Accessibility links

Түрмедегі Балтабай, Батырбеков пен Көбейсіновті саяси тұтқын деп таныды


БҰҰ өкілдігі алдында Қазақстандағы саяси тұтқындарға бостандық талап етіп, акция өткізіп тұрған адамдар. Нұр-Сұлтан, 7 тамыз 2019 жыл.

Қазақстанда биыл сот шешімі бойынша түрлі мерзімге түрмеге қамалған шымкенттік кәсіподақ жетекшісі Ерлан Балтабай, Түркістан облысындағы "Сарыағаш инфо" газетінің бас редакторы Амангелді Батырбеков және маңғыстаулық блогер Жамбыл Көбейсінов саяси тұтқын деп танылды. Мұндай шешімді құқық қорғаушылардың сарапшылар кеңесі 30 желтоқсанда қабылдағаны туралы алматылық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

Биыл 17 шілдеде Шымкенттегі Еңбекші аудандық соты "Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабайды "қызметін пайдаланып кәсіподақ жарғысының талаптарын бұзды", "кәсіподақ ақшасын есепсіз жұмсады" және "кәсіподақ ақшасын иемдене отырып жәбірленушіге аса ірі көлемде залал келтірді" деп танып, 7 жылға соттаған. Тағылған айыпты мойындаудан бас тартқан Балтабай істің саяси астары бар деп мәлімдеген. Халықаралық ұйымдар сот үкімін сынға алып, Нұр-Сұлтаннан кәсіподақ белсендісін босатуды талап еткен. Тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Ерлан Балтабайға рақымшылық жарияланып, оның жаза мерзімі айыппұлға алмастырылған. Бостандыққа шыққан Балтабайдың шілдедегі үкіміне қарсы берген апелляциялық шағымын сот қанағаттандырған жоқ. 16 қазанда Шымкенттің Әл-Фараби аудандық соты Балтабайды 5 ай 8 күнге қайтадан түрмеге қамауға үкім еткен. "Халықаралық кәсіподақ конфедерациясы Қазақстан билігін Ерлан Балтабайға бостандық беруге шақырып, оған шығарылған үкімнің күшін жоюды және кәсіподақ қайраткерін ақтауды талап етіп отыр" дейді құқық қорғаушылар.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының соты 23 қыркүйекте жергілікті "Сарыағаш инфо" газетінің бас редакторы Амангелді Батырбековті Келес ауданы білім бөлімінің басшысы Бақтияр Әбдиевке "жала жапқан" және "қорлаған" деген айыппен екі жыл үш айға түрмеге қамаған. Сот кезінде Батырбеков өзі жазған деректер шындыққа сай келетінін, жарияланымда Келес ауданында мектеп директорын қызметке конкурспен қабылдау шарты бұзылғанын сынағанын айтып, тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген. Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" (Reporters sans frontières, RSF) ұйымы мен "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) Қазақстан билігін Батырбековті дереу босатып, тағылған барлық айыпты алып тастауға шақырған. Қазір түрмеде отырған журналистің үстінен "Жала жабу" және "Қорлау" баптары бойынша тағы бір сот өтіп жатыр.

13 желтоқсанда Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық соты жергілікті блогер Жамбыл Көбейсіновті Қылмыстық кодекстің 130-бабының 2-тармағы ("Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдаланып жала жабу") бойынша айыпты деп танып, жарты жылға абақтыға қамауға, оның әйелі Ділбар Бегжанованың бостандығын алты айға шектеуге үкім шығарды. Кәмелетке толмаған алты бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыптының үстінен аудандық полиция бастығы Рашид Қуандықов жеке шағым түсірген. "Жамбыл YouТube-тегі каналында аймақтағы проблемаларды үнемі көтергені үшін қудаланды. Биыл жазда ол "полицияға бағынбады", "митинг өткізу тәртібін бұзды" деген айыптар бойынша бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылып, 5-15 тәулік аралығында қамауға алынды" деп жазады қазақстандық құқық қорғаушылар кеңесі.

Қазақстандық құқық қорғаушылар түрлі қылмыстық айып тағылып, қазір абақтыда отырған 16 адамды саяси тұтқындар тізіміне қосқан. Олардың арасында "Шаңырақ ісі" бойынша 18 жылға сотталған диссидент ақын Арон Атабек, 14 жылға сотталған "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы төрағасы Мұхтар Жәкішев, 2016 жылы Атыраудағы жер шеруінен кейін бес жылға сотталған белсенді Макс Боқаев, "алауыздық қоздырды" деген айыппен сегіз жылға сотталған азаматтық белсенділер Алмат Жұмағұлов пен Кенжебек Әбішев, Қазақстан билігі "экстремистік" деп танып, тыйым салған, Еуропарламент қарарында "бейбіт оппозициялық ұйым" деп сипаттаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жұмысына араласты деген айыппен төрт жылға сотталған алматылық белсенді Әсет Әбішев, "Өкілеттілігін теріс пайдаланды" деген айыппен екі жылға бас бостандығынан айырылған "Жер тағдыры" қоғамдық ұйымының басшысы Қайырлы Омар, "Денсаулыққа қасақана зиян келтіру" бабымен бес жылға сотталған жаңаөзендік жұмыссыз жастар белсендісі Ержан Елшібаев және басқалар бар.

Осы тізімде болғандардың бірі, 2018 жылы 22 қазанда "аса ірі көлемде алаяқтық жасады" деген айыппен жеті жылға сотталған алматылық кәсіпкер Ескендір Ерімбетовтің осыдан бірнеше күн бұрын денсаулық жағдайына байланысты бостандыққа шыққаны туралы бүгін, 30 желтоқсанда оның туыстары хабарлады.

Биыл Қазақстанда "Саяси тұтқындарға бостандық!" талабымен белсенділер акциясы жиі өтті. Мұндай талап әртүрлі наразылық шерулері кезінде де көтерілді.

Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды түрмеде отырған саяси тұтқындарды босатуға шақырып келеді. Бірақ Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар барын теріске шығарады.

Оқи отырыңыз: "Қазақстанда саяси тұтқындар көбейіп келеді"

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Экономист: Дағдарыс ұзаққа созылып, жұмыссыздар көбеюі мүмкін
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:07 0:00
XS
SM
MD
LG