Accessibility links

Полиция Ағаділдің жаназасына аймақтардан аттанған белсенділерді ұстады


Тергеу абақтысында қаза болған белсенді Дулат Ағаділді еске алуға жиналған адамдар. Нұр-Сұлтан, 25 ақпан 2020 жыл.

25 ақпанда Семей полициясы Нұр-Сұлтан қалалық тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған белсенді Дулат Ағаділді жерлеу рәсіміне бармақ болған екі белсендіні темір жол станциясында ұстады. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне ЖСДП партиясының Семей бөлімшесінің төрағасы Роллан Машпиев хабарлады.

Оның айтуынша, сейсенбі күндіз белсенді Кенжебек Сұлтанбеков пен Ерлан Кеңешбаевтың үйіне полиция шақырту қағазын жіберген (Кеңешбаев үйінде жоқ болған, Сұлтанбеков қазақша шақырту қағазын талап еткен). Ал кешке жақын Ақмола облысына жол жүру үшін темір жол вокзалына барған кезде екеуін ұстап әкеткен. Полиция бұған қоса, оларды шығарып салмақ болған белсенділердің бірі Иса Жұмағазинді де басқармаға жеткізген.

- Ерлан Кеңешбаев сәл ертерек вокзалға барған еді. Біз Кенжебек бәріміз сосын бардық. Вокзалға келіп, машинадан түскеніміз сол еді, полиция қызметкерлері жүгіріп келіп, Кенжебекті тоқтатпақшы болды. Бірден "жүріңіздер" деп әкете бастады. Не құжаттарын көрсетпеді, жұлқылап ұстай бастады. Бастапқыда формасыз адамдар ұстады. Кейіннен форма кигендері келіп, әкете бастады. Заң талаптарын айттық. Оған да қараған жоқ. Бұл жерде оннан астам адам болды ғой деймін. Бәрімізді итеріп, полиция көлігіне отырғызып алып кетті, - дейді Роллан Машпиев Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, полиция басқармасына үшеуін де апарған. Онда Сұлтанбековтің қан қысымы көтеріліп, дәрігерлер шақырылған. Бұған қоса, ұстау кезінде Кеңешбаев пен Жұмағазиннің "омартқасы мен кеуде тұсы ауырып қалғандықтан" жедел жәрдем көлігі шақыртылған. Полиция басқармасы олардан сұрақ-жауап алып үлгермегендіктен "тергеуді" 26 ақпан кешкі 18:30-ға тағайындаған.

- Үшеуін де Facebook-тағы ҚДТ жайлы жарияланған жазбаға қатысты шақыртқан, - деді Роллан Машпиев.

Семей қалалық полиция басқармасы әзірге жауап бермеді.

Дәл осы күні Өскеменде де полиция Ағаділдің жаназасына бармақ болған кемінде екі тұрғынды ұстаған. Өскемендік құқық қорғаушы Индира Кәкімова Facebook-тағы парақшасында белсенділер Бақытбек Қапаев, Айдар және Айдын Байсағатовтарды 25 ақпанда жергілікті полицияға апарып, бірнеше сағаттан соң босатқанын хабарлады. Олар 26 ақпанда жергілікті прокуратураға полицияның заңсыз әрекетіне шағымданған. Азаттық белсенділердің өздерінен пікір ала алмады.

Дәл осыған ұқсас оқиға Шымкентте де болды. Мұнда түнгі сағат 22:30 шамасында полиция белсенділер Марат Қасымбеков, Дулат Пралиев пен Марат Дүйсенбиевті Түркістан облысы Түлкібас ауданының аумағында ұстаған.

Белсенді Марат Қасымбековтың Азаттыққа айтуынша, Нұр-Сұлтанға Марат Дүйсенбиевтің көлігімен жолға шыққан. Шымкенттен шамамен жүз шақырым жүргеннен соң Түркістан облыстық полиция департаментінің жол-потрулдік полициясы тоқтатып, «жылдамдықты асырдыңдар» деп уәж айтқанымен айыппұл салмаған. Жарты сағаттан соң Шымкент қалалық полиция департаментінің қызметкерлері келіп, оларды Шымкенттегі Қаратау аудандық полиция бөліміне жеткізген.

- Қаратау аудандық полиция бөлімінен түнгі сағат үште шықтық. Бұл - белсенділерді Нұр-Сұлтанға Дулат Ағаділдің жаназасына жібермеудің амалы. Полиция Қазақстан территориясында емін еркін жүріп-тұру туралы құқығымызды бұзып отыр. Дулат Ағаділмен таныспын. Бір дастарханнан дәм татқан едік. Қалтамызда қару жоқ, ниетіміз түзу. Өз ой-пікірімізді айтып жүргеніміз үшін жаназаға жібермей отыр, - дейді Қасымбеков.

26 ақпанда Азаттық тілшісі ішкі істер министрлігінің өкілі Нұрділдә Оразға хабарласқанмен жауап ала алмады. Министрліктің баспасөз хатшысы телефонын көтермеді.

Полиция үйінен күштеп әкеткен белсенді 43 жастағы Дулат Ағаділдің Нұр-Сұлтанның тергеу абақтысында қайтыс болғаны туралы хабар ақпанның 25-і күні түстен кейін белгілі болған. Нұр-Сұлтан полиция департаментінің алдын ала дерегі бойынша, белсенді Ағаділ «жүрек талмасынан» көз жұмған. Белсенділер мен Ағаділдің таныстары оның жүрегі ауырмағанын айтады.

Ағаділдің қазасынан соң Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Шымкентте, Ақтөбеде белсенділер полиция департаментіне жиналып, Ағаділдің жүрек талмасынан қаза болды дегенге күмән келтірді. Олар бұл жағдайға қазіргі билік жауапты деп, Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Нұрcұлтан Назарбаевтың және сенат спикері Дариға Назарбаеваның отставкаға кетуін және үкіметтің тарауын талап етті.

Видео: Жұрт министрлік алдында белсенді Ағаділді еске алды (25 ақпан 2020 жыл).

Жұрт министрлік алдында белсенді Ағаділді еске алды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:34 0:00

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"Балық бала" асырап отырған отбасы баспанаға мұқтаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:31 0:00
XS
SM
MD
LG