Accessibility links

Ұсталғандар полициядан зардап шеккенін айтады


Әкімшілік қамауда отырған жақындарына тамақ әкелген адамдар. Алматы, 24 ақпан 2020 жыл.

Құқық қорғаушылар Қазақстанның бірнеше қаласында шеру өтеді деп жарияланған ақпанның 22-і күні үш жүзден аса адам ұсталған дейді. Билік қанша адам ұсталып, жауапқа тартылғанын айтпады. Туыстары мен белсенділер қамаудағыларға тамақ апарды. Құқық қорғаушылар "бейбіт шеру заңын бұзғандарға" сот салған айыппұлды төлеуге қаржы жинап жатыр.

"ШЕРУГЕ ШЫҚПАЙ ТҰРЫП ҰСТАП ӘКЕТТІ"

Ақпанның 24-і күні таңертең Алматыдағы әкімшілік қамауға алынған азаматтарды ұстайтын арнайы мекемеге бірнеше адам өткен сенбіден бері осында қамауда жатқан туыс-жақындарына тамақ апарды. Алматы облысының тұрғыны Ақмөлдір Төлебекова күйеуі Асхат Шыныбековты ақпанның 22-і күні полиция қызметкерлері Талғардағы үйінен алып кеткенін айтады. Әйелдің сөзінше, полиция күйеуіне күш көрсетіп, аяғын жаралаған.

- Тізесінің асты қызарып ісіп кеткен, тобық тұсы жараланып, қанаған. Жедел-жәрдем шақыртып, оның бәрін құжатқа түсірген. Асхатты үйден қолын бұрап алып кетті. Оның бәрі видеоға түсірілген, - деді Ақмөлдір Төлебекова.

Митингіде ұсталғандар "полициядан таяқ жегендерін" айтады

Митингіде ұсталғандар полициядан "таяқ жегенін" айтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:43 0:00

Ақмөлдір Төлебекова үйден күйеуіне киімі мен телефонын алып шыққан өзін де Алматының Медеу аудандық полиция бөліміне апарып, екі сағаттай ұстағанын айтады.

Алматы соты Асхат Шыныбековты ақпанның 11-і күні қаладағы Сәтпаев және Желтоқсан көшелерінің қиылысында "бейбіт шеру өткізуге рұқсат берілсін" және "белсенділерді қуғындау тоқтатылып, саяси тұтқындарды түрмеден босатсын" деген талаппен пикетке шыққанда "митинг заңын бұзғаны" үшін айыпты деп тауып, 15 тәулікке қамаған.

Шыныбеков сотта азаматтық белсенділігіне бола қуғын көріп жатқанын мәлімдеген. Ол былтыр да бірнеше рет қарсылық акцияларына қатысқан.

Сенбі күні әкімшілік жауапқа тартылғандардың істері бойынша өткен сот отырыстарына қатысқан құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова Асхат Шыныбековтың ісін қараған сотта заң талабы бұзылды деп санайды. Оның пікірінше, полиция толтырған тергеу хаттамасына тіркелген фото және видеоматериалдарды белсендінің айыбының дәлелі ретінде қабылдауға келмейді.

Құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова.
Құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова.

- Қазақстан заңында жалғыз адам пикетіне шыққан адамды қудалау туралы бап жоқ. Қазақстан халықаралық ұйымдардың мүшесі болғандықтан, өзі қол қойған халықаралық құжаттарда көрсетілген міндеттемелерді орындауы тиіс. Бірақ сот ондай уәжді қабылдамады, - дейді құқық қорғаушы.

Дүйсенбі күні Алматыдағы Лобачевский көшесінде орналасқан қамау мекемесіне сенбі кұүні және оған дейін ұсталып, қамалғандарға қолдау білдіріп келгендердің арасында белсенді Гүлзипа Жаукерова да болды. Алматы соты ақпанның 22-і күні Жаукерованың өзіне де жауапқа тартқан. Белсендінің сөзінше, сот оған Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасы үшін 50 айлық есептік көрсеткішке тең (350 долларға жуық) айыппұл салған.

Қамауда отырғандардың туыстарынан әкелген затты кезекпен қабылдап алған мекеме қызметкері сенбі күні және оның алдында ұсталған қанша адамның тұтқында отырғанын сұраған Азаттық тілшісіне ондай ақпарат бере алмайтынын айтты.

ҚАТАЛ ӘРЕКЕТ

Ақпанның 22-і күні таңертең Алматыда қонақ үйден шығып, шеру өтетін алаңға бармақ болған кезде полиция ұстап әкеткен Нұр-Сұлтан тұрғыны Ербол Алин "арнайы жасақтан зардап шектім" деп шағымданады. Айтуынша, полиция жасағының соққысынан кейін бүйірі шыдатпай ауырған. Жедел жәрдем қызметкерлері оның қабырғасы сынған болуы мүмкін деген соң ғана полиция емханаға апарған.

- Рентгенге түсірді, бірақ қолыма бермеді. Қазір қабырға тұсымды бассам ауырады. Түні бойы жата алмай шықтым. Бұл - өрескел заң бұзушылық, - дейді ол.

"Қолымызды қайырып, автозакқа салды". 22 ақпанда Нұр-Сұлтанда полиция ұстағандардың сөзі:

"Қолымызды қайырып, автозакқа салды". 22 ақпанда ұсталғандар не дейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:42 0:00

Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюроның директоры, құқық қорғаушы Евгений Жовтис мұндай жағдайға биліктің полиция әрекетін қолдай сөйлеуінің әсері бар дейді.

- [Билік] әрекеті қатал. Ұстайды, соттайды, сот процесін адвокатсыз өткізуден қымсынбайды. Жаппай жазалап, қамауды біледі. Бейбіт шеру өткізу туралы заң жобасы талқыланып жатқанда бұл жағдай биліктің өзгере қоймайтынын көрсетеді, - дейді Жовтис.

Шымкентте "Шал, кет" деп айғайлағандарды әкетті. 22 ақпан 2020 жыл

Шымкентте "Шал, кет" деп айғайлағандарды әкетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:57 0:00

Ақпанның 24-і күні Шымкент қаласында да белсенділер жергілікті абақтыда қамауда отырғандарға қолдау білдірді. Олар сенбі күні полиция ұстап әкетіп, кейін сот "митинг заңын бұзды" деген айыппен әкімшілік қамауға алған үш азамат – Нұрлан Сыздықбек, Мұрат Аштаев пен Мұрат Байдаулетовке тамақ пен өзге де қажетті заттар апарды.

Шымкентте қамалған белсенділерді қолдауға келгендер. 24 ақпан 2020 жыл.
Шымкентте қамалған белсенділерді қолдауға келгендер. 24 ақпан 2020 жыл.

Қазақстанда бір-бірімен келіспейтін екі саяси ұйым – "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы мен "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топ митинг өтеді деп жариялаған ақпанның 22-іне дейін кемінде жиырмадан астам адам ұсталған. Ал сенбі күні елдің бірнеше қаласында, құқық қорғаушылардың есебі бойынша, полиция 300-ден астам адамды ұстаған. Олардың кейбірін сот әкімшілік жауапқа тартып, көбін босатқан. Құқық қорғаушылар Алматыдағы ұстаулар кезінде кемінде екі адамның зардап шеккенін айтады.

Қазақстан билігі ақпанның 22-і күні қанша адам ұсталып, жауапқа тартылғаны туралы әзірге ешқандай мәлімет берген жоқ.

АЙЫППҰЛҒА АҚША ЖИНАУ

"Ар.Рух.Хақ" үкіметтік емес ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина әкімшілік жауапқа тартылған белсенділерге сот салған айыппұлды төлеуге қаржы жинау басталғанын хабарлады. Құқық қорғаушының Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында ақпанның 22-індегі наразылық акцияларына байланысты айыппұл (140 доллардан 350 долларға дейін) салынған 14 адамның аты-жөні көрсетілген.

Полицияның көшеден адамдарды жаппай ұстауы. 22 ақпан 2020 жыл


Сенбі күні полиция көшеден күштеп әкеткен азаматтардың арасында түстен кейін ұсталғандар көп. Шетелде тұратын қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов бұған дейін ақпанның 22-і күні жергілікті уақыт бойынша сағат 14:00-те Қазақстанның бірнеше қаласында қарсылық шерулері өтеді жариялаған. Әблязов негізін қалаған ҚДТ қозғалысын Қазақстан соты 2018 жылы наурызда "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Бір жылдан соң Еуропарламент өз резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған. Әблязов пен жақтастары Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. Сот шешімінен кейін өткен үш жылға жуық уақыт ішінде Қазақстанда ондаған адам "тыйым салынған ұйымға қатысты" деген айыппен қозғалған қылмыстық істер бойынша жауапқа тартылған, кейбірі әртүрлі мерзімге түрмеге қамалған. Қазақстан билігі ҚДТ өткізген қарсылық акцияларының барлығын заңсыз деп санайды. ҚДТ бұған дейін өткізген шерулердің бәрінде полиция акцияға қатысушыларды ұстаған.

"Мынау масқара ғой!" Арнайы жасақ ондаған адамды ұстады. Ақтөбе, 22 ақпан 2020 жыл

"Мынау масқара ғой!" Арнайы жасақ ондаған адамды ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:53 0:00

ҚАМАУДАН БОСАТЫЛҒАН ЖАЛҒЫЗ АДАМ

Ақпанның 23-і күні Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі Жанболат Мамай қамаудан босап шыққанын хабарлады. Сенбі күні таңертең Алматыда акцияға шыққан жақтастары биліктен Мамайды босатуды талап еткен болатын.

Өткен аптада Мамай мен жақтастары сенбіге жоспарлаған құрылтай съезіне аймақтардан келмекші болған жақтастарына "кедергі келтіріп, қысым жасады" деп билікті айыптап, ақпанның 22-іне жоспарланған съездің орнына наразылық шеруіне шығатынын мәлімдеген. Мамайды жұма күні кешке полиция ұстап, Алматы облысындағы Қаскелең соты "заңсыз шеруге шақырғаны" үшін үш тәулікке қамаған еді.

Жексенбі күні Мамай Facebook әлеуметтік желісіндегі парағына апелляция соты прокурордың қарсылығы бойынша, әкімшілік жаза мерзімінің бір тәулігін қысқартқан соң Қарасай аудандық полиция басқармасының басшылығы өзін үйге жеткізіп салғанын хабарлап пост жариялады.

Митинг өтетін күні ұсталғандарды қалай соттады? Алматы, 22 ақпан 2020 жыл

Алматы соты билікке қарсы митингіге қатысқандарды қалай жауапқа тартты?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:50 0:00

2017 жылы "қылмыстық жолмен табылған қаржыны заңдастырған" деген айыппен үш жыл шартты жазамен сотталып, пробация қызметінің бақылауына алынған Мамай ақпанның 24-і күні таңертең Алматы облысы Қарасай аудандық пробация қызметі шақырып, ескерту бергенін хабарлады. Ол полицияның бұл шақыруын белсенділігі үшін жасалған "биліктің қысымы" деп санайтынын айтты. 2017 жылы қыркүйекте Алматы сот "Саяси қалам - Трибуна" (қазір жабылып қалған) газетінің редакторы әрі шығарушысы Жанболат Мамайға үш жыл шартты жаза кесіп, үш жыл журналистік қызметпен айналысуына тыйым салып, жеті айға жуық абақтыда отырған оны сот залынан босатқан. Билік оған "Мұхтар Әблязов БТА-банкінен жымқырған қаржыны заңдастырған" деген айып таққан. Мамай да, Әблязов та ол айыптауларды жоққа шығарған.

Дүйсенбі күні Мамайдың әйелі, журналист Инга Иманбай газет құрылтайшыларына "қысым" жасалуына байланысты "Жас Алаш" газетінің бас редакторы қызметінен кеткенін мәлімдеді. Ол газеттің бас редакторы болып қаңтар айында тағайындалған болатын.

"Редакция саясатын күрт өзгертіп, Назарбаевтың өзі мен әулеті туралы өткір материалдар шығара бастадық. Осыған және Жанболат Мамайдың әйелі екендігіме байланысты "Жас Алаш" газетінің құрылтайшысы Алтынбек Сәрсенбайұлының отбасына қысым жасалды" деп жазды ол Facebook парақшасына жариялаған мәлімдемесінде. Газет құрылтайшысы Салтанат Атушева – 2006 жылы қастандықтан қаза болған оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының әйелі. Азаттық Атушеваның өзінен комментарий алуға тырысқанымен, ол телефон қоңырауына жауап бермеді.

"Жас Алаш" газетінің бас редакторы Инга Иманбай. Алматы, 22 ақпан 2020 жыл.
"Жас Алаш" газетінің бас редакторы Инга Иманбай. Алматы, 22 ақпан 2020 жыл.

Инга Иманбай 2019 жылы жұбайы Жанболат Мамай жетекшілік кеткен "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топтың үйлестірушісі болды. Желтоқсанның соңына қарай Әділет министрлігіне құжат тапсырған соң бастамашыл топ биыл ақпанның 22-і күні Алматыда құрылтай съезін өткізбекші болған. Алайда өткен аптада олар құрылтай орнына шеруге шығатындарын мәлімдеген.

Amnesty International халықаралық ұйымы Қазақстанда сенбі, ақпанның 22-і күні полицияның адамдарды жаппай ұстауын айыптап, оны билікті сынаушыларды "қорқытып-үркіту" деп атады.

"Қазақстандағы онсыз да оңып тұрғаны шамалы адам құқығының жағдайы бұрынғыдан да нашарлай түсті. Билікке сын айтқандардан осыншама үрейленіп, оларды қудалауы үкіметтің сөз бостандығынан қаншалықты шошитынын көрсетеді" деді Amnesty International ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша директорының орынбасары Денис Кривошеев.

Ұйым мәлімдемесінде "Демократиялық партияны" және өзге де оппозициялық топтарға қолдау білдіргені үшін ғана ұсталғандарды дереу босатуға шақырды.

Қазақстан билігі халықаралық ұйымның бұл мәлімдемесіне байланысты пікір білдірген жоқ.


ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Коронавирус деген не? Бүлдіршіндерге түсіндіреміз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:41 0:00
XS
SM
MD
LG