Accessibility links

Прокуратура: Ағаділ денесіндегі "дақтар" - биологиялық өлімнің белгілері


Прокуратура өкілдерінің сот медициналық сараптама мамандарымен бірге Ағаділдің "азапталғаны" туралы ақпаратқа байланысты өткізген баспасөз жиыны. Нұр-Сұлтан, 28 ақпан 2020 жыл.
Прокуратура өкілдерінің сот медициналық сараптама мамандарымен бірге Ағаділдің "азапталғаны" туралы ақпаратқа байланысты өткізген баспасөз жиыны. Нұр-Сұлтан, 28 ақпан 2020 жыл.

28 ақпанда түстен кейін Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған белсенді Дулат Ағаділдің денесіндегі "азаптау іздері" туралы ақпаратқа түсініктеме берді. 28 ақпанға қараған түні әлеуметтік желіде марқұмның денесіндегі "жарақат" туралы видео тараған еді. Кейбір белсенділер мен құқық қорғаушылар оны "изоляторда ұрып-соққан болуы мүмкін" деп мәлімдеп, биліктен түсіндіруді талап еткен.

Нұр-Сұлтан қаласы прокурорының орынбасары Елдос Қилымжанов "Ағаділді тергеу изоляторында азаптаған" деген ақпаратты жоққа шығарып, Ағаділ денесіндегі "дақтарды" биологиялық өлім белгілері деп атады.

- [Әлеуметтік желілерде тараған] Видеоматериалдарда мәйітте дақтар бары айтылады. Оны дене жарақаты деп атайды. Мұнда оның пайда болу себебін түсіндіре алатын мамандар бар. Мәйіттегі дақтар - бұл биологиялық өлімнің белгілері. Медициналық тілмен айтқанда, дақтар адамның жүрегі тоқтағаннан кейін кемінде бір сағат өткеннен кейін пайда болады, - деді ол.

Тікелей эфирді көріңіз:

Оның айтуынша, бастапқыда Ағаділдің денесін Талапкер ауылдық ауруханасы мен тергеу изоляторының дәрігерлері қарап шығып, "соққы іздерін" таппаған. Оқиғаға қатысты қозғалған қылмыстық іс аясында сот медициналық сараптама тағайындалған. 26 ақпанда марқұмның ағасы мен адвокат Бауыржан Азановтың қатысуымен мәйітке сараптама жүргізілген.

"Марқұмның ағасы мен адвокат Азанов сараптама қорытындысына шағымданған жоқ. Мәйітті сараптау мен зерттеу барысы видеоға түсірілді. Этика талаптарына байланысты және туыстары рұқсат бермегендіктен видеоны жариялай алмаймыз. Бұған дейін сараптаманың алдын ала қорытындысын айтқанбыз. Ағаділ жүрек қантамырларының жетіспеушілігінен қайтыс болған" деді Қилымжанов.

Ол сараптаманың түпкілікті қорытындысы жақын арада шығатынын айтып, азаматтарды асығыс қорытынды жасамауға және тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды.

Әлеуметтік желі мен мессенжерлерде тараған видеода бірнеше адам екі күндік сараптамадан кейін мәйітханадан марқұмның сүйегі жеткізілгенін айтып, денесін көрсетіп, "соққы іздері байқалады" деп тұжырым жасайды. Олар марқұмның денесін тексеріп, саусағы қарайып кеткенін, иығы көгеріп, табанында, арқасында жарақат іздері барын айтады.

Бұл видео жарияланғаннан кейін әлеуметтік желіде наразы жазбалар көбейді. Олардың көбі "Ағаділдің өліміне кінәлілер жазалансын, жалған ақпарат бергендер қылмыстық жауапкершілікке тартылсын" деген талап айтты.

Діни рәсім бойынша сүйекке түскен Қайыржан Иманғалиұлы есімді Қостанай облысының азаматы 27 ақпанда Азаттыққа берген сұхбатында Ағаділдің сүйегін мәйітханадан әкелген күні марқұмның денесінен жарақат іздерін байқағанын мәлімдеген болатын.

28 ақпанда Ағаділдің жақындары Азаттық тілшісіне түсініктеме беруден бас тартты. Ағаділдің отбасына жақын адамдардың бірі марқұмның отбасына қысым жасалғанын айтты.

Сейсенбі күні ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров "белсендінің денесінде зорлық-зомбылық іздері анықталмағанын" хабарлаған.

Қоғам белсенділері биліктің мәлімдемесіне күмән келтіреді. Белсенділер мен құқық қорғаушылар тәуелсіз сараптама жүргізілуі тиіс дейді.

25 ақпанда Ағаділдің қазасынан кейін Қазақстанның түрлі қалаларында наразылық акциялары өтіп, жиналғандар бұрынғы президент, ықпалды Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап етті. Бұға қоса, оның айналасындағы адамдар, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев та қызметінен кетсін деген талап айтты.

25 ақпанда Нұр-Сұлтанда белсендінің өліміне байланысты ішкі істер министрлігінен түсініктеме талап етіп, жолды жабуға тырысқан ондаған адам ұсталды. Кейінірек босатылды. 27 ақпанда Талапкер ауылындағы жерлеу рәсімінен кейін Нұр-Сұлтанға барып, белсенділерді босатып, реформаны талап етуге тырысқан жиырмадан астам адам ұсталды.

Оқи отырыңыз: "Әділетсіздікке қарсы күрескен белсенді"

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG