Accessibility links

Шеруді қолдаған белсенді ұстазды жұмыстан алып, әскерге шақырды


"Митингіге үндеген" мұғалім жұмыссыз қалып, әскерге шақырылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:19 0:00

Азаматтық белсенді Нұрбол Өнерхан митингіні қолдап, әлеуметтік желіде пост жариялағаннан кейін әкімшілік қамауға алынды, мектептегі жұмысынан шығарылып, әскер қатарына шақырылды. Ғабит Мүсірепов ауданы, Солтүстік Қазақстан облысы.

Петропавлдан 240 шақырым жердегі Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Бірлік ауылында тұратын 26 жастағы Нұрбол Өнерхан "азаматтық белсенділігі үшін қысымға ұшырағанын" айтады. Әлеуметтік желідегі "шеруге шақырған" посты үшін сот шешімімен он тәулік әкімшілік қамауда отырып шыққан соң жұмыстан босап, әскерге шақырту алған. Мектеп әкімшілігі мен әскери комиссариат шешімдерінің жігіттің белсенділігіне "қатысы жоғын" айтады.

Көкшетау қаласындағы "Көкше" академиясын үздік бітіріп, тарих пәнінің мұғалімі мамандығын алып шыққан соң Нұрбол Өнерхан үш жылдай өз ауылынан он шақырым жердегі ауылға бірде – көлікпен, бірде жаяу қатынап, негізгі мектепте сабақ берген. Қазір Нұрболдың жұмыссыз қалғанына екі ай болды. Өзі "азаматтық белсенділігім үшін жазықты болдым" дейді.

"КҮРЕСУ КЕРЕК ДЕП ШЕШТІМ"

Жоғары оқу орнын тәмамдап, үйіне оралған соң Нұрбол 2017 жылы сәуірде Бірлікпен көрші Старобелка ауылындағы негізгі мектепке тарих пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан. "Алғашқыда 30-40 мың теңге (сол кездегі бағаммен 107 доллар) жалақымен бастадым" деген жігіт мектептегі жұмысы өзіне ұнағанын айтады. Қосымша сағат алу үшін 2018 жылы география пәні бойынша курсты оқып бітірген.

Азаматтық белсенді Нұрбол Өнерхан жұмыс істеген Старобелка негізгі мектебі. Ғабит Мүсірепов ауданы, Солтүстік Қазақстан облысы. 14 ақпан 2020 жыл.
Азаматтық белсенді Нұрбол Өнерхан жұмыс істеген Старобелка негізгі мектебі. Ғабит Мүсірепов ауданы, Солтүстік Қазақстан облысы. 14 ақпан 2020 жыл.

Үш жылда жас мұғалімнің табысы екі есе артып, 70 мың теңгеге (қазіргі бағаммен 183 долларға) жеткен. Бірақ бұл Қазақстан билігі 2019 жылғы орташа айлық деп көрсеткен сомадан шамамен үш есе аз.

- Сол кездері мені елде болып жатқан жағдай толғандыра бастады. Пайдалы қазбаға бай Қазақстанда халық табысы шикізаты жоқ елдерден төмен. Зерттей келе көзім ашылды, - дейді ол.

Жас жігіт мұнан соң Қазақстандағы адам құқығының жай-күйімен танысып, Конституциядағы "адам өмірі ең жоғары дәрежеде қорғалатыны" туралы баптың "жұмыс істемейтініне", халықтың шынайы табысы "аз екеніне" көз жеткізгенін айтады.

- Осы мәселелер қатты толғандарды. Кейін бұл ойларды толық түсініп, биліктің дұрыс саясат жүргізбей отырғанын, онымен күресу керегін ұқтым. Ойымды әлеуметтік желілерде айтамын деп шештім. Азаматтық белсенді болып, халықты өз құқығын қорғауға шақырдым, - дейді ол.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ БЕЛСЕНДІЛІК

Нұрбол 2019 жылдың қазанында Youtube-та өз атымен канал ашып, билікті сынайтын видеолар жариялай бастаған. Соның кейбірі шамалы уақыттан соң Нұрболдың үстінен әкімшілік іс қозғауға ілік болған.

Жас белсенді "ой-пікірін ашық айтқан адамды қырына алатын мемлекеттен қысым болатынын, тіпті жұмыссыз қалуым мүмкін екенін білдім" дейді.

- Алғашқы видеомды жариялағаннан бері басымнан неше түрлі оқиға өтті, - дейді Нұрбол.

Мұғалім алғашқы видеосында өзін демократиялы ел деп жариялаған Қазақстанда "диктаторлық жүйе орнағанын, биліктің реформалар жүргізбей жатқанын" сынаған. Конституциядағы адам құқығы туралы баптардың жұмыс істемейтінін айтып, Нұр-Сұлтанды түрмеде отырған Мұхтар Жәкішев, Макс Боқаев сынды саяси тұтқындарды босатуға шақырды.

- Осы видеоны жариялаған соң әкімдіктен мектеп директорына хабарласып, мені аудандық оқу бөліміне шақыртты. Ондағылар мені прокуратураға жіберді. Көрдіңіздер ме? Оқу бөлімі арқылы шақырып отыр. Ал заң бойынша олай болмауы керек деп санаймын. Олар маған ескерту берді. "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қатысыңыз жоқ па?" деп сұрады. Мен "ол ұйымның экстремистік деп жарияланғанын білемін. Бағдарламасын қолдаймын. Бірақ ол ұйымға мүше емеспін" дедім, - дейді Нұрбол.

Қазақстан билігін сынаушы, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов басқаратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын (ҚДТ) 2018 жылы наурызда Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп танып, тыйым салған. Әблязов Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. Еуропарламент 2019 жылғы наурыздағы резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Нұрбол Өнерхан прокуратура кейін тағы да шақырып, өзіне ескерту жасағанын айтады.

- "Адамдарды заңсыз шеруге шақырмаңыз" деді. Мен "шеруге емес, адамдарды өз құқығын қорғауға шақырдым" дедім. Демократиялы елдерде мұндай үндеу – қалыпты құбылыс, - дейді Нұрбол.

Азаттық тілшісі Ғабит Мүсірепов ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Эльмира Қарабаева хабарласты. Шенеунік Нұрболдың "прокуратура білім бөлімі арқылы кездесуге шақыртты" деген сөзін жоққа шығарды.

- Прокуратура мен білім бөлімінің арасында ешқандай байланыс жоқ, - деді Қарабаева.

ТҮНГІ СОТ ЖӘНЕ ӘКІМШІЛІК ҚАМАУ

Нұрбол Өнерхан 2019 жылы желтоқсанның 13-і күні кешке ауылдағы үйіне келген учаскелік полиция қызметкері оны аудан орталығы Новоишимка ауылындағы полиция бөліміне апарғанын айтады.

- Полицияда маған хаттама толтырды. Себебін сұрағанымда, "видео жазып, заңды бұзыпсыз. Сізді қазір сотқа жібереміз, шешімді сот қабылдайды" деп жауап берді, - дейді ол.

Полиция майоры А.Т.Оразалиев қол қойған әкімшілік құқықбұзушылық іс туралы хаттамада "Өнерханның түсірген видеоларында митингiлер ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңды бұзу белгілері анықталғаны", Нұрболдың "митингілердің пайдасы туралы айтқаны", "полицейлерді алаңға шыққан азаматтарды ұстамауға шақырғаны" жазылған.

Полицейлер дәлел ретінде ауыл белсендісінің әлеуметтік желіде жазған бірнеше комментарийін де келтірген.

Мысалы, желтоқсанның 16-сы күні митингілердің қайда өтетінін сұраған қолданушыға Нұрбол "Астана, Алматы және облыс орталықтарында гүл шоқтарын қояды. Сағат 12.00-де" деп жауап берген. Хаттаманы толтырған полицей "осы жауапқа қарап, Нұрбол Өнерханның митинг өткізу үшін рұқсат алуға ынталы емесін, рұқсат алмайтынын көруге болады. […] Ол – осы рұқсат етілмеген митингінің ұйымдастырушысы" деген тұжырым жасаған.

Азаматтық белсенді Нұрбол Өнерханды 10 тәулік әкімшілік қамауға алу туралы Ғабит Мүсірепов аудандық соты шығарған қаулы.
Азаматтық белсенді Нұрбол Өнерханды 10 тәулік әкімшілік қамауға алу туралы Ғабит Мүсірепов аудандық соты шығарған қаулы.

Нұрболдың үстінен қозғалған әкімшілік іс бойынша сот отырысы түнгі сағат 12.00-нің шамасында өткен. Әкімшілік істі қараған Ғабит Мүсірепов аудандық сотының судьясы Жасұлан Қабыш азамат Нұрбол Өнерханды "митинг өткізу ережесін қайтара бұзғаны үшін" кінәлі деп таныған.

- Сотқа неге мұндай видеолар түсіре бастағанымды, онда не айтқанымның бәрін түсіндіріп бердім. Бірақ судья мені 10 тәулікке қамау туралы шешім шығарды, - дейді ол.

Новоишимка ауылындағы уақытша ұстау изоляторында әкімшілік жазасын өтеп, бостандыққа шыққан жас мұғалім өзін шұғыл түрде әскер қатарына шақырып жатқанын естіген.

ӘСКЕРГЕ ШҰҒЫЛ ШАҚЫРУ

Желтоқсанның 23-і түн мезгілінде әкімшілік қамаудан босап шыққан Нұрбол уақытша ұстау изоляторының алдында өзін күтіп тұрған әскери комиссариат өкілдерін көрген.

- "Сізді шақыртумен военкоматқа апарамыз. Ертең медициналық бақылаудан өтесіз" деді. Ертеңіне мені облыс орталығы Петропавл қаласына жіберді. Аяғымда жарақат барын анықтады. [Комиссия] "жүрек соғысында ақау бар" деді. Бірақ соған қарамастан, "әскерге жарамды" деп жазып, әскерге жібермекші болды. Мен "емделуім керек" деп, әскерге барудан бас тарттым. Көктемде тағы шақыратындарын айтты, - дейді Нұрбол.

Әкімшілік қамаудан шыққан соң Нұрбол Өнерханның комиссиядан өткенін Азаттық тілшісіне Ғ.Мүсірепов аудандық қорғаныс істері бөлімінің өкілі капитан Евгений Ильин растады. Ол Нұрбол Өнерханның әскерге шақырылуы "белсенділігімен байланысты емес" деп сендіреді.

- Оны [мектептен] жұмыстан шығарып жібергендіктен, борышын өтеу мерзімі кейінге қалдырылмайды. Шақырту бердік. Ол денсаулығына байланысты әскердің кей түріне жарамды. Көктемде әскерге шақыру науқаны қайта басталады. Сол кезде шақырту жібереміз, - деді Ильин.

Белсендінің "денсаулығында кінәрат бары" жайлы сөзіне байланысты Азаттық тілшісінің сауалына әскери коммисариат өкілі былай жауап берді:

- Мен – дәрігер емеспін. Ол да дәрігер емес. Комиссияда 11 маман отырды. Бәрінен өтті. Жарамды-жарамды емесін солар анықтады. Әлдебір адамның сөзі туралы ештеңе айта алмаймын. Фактілерге ғана сүйенемін. Факт бойынша, ол әскерге жартылай жарамды. Оған басқа еш сұрағым жоқ. Ол – Қазақстан азаматы, борышын өтеуге міндетті.

ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРУ ТУРАЛЫ БҰЙРЫҚ

Облыс орталығында комиссиядан өтіп, ауылына оралған Нұрбол өзін мектептегі жұмысынан шығарып жібергенін естіген.

- "Не себепті жұмыстан шығарылдым?" деп сұрағанымда директор Еңбек кодексіндегі 52-баптың 8-тармағын ("жұмысқа келмей қою") алға тартты. Ал мені жұмыстан шығару туралы бұйрықта 52-баптың 7-тармағына ("жұмысты дұрыс атқармау") сілтеме жасалған. Жұмысымды жақсы істедім, бәрін заң бойынша талапқа сай орындап жүрдім. Төрт жыл бойы оқыған мамандығымды жетік меңгергенмін. Үш жылдық тәжірибем бар. Оқушылармен жұмыс істей аламын, - дейді бұрынғы мұғалім.

Азаматтық белсенді Нұрбол Өнерхан өзі мұғалім болып істеген Старобелка негізгі мектебін аралап жүр. Ғабит Мүсірепов ауданы, Солтүстік Қазақстан облысы. 14 ақпан 2020 жыл.
Азаматтық белсенді Нұрбол Өнерхан өзі мұғалім болып істеген Старобелка негізгі мектебін аралап жүр. Ғабит Мүсірепов ауданы, Солтүстік Қазақстан облысы. 14 ақпан 2020 жыл.

Старобелка негізгі мектебінің директоры Анна Сазонованың Нұрбол Өнерханның ұстаздық қабілеті туралы пікірі өзгеше.

- Сабақ өту әдістемесі, әсіресе мемлекет пен құқық негіздері пәнін қалай өткізгені ұнаған жоқ. Ол сабақты оқулық бойынша емес, өзі қалай қаласа – солай өткізіп келген. Бұл туралы балалар айтты. [Нұрбол] "өздеріңе ешқандай жағдай жасамайтын мемлекетке көмектесуге міндетті емессіңдер" деген. Бір емес, бірнеше рет солай айтқан, - дейді мектеп директоры.

Белсенді қамауда отырғанда мектеп директоры Анна Сазонова шығарған бұйрықта "Тарих пен қоғамтану пәнінің мұғалімі Нұрбол Өнерханмен еңбек шартын желтоқсанның 21-інен бастап үзуді бұйырамын" деп жазылған. Сазонованың сөзінше, Нұрболдың сабақтары тоқтап қалғандықтан, оқу жылының соңында оқушылардың жиынтық бағалауы өтпей қалған.

"БИЛІК ЖАЗАЛАУҒА БАРЛЫҚ ҚҰРАЛЫН ҚОЛДАНАДЫ"

Қазақстандық адам құқығы мен заңдылықты сақтау халықаралық бюросының жетекшісі, құқық қорғаушы Евгений Жовтис Нұрбол Өнерханның жұмыстан шығып, әскерге шақыртылуын – "белсендіге қысым көрсетудің біраздан бері қолданылып келе жатқан үлгісі" деп атайды.

- Мұғалімнің мектептегі жұмысынан шығарылуын қисынға салып түсіндіруге болады. Мысалы, әлдебір адам бостандығынан айырылса, жұмысынан босатылады. Оны қылмыс жасағаны үшін емес, жұмысқа келмегені үшін шығарады, - дейді Жовтис.

Бірақ құқық қорғаушы Еңбек кодексіндегі бұл бапты билік елдегі белсенділерге қысым көрсеткен кезде жиі қолданатынын айтады.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

- Қазақстанда азаматтық белсенділіктің адам өміріне тікелей әсері бар. Белсендінің әлсіз тұсын іздейді. Жұмыс істейсің бе? Демек, бастығың арқылы қысым көрсетеді немесе Нұрбол сияқты жұмыстан босатады. Оқисың ба? Онда оқудан шығарып жіберудің амалын табады. Ештеңең болмаса, туыстарың арқылы ықпал етеді. Қазақстан билігі оппозициямен күресте қолда бар құралын пайдаланады, - дейді құқық қорғаушы.

Жовтистің сөзінше, саяси белсенділік танытқандарды әскерге шақырту – көрші Ресейде де белсенділерге қысым көрсету үшін билік жиі қолданатын тәсіл.

"Ар.Рух.Хақ" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина "соңғы кездері Қазақстан билігі осы амалды бірнеше рет пайдаланып, саяси белсенділік танытқан Бейбарыс Толымбеков, Әлімжан Ізбасаров, Данияр Хасенов, Берікбол Сәдібай, Марат Өскенәлі мен Аслан Сагутдинов сияқты жастарды әскери комиссариатқа шақыртты. Кейбірін әскерге әкетті" дейді.

"ІСІМЕ ӨКІНБЕЙМІН"

Отбасындағы алты баланың кенжесі Нұрбол шалғайдағы тұрмысы жұпыны ауылда кәрі әке-шешесімен бірге тұрады. Мұғалім жігіт жұмыссыз қалғалы отбасы ата-анасының зейнетақысына қарап отыр.

Азаматтық белсенді Нұрбол Өнерхан зейнеткер әке-шешесімен бірге. Бірлік ауылы, Ғабит Мүсірепов ауданы, Солтүстік Қазақстан облысы. 14 ақпан 2020 жыл.
Азаматтық белсенді Нұрбол Өнерхан зейнеткер әке-шешесімен бірге. Бірлік ауылы, Ғабит Мүсірепов ауданы, Солтүстік Қазақстан облысы. 14 ақпан 2020 жыл.

- Мектептен еңбек заңындағы келеңсіз бап бойынша қуылған соң мені басқа жақ жұмысқа алмайды. Бос жұмыс орны бар бірнеше жерге бардым. Қара жұмыс істеуге де дайын болдым. Бірақ әзірге таппадым. Не "адам таптық" деп, не "тәжірибең жоқ" деп қайтарады, - дейді ол.

Нұрбол билікке талап қойған акцияларын әлі өткізіп келеді. Белсенді ақпанның 10-ы күні облыс орталығынан жүздеген шақырым қашықта жатқан, мыңнан аса тұрғыны бар Бірлік ауылындағы жергілікті әкімдік алдына шығып, биліктен бейбіт митингілер өткізуге рұқсат етуді талап етті. "Ауылдасың ба, қаладасың ба – ол маңызды емес. Өзгеріс жасау белсенділігіңе байланысты" дейді ауыл тұрғыны.

Нұрбол Өнерхан азаматтық ой-пікірін ашық білдіріп, белсендіге айналғанына өкінбейді.

- Өзіме не боларын білдім. Өкінбеймін. Өзімнің, елдің құқығы үшін күресіп жүргеніме қуанамын, - дейді бұрынғы мұғалім.

Осы мақала жарияланғаннан кейін Азаттыққа Нұрбол Өнерханның туыстары хабарласып, жергілікті сот белсендіні "Бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы) деген айыппен 15 күнге қамағаны туралы хабарлады.

Мақаланы дайындауға Нұргүл Алина көмектесті.


  • 16x9 Image

    Аян ҚАЛМҰРАТ

    Аян Қалмұрат - Азаттықтың Алматы бюросында 2017 жылдан бері тілші. Тұран университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұрындары 7kun.kz ақпарат агенттігі мен "Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Днепрде вирустан қайтыс болуы мүмкін адамдарға қабір қазып қойды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:38 0:00
XS
SM
MD
LG