Accessibility links

Үш айда жеті рет жауапқа тартылған белсенді


Әкімшілік қамаудан шыққан азаматтық белсенді Дулат Ағаділ. Ақмол кенті, Целиноград ауданы, Ақмола облысы. 26 қараша 2019 жыл.
Әкімшілік қамаудан шыққан азаматтық белсенді Дулат Ағаділ. Ақмол кенті, Целиноград ауданы, Ақмола облысы. 26 қараша 2019 жыл.

Әкімшілік қамаудан қашып кетіп, кейін бұрынғы жазасына тағы бірнеше тәулік қосылып, қайта қамалған белсенді Дулат Ағаділ бостандыққа шықты. Билікке қарсылық акцияларына қатысқан белсендіге соңғы үш айда әкімшілік сот жеті рет шешім шығарып, жиыны алпыс тәулік жаза кескен.

42 жастағы Дулат Ағаділ қарашаның 26-сы күні таңертеңгі сағат 11 шамасында Ақмола облысы Целиноград ауданы орталығы Ақмол кентіндегі уақытша қамау орнынан бостандыққа шықты.

Биліктен әлеуметтік мәселелерді шешуді, азаматтық құқықтар мен бостандықтарды шектемеуді талап етіп жүрген белсенді ретінде танымал Дулат Ағаділ сейсенбі күні қамаудан шыққан соң Азаттық тілшісіне:

- Қамаудан қорықпаймын, Алланың сотынан ғана қорқамын. Ешкімнен жаным артық емес. Міне, Серік Жахин ағамыз тұр, Қайырлы Омар ағаларымыз бар сотталып жатқан, Макс Боқаев, Мұхтар Жәкішев тәрізді ағаларымыз қамауда жатқанда біздің бес тәуліктен, он тәуліктен қорқып отырғанымыз жараспайды, - деді.

"Полицияның заңды талабына бағынбады" деген айыппен сот шешімімен 10 тәулікке қамалған Дулат Ағаділ қарашаның 13-і күні қамау орнынан қашып кеткен болатын. Қарашаның 15-іне Нұр-Сұлтандағы бас прокуратураға өзі кезіккен "заңсыздықтарға" шағымдану үшін барған белсендіні полиция сол жерден ұстап әкеткен еді..

Дулат Ағаділ Ақмол кентіндегі 2013 жылы салынған уақытша қамау мекемесінде әкімшілік жазасын өтеген кезде куә болған жайттарды айтты.

- Электр шамы жоқ. Егер әжетханаға апару керек болса, бөлмедегіні шешіп алып, сонда салады, содан соң қайтадан бөлмеге алып келеді, - дейді ол.

Ағаділ уақытша қамау мекемесінде ешқандай қысым көрмегенін, 80 мың теңге жалақыға бірнеше адамның жұмысын атқаратын мекеме қызметкерлерінің жағдайы мәз емесіне көз жеткізгенін айтады. "22-23 жастағы қызметкерлер бір күн істеп, екі күн демалады. Өздері қарауыл, өздері күзетші, өздері кір жуады" дейді ол.

Азаматтық белсенді Дулат Ағаділ (сол жақтан екінші) Целиноград аудандық полиция бөлімінде тұр. Ақмол кенті, Ақмола облысы, 15 қараша 2019 жыл.
Азаматтық белсенді Дулат Ағаділ (сол жақтан екінші) Целиноград аудандық полиция бөлімінде тұр. Ақмол кенті, Ақмола облысы, 15 қараша 2019 жыл.

- Сонда жатқанымда америкалық "Шоушенктен қашу" деген фильмді көрдім. Өмірлік түрме жазасына кесілген тұтқынның түрмеден қашып кетіп, түрме бастықтарының жазаланғаны маған ой салды. Ары-бері жүргенде терезенің ашық екенін байқадым. Сол күні әжетхана барып келіп жатқанымда бөлменің есігін жаппады. Күзетшіні дауыстап шақырып едім келмеді. Ұйықтап жатқанын білдім де, жылы киімдерімді жинап алып шығып кеттім, - деді ол.

Дулат Ағаділдің сөзінше, қамау мекемесінде ашық тұрған терезеге құлып салып, сыртын дәнекерлеп тастаған. "Бұл тіпті қауіпті, ертең ішінде өрт шықса терезені ашу мүмкін болмай қалады" деп санайды ол.

Әкімшілік қамау жазасын өтеп шыққан соң Дулат Ағаділ қарашаның 26-сы күні Нұр-Сұлтанда елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына (шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир, Қазақстан билігін сынаушы Мұхтар Әблязов құрған ұйым) "қатысы бар" деген айыппен бір жылға бостандығы шектелген Серік Жахин мен Гүлмира Халықованың апелляциялық шағымдары қаралған сотқа қатысты. Сот белсенділерге шыққан үкімді күшінде қалдырды. Былтырдан бері Қазақстан билігі "ҚДТ-ға қатысы бар" деген күдікпен ондаған адамға айып тағып, кейбірін соттаған. ҚДТ туралы сот шешімінің "экстремистік ұйым" туралы жазылған тұсы бұлыңғыр әрі қайшылығы бар деп санайтын заңгерлер "жауапқа тартылғандар негізсіз қудаланды" деп есептейді.

"ЖЕР МИТИНГІСІ ӘСЕР ЕТТІ"

Қостанай облысының Жангелді ауданында туған Дулат Ағаділ – алты баланың әкесі. Балаларының алды оқу бітірген, одан кейінгілері әлі мектеп жасында. Жұбайы Гүлнар Қасымханованың айтуынша, отбасы 2007 жылы Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласы маңындағы Талапкер ауылына қоныс аударған.

- Талапкерге біз көшіп келген кезде жол, жарық, су көкейкесті мәселе болатын. Адамдар қыстыгүні аяз бен желден ықтап тұратын аялдама мүлде болмады. Дулат әкімдікке, автопарктерге үнемі барып, осы мәселелерді айтып жүрді. Кейін әлеуметтік желіні пайдалана бастады, - дейді Гүлнар Қасымханова.

Ол өздері тұратын ауылда жолдар жөнделіп, аялдамалар салына бастағанына Дулаттың қосқан үлесі де бар деп санайды. Алайда ауылда ауыз су мәселесі әлі шешілмей келе жатқанын айтады.

Гүлнардың сөзінше, күйеуі ауылдағыдан өзге де мәселелерді қозғап, белсенділік танытқаннан соң биліктің назарына іліккен. Ағаділ биыл ақпанда ел астанасында уақытша баспанада шыққан өрттен бір отбасының бес баласының қазаға ұшырауы себеп болған көп балалы аналар наразылығы, сонымен бірге саяси тұтқындарға бостандық беру, азаптауды доғару, бейбіт шеру бостандығы мен әділ сайлау туралы талап қойған акцияларға белсене араласқан.

Полицейлердің белсенді Дулат Ағаділді (ортада) күштеп ұстап жатқан сәті. Нұр-Сұлтан, 26 қазан 2019 жыл.
Полицейлердің белсенді Дулат Ағаділді (ортада) күштеп ұстап жатқан сәті. Нұр-Сұлтан, 26 қазан 2019 жыл.

- Дулатты қудалау сайлаудан (маусымда кезектен тыс өткен президент сайлауы – ред.) кейін басталды. Сол күндері оны үйден шығармады. Дулат көп балалы аналардың проблемасына қатты күйініп жүрді, үйдегі жұмыстарға көмектеспей кетіп қалатын, - дейді Гүлнар Қасымханова.

Ол қарашаның 13-інде уақытша қамау орнынан қашып кеткен күйеуін іздеп келген полиция қызметкерлерінің үй ішін тінтіп, тіпті мұздатқыштың ішіне дейін қарағанын еске алып күледі.

- Дулат өмірдегі қиындықты әзілге айналдырғанды жақсы көреді. Ол "қамаудан қашты" дегенде басында уайымдағаныммен, кейін полицияның да әлеуметтік жағдайын көрсеткісі келгенін түсіндім, - дейді Гүлнар Қасымханова.

Белсенділер Дулат Ағаділ (сол жақта), Әлия Жакупова мен Назым Серікпекова әкімшілік сотта отыр. Нұр-Сұлтан, 25 тамыз 2019 жыл.
Белсенділер Дулат Ағаділ (сол жақта), Әлия Жакупова мен Назым Серікпекова әкімшілік сотта отыр. Нұр-Сұлтан, 25 тамыз 2019 жыл.

Дулат Ағаділдің өзі саяси ұстанымының қалыптасуына 2016 жылы сәуірде Атырауда үкіметтің жер реформасына қарсылық шеруі әсер еткенін айтады. Макс Боқаев, Талғат Аянның бастамасын қолдап, кейін жер мәселесін көтерген белсенді Қайырлы Омармен танысқанын, өзін толғандырған мәселелерді әлеуметтік желіде көрсете бастағанын айтады.

ДУЛАТ АҒАДІЛДІ ЖАЗАЛАУ

Азаматтық белсенді Дулат Ағаділ биылғы тамыздан бері "полицияға қарсылық көрсетті", "сотты құрметтемеді", "заңсыз митингіге шықты" және "әлеуметтік желі арқылы жұртты заңсыз шеруге шақырды" деген айыптар бойынша бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылып, жалпы мерзімі алпыс күн қамауда отырды.

  • Қарашаның 15-і күні қайта қамалғаннан кейін, Целиноград аудандық соты Дулат Ағаділді "сот қаулысын орындамағаны үшін" қосымша 6 тәулікке қамау туралы шешім шығарды. Осы мерзім аяқталған соң белсенді қарашаның 8-і күні шығарылған шешімге сай жаза мерзімін өтеді;
  • қарашаның 8-і күні қамау орнында отырған Дулат Ағаділді "сотқа құрмет танытпағаны" үшін тағы 5 тәулік әкімшілік қамауда ұстау туралы сот қаулысы шыққан еді, белсендінің апелляциялық шағымын қараған сот шешімді күшінде қалдырды;
  • қарашаның 4-і күні Ағаділ "сотқа жеткізбек болған полицияға бағынбағаны" үшін әкімшілік сот шешімімен 10 тәулікке қамалды;
  • қазанның 28-і күні Целиноград ауданы соты Дулат Ағаділді "полиция бөлімінде билік өкілдерінің талабына мойынсұнбаған" деген айыппен 10 тәулікке қамауға шешім шығарған;
  • қыркүйектің 21-іне Ақтөбе соты әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізген Ағаділді "заңсыз митингіге шақырғаны үшін" 15 тәулікке қамауға алды;
  • тамыздың 27-і күні Нұр-Сұлтандағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот Ағаділді "шеру өткізу тәртібін бұзды" деп айыптап, он тәулікке қамады;
  • тамыздың 24-інде Дулат Ағаділ "полицияға бағынбады" деген айыппен бес тәулікке қамалған еді. Адвокаты Данияр Ахтановтың айтуынша, сот оны сол күні Нұр-Сұлтан полиция департаментінің алдында "заңсыз акция өткізді" деп айыптап, дәлел ретінде белсенділердің тамыздың 23-і АҚШ елшілігі мен Әзірет Сұлтан мешіті алдындағы "саяси тұтқындарды" босатуды талап еткен наразылықтан түсірілген видеоны пайдаланған.

Дулат Ағаділ өзіне тағылған барлық айыптарды мойындаудан бас тартқан.

Маусымның 9-ы, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өткен күні Нұр-Сұлтанда полицейлер Азаттық радиосының тікелей эфиріне бара жатқан Дулат Ағаділді ұстап, Есіл аудандық полиция бөліміне апарған. Кейін белсенді полиция бөлімінде билік өкілдері өзіне күш көрсеткені туралы мәлімдеп, Бас прокуратураға шағым түсірген еді.

Биыл қарашаның 7-і күні Женевада Қазақстанның елдегі адам құқығы ахуалына байланысты есебін тыңдаған БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесінде Батыс елдері Нұр-Сұлтанды азаматтардың ой-пікірін еркін білдіріп бейбіт митингі мен наразылық шараларына шығу құқығын құрметтеуге, ашық әрі демократиялық стандарттарға сай сайлау өткізуге, сөз және баспасөз бостандығын қамтамасыз етуге шақырған. Қыркүйекте Варшавада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының адам құқығы өлшемдері жөніндегі дәстүрлі кеңесінде Қазақстанның үкімет делегациясы елде азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығы сақталып отыр деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG