш күнге қамады


Полиция қызметкерлері "митинг орнында" адамды ұстап барады. Алматы, 22 ақпан 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Полиция қызметкерлері "митинг орнында" адамды ұстап барады. Алматы, 22 ақпан 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Тіркелмеген "Көше партиясы" қозғалысының мүшесі, бейбіт митингіге қатысқан белсенді Асылбек Жұмабаев әкімшілік сот шешімімен "полиция қызметкерінің талабына бағынбағаны үшін" үш күнге қамалды.

22 ақпан Қазақстанның бірқатар қалаларында митинг өтеді деген күні полиция Жұмабаевты Орал қаласы орталығында ұстаған. "Полиция қызметкерінің талабына бағынбау" бойынша хаттама толтырған.

- 22 ақпанда түскі сағат бір шамасында облыстық мәслихат ауданындағы даңғылда келе жатқанмын. Бір кезде маған полиция қызметкерлері келіп, шақырту қағазын көрсетті де өздерімен бірге жүруді талап етті. Қазір бара алмайтынымды айттым. "Мүмкіндік болған кезде барамын, бұған қоса шақырту қағазы заң талаптарына сай тапсырылмады яғни, қол қойғызбай, жәй ғана көрсете салдыңдар" дедім. Бұдан соң олар мені полиция көлігіне сүйрей жөнелді. Онда да полиция көлігі емес - жәй машина. Мен қызметтік көлікпен келуді талап еттім. Осы сөздерімді полиция қызметкерлері қарсылық ретінде бағалап, "полицейге бағынбау" туралы хаттама толтырды, - деді Жұмабаев Азаттық тілшісіне.

Сот отырысынан кейін Асылбек Жұмабаевтың адвокаты Болат Имашев соттың белсендіні кінәлі деп танып, үш күнге қамағанын хабарлады. Олар сот шешіміне шағым түсіре ме, жоқ па, әзірге белгісіз.

Асылбек Жұмабаев - тіркелмеген "Көше партиясының" қатысушысы, бұған дейін рұқсат етілген бейбіт митингіге қатысқан.

Оқи отырыңыз: Үкіметке қарсы шерулер өтетін күні жүзден астам адам ұсталды

"Көше партиясы" жақтастарының айтуынша, бұл Қазақстан Конституциясы мен Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт аясында әрекет ететін тәуелсіз жаңадан құрылған қозғалыс.

Шетелде тұратын, бұрынғы банкир және билік оппоненті Мұхтар Әблязов тіркелмеген партияны әлеуметтік желіде қолдады. Оның бірнеше жыл бұрын құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы Қазақстанда сот шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылған. 2019 жылы Еуропарламент резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG