Accessibility links

Құқық қорғаушылар: Президент ауысса да, саяси тұтқын азаймады


БҰҰ өкілдігі алдында Қазақстандағы саяси тұтқындарға бостандық талап етіп, акция өткізіп тұрған адамдар. Нұр-Сұлтан, 7 тамыз 2019 жыл.
БҰҰ өкілдігі алдында Қазақстандағы саяси тұтқындарға бостандық талап етіп, акция өткізіп тұрған адамдар. Нұр-Сұлтан, 7 тамыз 2019 жыл.

Қазақстанда құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған адамдардың біреуі 2019 жылдың соңында бостандыққа шықты, қалған 16-сы әлі осы тізімде. Құқық қорғаушылар елде президент ауысқанмен "ой-пікірі мен белсенділігі үшін жазаланған азаматтар бұрынғысынша абақтыда отыр" дейді. Билік елде саяси тұтқын барын жоққа шығарады.

"БІРЕУІН БОСАТТЫ, ҚАЛҒАНЫ ӘЛІ ТҮРМЕДЕ"

Қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген азаматтардың біреуі - кәсіпкер Ескендір Ерімбетов 2019 жылдың соңында бостандыққа шықты. Тізімде әлі 16 адам бар.

2020 жылдың қарсаңында құқық қорғаушылардың сарапшылар кеңесі сот үкімі бойынша түрлі мерзімге түрмеге қамалған шымкенттік кәсіподақ жетекшісі Ерлан Балтабай, Түркістан облысындағы "Сарыағаш инфо" газетінің бас редакторы Амангелді Батырбеков және маңғыстаулық блогер Жамбыл Көбейсіновті "саяси тұтқын" деп таныған.

Шымкенттегі Еңбекші аудандық соты өткен жылы шілде айында "Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподағы төрағасы Ерлан Балтабайды "қызметін пайдаланып кәсіподақ жарғысының талаптарын бұзды", "кәсіподақ ақшасын есепсіз жұмсады" және "кәсіподақ ақшасын иемдене отырып жәбірленушіге аса ірі көлемде залал келтірді" деген айыппен 7 жылға соттаған.

"Лайықты еңбек" тәуелсіз кәсіподақ ұйымы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподағының бұрынғы төрағасы Ерлан Балтабай. Алматы, 3 қазан 2019 жыл.
"Лайықты еңбек" тәуелсіз кәсіподақ ұйымы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподағының бұрынғы төрағасы Ерлан Балтабай. Алматы, 3 қазан 2019 жыл.

Тағылған айыпты мойындаудан бас тартқан Балтабай істің саяси астары бар деп мәлімдеген. Халықаралық ұйымдар сот үкімін сынға алып, Нұр-Сұлтаннан кәсіподақ белсендісін босатуды талап еткен. Тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Ерлан Балтабайға рақымшылық жарияланып, оның жаза мерзімі айыппұлға алмастырылған. Бостандыққа шыққан Балтабайдың шілдедегі үкіміне қарсы берген апелляциялық шағымын сот қанағаттандырған жоқ. Қазанның 16-сы күні Шымкенттің Әл-Фараби аудандық соты Балтабайды 5 ай 8 күнге қайтадан түрмеге қамауға үкім етті. Халықаралық кәсіподақ конфедерациясы Қазақстан билігін Ерлан Балтабайға бостандық беруге шақырып, оған шығарылған үкімнің күшін жоюды және кәсіподақ қайраткерін ақтауды талап етті.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының соты қыркүйекте жергілікті "Сарыағаш инфо" газетінің бас редакторы Амангелді Батырбековті Келес ауданы білім бөлімінің басшысы Бақтияр Әбдиевке "жала жапқан" және "қорлаған" деген айыппен екі жыл үш айға түрмеге қамаған.

"Жала жабу" және "Қорлау" баптары бойынша 2 жыл 3 айға түрмеге қамалған журналист Амангелді Батырбеков сот залында. Түркістан, 15 қараша 2019 жыл.
"Жала жабу" және "Қорлау" баптары бойынша 2 жыл 3 айға түрмеге қамалған журналист Амангелді Батырбеков сот залында. Түркістан, 15 қараша 2019 жыл.

Сот кезінде Батырбеков өзі жазған деректер шындыққа сай келетінін, жарияланымда Келес ауданында мектеп директорын қызметке конкурспен қабылдау шарты бұзылғанын сынағанын айтып, тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген. Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" (Reporters sans frontières, RSF) ұйымы мен "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) Қазақстан билігін Батырбековті дереу босатып, тағылған барлық айыпты алып тастауға шақырған. Қазір түрмеде отырған журналистің үстінен "Жала жабу" және "Қорлау" баптары бойынша тағы бір сот өтіп жатыр.

Желтоқсанның ортасында Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық соты жергілікті блогер Жамбыл Көбейсіновті Қылмыстық кодекстің 130-бабының 2-тармағы ("Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдаланып жала жабу") бойынша айыпты деп танып, жарты жылға абақтыға қамауға, оның әйелі Ділбар Бегжанованың бостандығын алты айға шектеуге үкім шығарды.

Маңғыстаулық белсенді әрі блогер Жамбыл Көбейсінов (оң жақта) пен әйелі Ділбар Бегжанова. Видеодан скриншот.
Маңғыстаулық белсенді әрі блогер Жамбыл Көбейсінов (оң жақта) пен әйелі Ділбар Бегжанова. Видеодан скриншот.

Кәмелетке толмаған алты бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыптының үстінен аудандық полиция бастығы Рашид Қуандықов жеке шағым түсірген. "Жамбыл YouТube-тегі каналында аймақтағы проблемаларды үнемі көтергені үшін қудаланды. Биыл жазда ол "полицияға бағынбады", "митинг өткізу тәртібін бұзды" деген айыптар бойынша бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылып, 5-15 тәулік аралығында қамауға алынды" дейді қазақстандық құқық қорғаушылар кеңесі.

Қазақстандық құқық қорғаушылар түрлі қылмыстық айып тағылып, сот үкімімен түрмеге жабылған 16 адамды "саяси тұтқын" деп таныған. Соңғы жылдары тізімге енгізілгендер арасында азаматтық белсенділер көбейгені байқалады. Мысалы, сот "қарулы жиһадқа шақырған" деген айыппен түрме жазасын кескен Алмат Жұмағұлов (сегіз жыл) пен Кенжебек Әбішев (жеті жыл) – алматылық белсенділер. Қазақстан билігі "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған, ал Еуропарламент өткен жылы наурыздағы резолюциясында "бейбіт оппозициялық ұйым" деп сипаттаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жұмысына араласты деген айып тағылған алматылық тағы бір белсенді Әсет Әбішев төрт жылға қамалған. "Өкілеттігін теріс пайдаланды" деген айыппен екі жылға бостандығынан айырылған "Жер тағдыры" қоғамдық ұйымының басшысы Қайырлы Омар, "Денсаулыққа қасақана зиян келтіру" бабымен бес жылға сотталған жаңаөзендік жұмыссыз жастар белсендісі Ержан Елшібаев та абақтыда отыр. Бұлардан бөлек "саяси тұтқындар" тізімінде 2006 жылы жазда Алматының іргесіндегі елді мекенге сот заңсыз деп таныған жеке меншік үйлерді сүруге келген билік өкілдері мен тұрғындар арасында болған қақтығыстан бір полиция офицері қаза тапқаннан кейін, "Шаңырақ ісі" бойынша 18 жылға сотталған диссидент Арон Едігеев (ақынның лақап тегі – Атабек), "сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін ысырап қылды және пара алды" деген айыппен 14 жылға сотталған "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев, 2016 жылы сәуірде Атырауда болған жер мәселесіне байланысты жаппай наразылық шеруінен кейін "алауыздық қоздыру", "көрінеу жалған ақпарат тарату" және "шеру өткізу тәртібін бұзу" баптары бойынша бес жылға сотталған белсенді Макс Боқаев, "мемлекеттік қызметшілерге жала жапты" деген айыппен төрт жылға сотталған балқаштық құқық қорғаушы Санат Бөкенов, "діни алауыздық қоздырған" деген айыппен 4 жыл 8 айға түрмеге қамалған Сәкен Тулбаев, әлеуметтік желіде "сепаратизмге шақыратын сауалнама" жариялағаны үшін бес жылға сотталған Риддер тұрғыны Игорь Сычев, Петропавл қалалық соты "әлеуметтік желіде ұлтаралық және дінаралық араздық тудырды", "сепаратистік әрекет жасады" деген айыппен бес жарым жылға бостандығынан айырған Игорь Чуприна, "трансұлттық қылмыстық топ құрды" және "алауыздық тудырды" деген айып бойынша алты жылға түрмеге қамалған павлодарлық Руслан Гинатуллин бар.

ЕСКЕНДІР ЕРІМБЕТОВТІҢ БОСТАНДЫҚҚА ШЫҒУЫ

2018 жылы "алаяқтық жасады" деген айыппен жеті жылға сотталған, өзіне тағылған айыпты мойындамаған кәсіпкер Ескендір Ерімбетовті де құқық қорғаушылар "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ерімбетов ауыр дертке шалдығуына байланысты 2019 жылы желтоқсанның 27-і бостандыққа шыққаны туралы арада бірер күн өткенде қазір Еуропада тұрып жатқан туысы Ботагөз Жәрдемәлі хабарлаған. Құқық қорғаушылар Ерімбетовтің ісінің астарында "Ақорданы сынап жүрген қуғындағы бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовқа қарсы пайдалану үшін Ботагөз Жәрдемәліні Қазақстанға қайтару мақсаты жатыр" деп санайды. Ал Қазақстан билігі Ескендір Ерімбетов ісінің саяси астары барын жоққа шығарған.

Кәсіпкер Ескендір Ерімбетовті сот залына әкелген сәт. Алматы, 18 шілде 2018 жыл.
Кәсіпкер Ескендір Ерімбетовті сот залына әкелген сәт. Алматы, 18 шілде 2018 жыл.

Өткен жылы шілденің соңында АҚШ-тың 15 сенаторы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, Ерімбетовті дереу босатуға шақырған. Нұр-Сұлтан Ерімбетовтің ісі "әділ қаралды" деп жауап берген. 2018 жылы желтоқсанда БҰҰ-ның жұмыс тобы "Ерімбетов халықаралық құқық нормаларына қайшы ұсталып отыр, шұғыл босатылсын" деген қорытынды шығарған. Сол жылы әлем елдеріндегі адам құқығының жайы туралы жыл сайынғы баяндамада Қазақстанда саяси астармен қамауда отырған 24 азаматтың арасында Ескендір Ерімбетов те аталған болатын. Ерімбетовтің бостандыққа шыққаны мәлім болған кезде АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Қазақстанға келетіні жайлы ақпарат тараған еді. Бірақ қаңтардың басында АҚШ Ирак пен Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Помпеоның Қазақстан, Өзбекстан, Украина мен Беларусь елдеріне сапары кейінге қалғанын хабарлады.

"ТҮРМЕДЕ МҮГЕДЕК БОЛЫП, ДЕНСАУЛЫҒЫНАН АЙЫРЫЛДЫ"

Қазақстандық "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина қазір Семей мен Ақтөбеде түрмеде отырған Мұхтар Жәкішев пен Макс Боқаев денсаулық жағдайына байланысты медициналық көмекке мұқтаж екенін айтады.

Биліктен саяси тұтқындарды босатуды талап еткен наразылық акциясында түрмедегі Мұхтар Жәкішевтің суретін ұстап тұрған адам. Алматы, 10 қыркүйек 2019 жыл.
Биліктен саяси тұтқындарды босатуды талап еткен наразылық акциясында түрмедегі Мұхтар Жәкішевтің суретін ұстап тұрған адам. Алматы, 10 қыркүйек 2019 жыл.

"Жәкішев түрмеде мүгедек болып, денсаулығынан айырылды. Оны тіпті анасын жерлеуге жібермей қойды, шартты түрде босап шығуына рұқсат етпеді. Боқаевтың денсаулық жағдайы туыстарын алаңдатып отыр. Заң бойынша мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығаруға болатын уақыт әлдеқашан келгенімен билік оларды әлі күнге дейін түрмеде ұстап отыр. Осының өзі оларды жазалаудың саяси астары барын білдіреді" дейді Төреғожина.

Құқық қорғаушының айтуынша, өткен жылы желтоқсанның соңында онымен телефонмен сөйлескен кезде Макс Боқаев омыртқасындағы сырқаты мазалап жүргенін айтып қалған.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев сот залында. Атырау, 3 маусым 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Макс Боқаев сот залында. Атырау, 3 маусым 2016 жыл.

"Бірақ ол соның бәрін айтуға қысылады және маған да Ақтөбедегі қылмыстық атқару жүйесі департаментіне шағымдануға тыйым салған" дейді ол. Боқаев отырған Ақтөбедегі КА-168/2 мекемесі басшылығы "Боқаевтың денсаулығына қауіп жоғын" айтып жауап берген.

Атабек күнделікті қырынатын ұстараға зәру, дәптер, сағатына батарея тәрізді қарапайым заттар қажет екенін айтады.

Павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенова осы қаладағы тергеу абақтысында (АП-162/1 мекемесінде) жалғыз кісілік камерада қамауда отырған Арон Атабекке күнделікті тұрмыста пайдаланатын заттар жетіспей отырғанын айтады. Құқық қорғаушының сөзінше, бұл туралы өткен жылы қарашаның 20-сында Атабектен алған хатта жазылған.

"Атабек күнделікті қырынатын ұстараға зәру, дәптер, сағатына батарея тәрізді қарапайым заттар қажет екенін айтады. Айына оған екі ең төменгі айлық есептік көрсеткіш (5302 теңге, шамамен 14 долларға жуық - ред.) көлеміндегі ақшаға зат сатып алуға рұқсат берілген, бірақ соның өзін сатып ала алмайды, өйткені түрмедегі дүкен жұмыс істемейді" дейді құқық қорғаушы.

Құқық қорғаушы Елена Семенова мен ақын, диссидент Арон Атабек (оң жақта) тергеу абақтысында кездескенде түсірілген сурет. Павлодар, 26 шілде 2019 жыл.
Құқық қорғаушы Елена Семенова мен ақын, диссидент Арон Атабек (оң жақта) тергеу абақтысында кездескенде түсірілген сурет. Павлодар, 26 шілде 2019 жыл.

Семенованың сөзінше, былтыр шілденің 26-сы күні соңғы рет кездескен кезде Атабек өзінің жағдайы аздап жақсарғанын, жабылатын жеке әжетханасы бар жөндеу жұмыстары жүргізілген камераға ауыстырғанын айтқан.

"Менің ойымша, оған мекеме басшылығының өзгеруі, түрмелердегі жалпы жағдайдың аздап тұрақтана бастауымен қоса халықаралық ұйымдардың саяси тұтқындарға, соның ішінде Атабектің жағдайына да назар аударуы әсер еткен сияқты" дейді Семенова.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті бұған дейін Арон Атабектің денсаулық жағдайы қанағаттанарлық деп жауап берген. Тұтқынның қазіргі жай-күйі мен мұқтаждығы туралы Азаттық жолдаған сауалға комитеттен жауап әзірге келген жоқ.

Құқық қорғаушы Елена Семенова Арон Атабектің қазіргі жағдайымен танысу үшін онымен кездесуге рұқсат сұрап билікке өтініш беруді жоспарлап отырғанын айтады.

"ПРЕЗИДЕНТ АУЫССА ДА, САЯСИ ТҰТҚЫН АЗАЙМАДЫ"

Қазақстандық "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина Қазақстанда өткен жылы президент ауысып, елді отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына көп жылдан бері оның төңірегінде жүрген, бұрынғы парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев келген соң құқық қорғаушылар түрмеде ұзақ уақыттан бері отырған, кейбірінің денсаулығы нашарлаған Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, Макс Боқаев, Ескендір Ерімбетов пен өзге де тұтқындарға бостандық беруін сұрап екі рет өтініш жолдағанын айтады.

"БҰҰ жүйесінде істеген жұмыс тәжірибесі бар және оның принциптерін түсінетін Тоқаев мырза билікке кіріскенде гуманистік танытып, оларды босататын шығар деген ой болды. Тіпті көрші Өзбекстанда, сонымен бірге Тәжікстан мен Әзербайжанда да былтыр көп адамға, соның ішінде бірсыпыра саяси тұтқынға бостандық берді. Өкінішке қарай Қазақстан олай жасаған жоқ" дейді құқық қорғаушы.

Төреғожина былтыр елде "Саяси тұтқындарға бостандық берілсін!" деген талаппен акциялар көп өткенін, бұл мәселе әлеуметтік желіде жиі талқыланып, тіпті осы тақырыпты қозғаған кей азаматтар Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамына енгенімен, президенттің қатысуымен екі рет өткен кеңесте тұтқындар жайлы ештеңе айтпағанына назар аударады.

Ұлттық қоғамдық кеңес мүшелерінің бірі, медиа менеджер Арман Шораевтың пікірінше, Қылмыстық кодекстегі "Жала жабу" (130) бабын әкімшілік құқықбұзушылық заңына ауыстырып, "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздық тудыру" (174) бабын түбегейлі қайта қарауға биліктің ерік-жігері жетсе, елде "саяси тұтқындар" санын күрт азайтуға болар еді.

"Себебі олардың жартысынан көбі осы екі бап бойынша жауапқа тартылған. Ал олардан басқа айыптар тағылып, түрмеде отырғандардың ("саяси тұтқындар" деп саналатын – ред.) саны көп емес" дейді Шораев.

Алайда, оның пікірінше, қазіргі биліктің тұсында "саяси тұтқындар" тізімінде аталған адамдар түгелдей босап шығады деуге сенім аз.

"Оларды соттаған билік әлі орнында отыр, өзгерген жоқ. Жалпақ сөзбен айтқанда, "Ленинді көрген" адамдар биліктен кетпей ештеңе өзгермейді. Отыз жыл тұрған жүйе бір жылда өзгере қояды дегенге сенбеймін" дейді Шораев.

Қазақстандағы адам құқығын қорғау бюросының өкілі Евгений Жовтистің айтуынша, құқық қорғаушылар "саяси астары бар" деп санайтын істер қатарында "араздық қоздыру" бабымен бірге "тыйым салынған ұйым қызметіне қатысу" бабы бойынша айып тағылып, жауапқа тартылғандар саны көбейген.

Қазақстан соты 2018 жылы наурызда қуғындағы бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салғалы бері ондаған адам ҚДТ-ға қатысы бар деген күдікке ілінген, кейбірінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, жауапқа тартылған. Еуропарламент 2019 жылы наурыздағы резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп сипаттаған, құқық қорғаушылар сот шешімінің "экстремистік ұйым" туралы тұсы бұлыңғыр жазылған деп санайды.

"ҚДТ-ға қатысқан" деген айып тағылған белсенділер (артқы қатарда, солдан оңға қарай): Әнуар Әшіралиев, Оксана Шевчук пен Гүлзипа Жаукерова сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 19 қараша 2019 жыл.
"ҚДТ-ға қатысқан" деген айып тағылған белсенділер (артқы қатарда, солдан оңға қарай): Әнуар Әшіралиев, Оксана Шевчук пен Гүлзипа Жаукерова сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 19 қараша 2019 жыл.

"Бұған қоса, елде "діни баптар" бойынша сотталғандар бар, бұл жерде мен зорлық-зомбылыққа немесе терроризмге шақырушыларды айтып тұрған жоқпын, әңгіме олар жайлы емес. Мен әлдебір сайтқа кіргені, я лайк басқаны үшін ғана немесе мемлекеттік сарапшылар жүргізген сараптаманың даулы қорытындысы негізінде сот бостандығынан айырғандар туралы айтып отырмын. Егер осылардың бәрін біріктіретін болсақ, онда бізде саяси тұтқын деп тануға жататын адам саны бірнеше есеге көбейеді" дейді Жовтис.

Құқық қорғаушының пікірінше, Қазақстанның жаңа президенті Тоқаевтың тұсында бұған дейін қамауға алынған кей белсендіге шартты жаза кесіп, түрмеге отырғызылған кәсіподақ жетекшісіне рақымшылық жариялау (бірақ кейін оны бәрібір қайта қамап тастады) арқылы билік ең әуелі халықаралық қауымдастыққа бұрынғыдан "жұмсақ жаза" қолданғаны туралы белгі берген.

"Бірақ іс жүзінде бұл адамдарды бәрібір сотталған қылмыскер деп танып, тексеру, бақылау, қоғамдық қызметпен айналысуына, қайсыбір наразылық акцияларына қатысуына және т.б. тыйымдар салып, құқық қорғау органдарының қармағына іліп қойды. Яғни, сайып келгенде ештеңе өзгерген жоқ" дейді Жовтис.

Саяси тұтқындарды босатуды талап еткен белсенділер акциясы. Нұр-Сұлтан, 23 тамыз 2019 жыл

Нұр-Сұлтанда белсенділер саяси тұтқындарды босатуды талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:39 0:00

Биыл Қазақстанда "Саяси тұтқындарға бостандық!" талабымен белсенділер акциясы жиі өтті. Мұндай талап Қазақстанның ішінде әртүрлі наразылық шерулері кезінде де, сырт елдерде өткен акцияларда да көтерілді.

Құқық қорғаушылардың пікірінше, Қазақстанда президент ауысқанымен саяси тұтқындарға байланысты мәселеде ешқандай өзгеріс байқалмайды, белсенді азаматтарды түрлі айып тағып, қудалау бұрынғысынша жалғасып отыр.

"Биліктің құрғақ уәдесіне малданбай, саяси тұтқындарды босатуды табандылықпен талап етуге тиіспіз" дейді құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

Еуропарламент, АҚШ, БҰҰ және өзге халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды "саяси тұтқын" деп танылған азаматтарды түрмеден босатуға талай рет шақырған. Қазақстан билігі елде "саяси көзқарасы мен азаматтық позициясына бола жазаланған ешкім жоқ, түрмеде отырғандар - қылмысы үшін сотталғандар" деуден танбай келеді.

  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG