Accessibility links

"Әділетсіздікке қарсы күрескен белсенді"


Тергеу абақтысында қаза болған белсенді Дулат Ағаділді ішкі істер министрлігінің алдында еске алып тұрған адамдар. Нұр-Сұлтан, 25 ақпан 2020 жыл.

Үкіметке қарсы акцияларда белсенділігімен танылған Дулат Ағаділдің абақтыдағы жұмбақ қазасы қоғамды бей-жай қалдырмады. Белсендінің "жүрегі қысып қайтыс болғаны" жайлы ресми ақпаратқа сенбейтін серіктері марқұмды әділетсіздікке қаны қас, жаны жомарт азамат еді деп еске алады.

Ақпанның 24-і күні кешке полиция үйінен күшпен әкетіп, Нұр-Сұлтандағы тергеу абақтысына қамағаннан кейін бірнеше сағаттан соң Дулат Ағаділдің жұмбақ жағдайда көз жұмғаны туралы желіде тараған суыт хабар қоғамды бей-жай қалдырмады.

Сейсенбі күні Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкентте билік орындарына келген адамдар белсендінің мезгілсіз қазасының жай-жапсарын ашуды талап етті. Сонымен бірге наразылық шарасына қатысушылар Ағаділдің қазасына билікті айыптап, саяси талаптар да көтерді. Ағаділдің қазасына байланысты Ақтөбе, Орал мен Өскеменде де адамдар жиналып, билікті айыптады.

Сейсенбі күні Нұр-Сұлтандағы ішкі істер министрлігі алдына наразылық білдіріп шыққандардың бір бөлігін полиция жасағы күштеп автобусқа салып әкеткеннен кейін де сол жерде қалған наразылар (негізінен әйелдер) тарқамай, полициядан Ағаділдің қазасына байланысты түсінік беруін талап етті.

Ағаділдің портреті мен май шам ұстаған адамдар министрлік алдында түн ортасына дейін тарқамай тұрды. Олардың арасында бала жетектеген жас аналар да болды. Кейбірі белсендіні бұрыннан танитынын, енді бірі онымен мүлдем кездеспегенін, алайда Ағаділдің қазасы естіген соң наразылығын білдіруге келгенін айтты.

ІІМ алдына жиналғандар Дулат Ағаділді еске алды. Нұр-Сұлтан, 25 ақпан 2020 жыл

Жұрт министрлік алдында белсенді Ағаділді еске алды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:34 0:00

Дулат Ағаділ 2019 жылы ақпанда Қазақстан астанасында уақытша баспанада шыққан өрт салдарынан әлеуметтік жағдайы төмен отбасының кәмелетке толмаған бес баласы мерт болған соң Қазақстанның әр аймағында үкіметтен әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға жәрдем жасауды талап еткен наразылықтар көбейген тұста белсенділігімен көзге түскен еді. Ол биліктен саяси тұтқындарды босатуды, азаптауды тоқтатуды, азаматтардың бейбіт шеру өткізу бостандығын қамтамасыз етуді және әділ сайлауды талап етіп, наразылық акцияларына қатысты.

Ел өңірлерін аралап, өзі қатысқан түрлі наразылық шараларынан Facebook әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфир жүргізген Дулат Ағаділ болған жайтты бұрмаламай әрі жедел жеткізетін белсенді блогер ретінде де танылды дейді жақтастары.

Ақпанның 25-і күні кешке Нұр-Сұлтандағы ішкі істер министрлігі алдында еске алу шарасын өткізген адамдар түн ортасына қарай қала іргесіндегі Талапкер ауылындағы Дулат Ағаділдің үйіне барды.

"ӘКЕМДІ МАҚТАН ТҰТАМЫН"

43 жасында мезгілсіз дүниеден өткен Дулат Ағаділдің үйіне марқұмның туыстары, жора-жолдастары мен серіктері жиналған. Ұлының қазасын естіп Қостанай облысындағы Торғай ауылынан жеткен қарт анасы жоқтау салып, егіліп жылап отыр.

Қазадан қатты күйзелген Дулаттың жары Гүлнар сөйлеуге шамасы келмей, әлсіреп қалған, екі қолтығынан балалары сүйемелдеп, көмектеседі.

"Назарбаев кетпей демократия болмайды". Ағаділдің Азаттықта сақталған видеолары

"Назарбаев кетпей демократия болмайды". Ағаділдің Азаттықта сақталған видеолары
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:03 0:00

Дулат пен әйелі Гүлнар Қасымханованың отбасында алды ержетіп, оқу бітірген, кейінгілері мектеп жасындағы алты баласы бар. Қазір 11-сыныпта оқып жүрген Жанболат Ағаділ әкесінің қазасын сабақта отырғанда өзіне телефонмен анасы естірткенін, бірақ содан бері анасымен әлі толық сөйлесе алмағанын айтты.

- Әкемді мақтан тұтамын, мен оның ісін қолдайтынмын, мектептегілердің барлығы да әкемнің белсенді екенін біледі, - деді Жанболат Азаттық тілшісіне.

Отбасы Дулат Ағаділді ақпанның 27-і күні Талапкер ауылындағы үйінен соңғы сапарға шығарып салмақ.

1977 жылы ақпанның 16-сы күні Қостанай облысы Жангелдин ауданында дүниеге келген Дулат Ағаділ орта мектепті бітірген соң бірден еңбекке араласып, ауыр техникалар жүргізген. 2007 жылы Ағаділ Астана маңындағы Талапкер ауылына көшіп келген. Ол өзі тұрған аймақтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға да белсене араласқаны туралы бұған дейін Азаттық жазған.

"ҮСТІНДЕГІСІН ШЕШІП БЕРЕТІН МӘРТ ЖІГІТ ЕДІ"

Белсендінің серіктері Дулат Ағаділді "ақжарқын, өте мейірімді жан еді" деп еске алады.

- Оны түрмеден қашты деген кезде видеодан көрген біреулер "солай кетіп қалуына жағдай жасады, ол әдейі өзіне хайп жасады, биліктің жобасы" деген тәрізді әңгімелер айтты. Дулатты серігі ретінде жақын тани жүріп, түрлі кемшілікті әзілмен, мысқылдап жеткізуге тырысатынын байқадым, - дейді Ербол Есхожин.

Ербол Есхожин Дулат Ағаділдің жүрегі емес, бүйрегі ауырғанын, бірақ ол туралы отбасы да, өзі де шағымдануды артық санағанын айтады.

- Оның ауруды сылтау қылып құр отырғанша, елге пайда тигізгенім дұрыс деп айтқанын естігенмін, - дейді ол.

Ағаділдің серігі әрі жерлесі Серік Асқаров Дулат өткен жылы қарашада полиция түрмесінен қашып шығу арқылы ішкі істер саласындағы жемқорлықты көрсете алды деп санайды.

- Мемлекет құқық қорғау саласына қаншама қаржы бөлгенімен дуалдар мен камералары нағыз қылмыскерлерді қамауда ұстауға қауқарсыз екенін ел тек Дулат арқылы біле алды, - дейді ол.

Дулат Ағаділ (сол жақта), Әлия Жакупова (ортада) мен Назым Серікпекова әкімшілік сотта отыр. Нұр-Сұлтан, 25 тамыз 2019 жыл.
Дулат Ағаділ (сол жақта), Әлия Жакупова (ортада) мен Назым Серікпекова әкімшілік сотта отыр. Нұр-Сұлтан, 25 тамыз 2019 жыл.

Серік Асқаров Ағаділді биліктің қудалауына ұшыраған өзге белсенділерге қолдау білдіріп, қорғауды парызым деп қабылдайтын адам болды деп сипаттайды.

- "Жер тағдыры" ұйымының белсендісі Қайырлы Омардың соты кезінде Дулаттың қалтасында көк тиыны болған жоқ. Бірақ ол Талапкерден жаяулап жүріп сот отырыстарынан қалған емес, - дейді Асқаров.

Тағы бір белсенді Медет Арыстанов Дулат Ағаділді өзінің саяси күрес жолындағы ұстазы ретінде бағалайтынын айтты. Ол Дулат Ағаділ қайтыс боларынан екі күн бұрын өзімен видеобайланысқа шыққанын айтып көзіне жас алды.

- Дулатпен бірге Зайсанға, "шекараны заңсыз бұзды" деп айыпталған [Қытай қазақтары] Қастер [Мұсаханұлы] мен Мұрагердің [Әлімұлы] сотына барып қатыстық. Ол оппозиция арасындағы түрлі интриганы жек көретін. "Ұсақ әңгімені тастап, баршамыз бірігуіміз" керек деп айтатын, - дейді ол.

ҚДТ мен "Демпартия" Ағаділдің қазасына билікті айыптады

Қазақстандағы бір-бірімен келіспейтін екі саяси ұйым – "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы мен "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топ өкілдері сейсенбіде белсенді Дулат Ағаділдің қазасына билікті айыптап мәлімдеме жасады. Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған, ал Еуропарламент өз резолюциясында "бейбіт қозғалыс" деп атаған ҚДТ лидері, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов белсенді Ағаділдің қазасын "биліктің азаматтық қоғамды қорқыту әрекеті" деп атады. "Демпартия" бастамашыл тобы жетекшісі Жанболат Мамай "белсендінің қазасы - саяси іс" деп жазды. Ресми тіркелмеген бұл екі ұйым шеру өтеді жариялаған ақпанның 22-і күні және оның қарсаңында полиция азаматтарды ұстаған. Құқық қорғаушылар билік 300-ден астам адамды ұстады дейді. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың мәлімдеуінше, өткен сенбіде 53 адам ұсталған. Шеру қарсаңында және сол күні ұсталғандардың кейбірі әкімшілік қамауға алынған. Олардың нақты саны туралы ресми мәлімет жоқ.

Медет Арыстанов Ағаділдің мұқтаж адамға үстіндегі киімін шешіп беретін мәрт адам болғанын айтады. Ол Дулаттың қолындағы алтын жүзігін шешіп, ақшасы жоқтарға "ломбардқа өткіз" деп бергенін де көргенін айтты.

- Ол кранда жұмыс істеп жүргенде Алматыдағы кей белсенділердің сотына бара алмады. Сонда он мың, жиырма мың теңгеден олардың шотына ақша салатын, сондай жаны жомарт азамат еді, - дейді Медет Арыстанов.

Ол соңғы айда билік тарапынан Ағаділге қысым көбейгенін айтады.

- Қаңтарда билік әскери міндетін өтеуге жіберген белсенді Әлімжан Ізбасаровпен кездесуге Таразға бардық. Біз автобустан түсе салысымен полиция қолымызға қағаз тапсырып, ақпанның 11-і күні Нұр-Сұлтанда болуымыз керегін айтты. "Дулат Ағаділге іздеу жарияланған" деді. Биліктің әдейі жасаған амалы деп түсіндім, егер шынымен іздеген болса оны баяғыда ұстар еді. Ол кейін өзіне Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері келіп, қоқан-лоқы көрсетіп кеткенін айтты. Біз Дулатқа "осы көктемде үйде бол, YouTube арқылы ойларыңмен үйден бөліс" дегенбіз, - дейді Медет Арыстанов.

Белсенді Дулат Ағаділ. Ақмола облысы, 26 қараша 2019 жыл.
Белсенді Дулат Ағаділ. Ақмола облысы, 26 қараша 2019 жыл.

Қайрат Сейітқалиев билік тарапынан жасалған қысым салдары Дулат Ағаділдің денсаулығына да әсер етті деп есептейді.

- Ол ақпанның 24-і күні полицияға өзі барып берілетінін айтқан. Біз де бірге барып, оған қолдау білдірмекші едік. Бірақ дүйсенбі күні кешке оны үйінен күштеп алып кетті, - дейді ол.

Қайрат Сейітқалиев Дулат Ағаділдің "жұртты аузына қарата алатын харизмасы бар еді" деп еске алды.

- Бірде ол маған бұрын өзі жұмыс істеген шетел фирмасындағы жалақы теңсіздігін көріп әділетсіздікке күйінгенін, сол жағдай өзіне ой салып, әділдік жолында күресуге бел буғанын айтты. Ол тікелей эфирлеріне өзгелердің жазған пікірлерін оқып, қатты қуанатын. Осылайша жұртты билікке сыни көзқараспен қарауға, талап қоя білуге үйретуге болады деп сенетін, - дейді Серікқалиев.

Дулат Ағаділдің жора-жолдастары мен саяси серіктері оның қазасы туралы ресми ақпаратқа сенбейтінін айтады. Белсенді Назым Серікпекова Дулат Ағаділді ішімдік пен темекіден аулақ, жан-дүниесі таза адам болды деп еске алады.

- Полицияның "оның ағзасынан ішімдік табылды" дегені – далбаса, ешқашан сенбейміз. Және оны дәлелдейміз, -дейді ол.

Полиция жасағы Дулат Ағаділдің қазасынан кейін наразылық білдіріп, ішкі істер министрлігінің алдындағы жолға шыққан азаматтарды әкетіп жатыр. Нұр-Сұлтан, 25 ақпан 2020 жыл.
Полиция жасағы Дулат Ағаділдің қазасынан кейін наразылық білдіріп, ішкі істер министрлігінің алдындағы жолға шыққан азаматтарды әкетіп жатыр. Нұр-Сұлтан, 25 ақпан 2020 жыл.

Азаматтық белсенді Дулат Ағаділ былтырғы тамыздан бері "полицияға қарсылық көрсетті", "сотты құрметтемеді", "заңсыз митингіге шықты" және "әлеуметтік желі арқылы жұртты заңсыз шеруге шақырды" деген айыптар бойынша бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған. Сот оған айыппұл салып, бірнеше мәрте әкімшілік қамауға алған.

Нұр-Сұлтан полиция департаменті ақпанның 25-і күні Дулат Ағаділдің тергеу изоляторында "жүрегі қысып қайтыс болғаны" туралы ақпарат таратты. Бұл ақпаратты кейін ІІМ өкілдері де растады. Полиция "сотқа құрмет көрсетпегені, судья мен сот отырысына қатысушылардың ар-намысына тигені үшін Дулат Ағаділдің үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол тергеуге келмегеніне байланысты сот шешімімен ақпанның 24-і күні қамауға алынғанын" хабарлады.

Сейсенбі күні Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі (омбудсмен) Эльвира Азимова, ІІМ, Нұр-Сұлтан прокуратурасы және Қоғамдық бақылау комиссиясы (ҚБК) өкілдері қатысқан арнайы брифингте белсендінің қазасына байланысты істі тексерумен Нұр-Сұлтанның арнайы прокурорлар басқармасы айналысатыны, сот-медициналық сараптама қорытындысы жүргізілетіні хабарланды.

Дулат Ағаділдің адвокаты Бауыржан Азанов сейсенбі күні билік орындары белсендінің денесіне сот-медициналық сараптама жүргізуді өзінің қатысуынсыз бастағаны туралы Facebook әлеуметтік желісіне жазды. Ол өзі түсірген өтініш бойынша, ақпанның 26-сы күні тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен жаңа сот-медициналық сараптама жүргізілетінін айтты.


  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG