Accessibility links

Қос қаладағы митинг: Парламенттік жүйе. Саяси тұтқындар. Әкімдік ескертуі


Билікке талап және әкімдік ескертуі
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:15 0:00

Алматы мен Нұр-Сұлтандағы митинг. 9 қараша 2019 жыл.

Қарашаның 9-ы күні түстен кейін Алматы мен Нұр-Сұлтанда Oyan, Qazaqstan және "Республика" қозғалысы митинг өткізді. Полиция шараны бақылағанмен ешкімді ұстамады.

"ДИКТАТУРА ДЕРТІНЕ" ШАЛДЫҚҚАН МЕМЛЕКЕТТІҢ ЕМІ - САЯСИ РЕФОРМА"

Алматыда Oyan, Qazaqstan жастар қозғалысының митингісі Абай ескерткішінің алдында түскі сағат екіде басталды. Оған әуел баста 30-ға жуық адам жиналған, кейіннен жиналғандар саны 70-80-ге жуықтады.

Митингіде сөйлеген жастар елге қоғамдық-саяси өзгерістер керек екенін айтты. Белсенді Димаш Әлжанов Қазақстанда президент өкілетін қысқартып, мемлекет парламенттік формаға өтуі тиіс деді. Ол диктатура атты "ауруға шалдыққан" мемлекетті "саяси реформалар" жүргізу арқылы айықтыруға болады деді.

- Біз авторитарлық президенттік модельден тұтастай бас тартуымыз керек. Биліктің бір адамның қолында болуы - қоғамға, әрқайсымыз үшін қауіпті. Жекелеген адамдардың әділетсіз баюы, билікке "бүйрегі бұрған" әділетсіз сот жүйесі, экономикалық мүмкіндіктердің теңсіздігі - осының бәрі билік бір адамның қолында болғандықтан туындады, - деді Әлжанов.

Митингіде сөйлеп тұрған белсенді Димаш Әлжанов. Алматы, 9 қараша 2019 жыл.
Митингіде сөйлеп тұрған белсенді Димаш Әлжанов. Алматы, 9 қараша 2019 жыл.

Жастар митингіде "парламенттік республика", "гүл өссе елдің көркі, шал кетсе, елдің көркі", "рұқсатсыз бейбіт шеру", "мықты парламент, әділ сайлау, құқықтық мемлекет" деген жазуы бар плакаттар ұстап тұрды. Олар "Оян, Қазақстан!" деп айқайлап, "саяси тұтқындарды" босатуды талап етті.

Тікелей эфирді көріңіз:

Бауыржан есімді жігіт медицина, білім саласындағы парақорлықты айтып, полицейлердің қылмыспен күресуге емес, митингіге қатысқандарды жазалауға асығатынын сынады.

Белсенді Әлнұр Ильяшев митингіге "азаматтық киіммен келіп, жастарды ұстамай, бақылап тұрған" ұлттық қауіпсіздік комитеті, полиция қызметкерлеріне "алғыс айтты". Ол билікті саяси бәсекелестіктің дамуына кедергі жасамауын, азаматтық белсенділерді қудаламауға шақырды. Жастар түскі сағат үш шамасында қаладағы "Республика" алаңына қарай марш жасап, жылжыды. Түскі үш жарым шамасында тарады.

МИТИНГІДЕГІ ТАЛАП ЖӘНЕ ӘКІМДІК ЕСКЕРТУІ

Нұр-Сұлтанда митингі "Жерұйық" саябағында өтті. "Республика" қозғалысы жетекшілерінің бірі Белла Орынбетова "мемлекетті бір адамның басқаруы елді тығырыққа тірейтінін айтып", оның салдары қандай болатынын Қазақстан көрді деп айтты.

Нұр-Сұлтандағы митингіге келген жастар. 9 қараша 2019 жыл.
Нұр-Сұлтандағы митингіге келген жастар. 9 қараша 2019 жыл.

Ол сайлау және сот жүйесін реформалау қажеттігін, билік тармақтарының дербестігі маңызды екенін, азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарының сақталуы тиіс екенін айтты.

- Бізде биліктің үш тармағы: атқарушы билік, заң шығарушы билік, сот жүйесі бір-бірінің сөзін сөйлеп, бір ғана адамның мүддесіне қызмет етіп отыр. Бізде саяси тұтқындар болмас үшін бізде биліктің әрбір тармағының тәуелсіздігі болуы керек. Біздің саяси жүйемізге косметикалық өңдеулер емес, түбегейлі өзгертетін саяси реформалар керек, - деді Белла Орынбетова.

Екі қаладағы митингіде жемқорлық, сайлаудың әділ өтпеуі, әділдік үшін күрескендердің түрмеде отыруы, заңдардың жұмыс істемеуі, цензура, "Қытай экспансиясы" сияқты түрлі мәселелер айтылды. Митингіге келгендер елде наразы көңіл-күй артқанын айтып, билікті "ашынған халықты онан сайын ашындыра бермей, әділдік үшін күрескендерді қудаламауға" шақырды.

Нұр-Сұлтандағы рұқсат етілген митинг. 9 қараша 2019 жыл.
Нұр-Сұлтандағы рұқсат етілген митинг. 9 қараша 2019 жыл.

Нұр-Сұлтанда митинг басталғаннан кейін бір сағаттан астам уақыт өткен кезде Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің өкілі келіп "Республика" қозғалысы өкілдеріне "тақырыптан ауытқыдыңдар, тараңдар" деп айтты. Олар "митингінің бастапқы тақырыбы - парламенттік республика болған, бірақ шарада басқа тақырыптар айтылып жатыр" деп жиынды ұйымдастырушыларды кінәлады. Жиналғандардың кейбірі әкімдік өкілінің сөзін құптамаса, бірі күліп қабылдады. Осыдан кейін бірнеше адам сөйледі. Екі сағатқа созылады деп хабарланған митинг ертерек аяқталды.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан әкімдігі "Республика" қозғалысына митинг өткізуге рұқсат берген. Ал Oyan, Qazaqstan қозғалысы өкілдері "бейбіт шеру өткізуге рұқсат сұраудың қажет емес" екенін айтқан.

Екі қалада да полиция шараны бақылағанмен ешкімді ұстамады.

Бұл митингілер қарсаңында екі қалада да кейбір белсенділерге полицияның ескерту жасап, кейбірін ұстағаны жайлы ақпарат тарады. Полиция ақпаратты жоққа шығарған.

  • 16x9 Image

    Аян ҚАЛМҰРАТ

    Аян Қалмұрат - Азаттықтың Алматы бюросында 2017 жылдан бері тілші. Тұран университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұрындары 7kun.kz ақпарат агенттігі мен "Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген. 

     

  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG