Accessibility links

Жастар бақылаушы санын 10 мыңға жеткізуге шақырды


«Oyan, Qazaqstan» қозғалысының жиынында сөйлеп жатқан белсенділер. Алматы, 17 маусым 2019 жыл.

Маусымның 17-сінде Алматыдағы Aurora Space ғимаратында «Oyan, Qazaqstan» жастар қозғалысының бақылаушылары президент сайлауында жинаған тәжірибесін талқылап, болашақ жоспарын жариялады.

Жиын спикерлерінің бірі Ділдә Рамазан биыл өмірінде алғаш рет сайлауға бақылаушы болып қатысқан. «Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі» деп аталатын ұйым атынан тіркелген ол президент сайлауы күні таңертең Алматыдағы ҰҚК шекара қызметі академиясындағы №391 сайлау учаскесіне барған.

ДІЛДӘНІҢ ТӘЖІРИБЕСІ

26 жастағы Ділдә Рамазан бастапқыда учаскедегі сайлау комиссиясы бақылаушы болып келген қаршадай қызды аса елей қоймағанын күле еске алады.

- Сайлау комиссиясы кейде заңға қайшы жұмыс істей беретінін байқадым. Олар мені әуелде көзге ілмеді, заң бұзылғаны жөнінде акт толтыратынымды айтқан соң ғана аяқ тарта бастады. Олардың заңды білмейтіні байқалып тұрды, - дейді ол.

Тәуелсіз бақылаушы Ділдә Рамазан. Алматы, 17 маусым 2019 жыл.
Тәуелсіз бақылаушы Ділдә Рамазан. Алматы, 17 маусым 2019 жыл.

№391 сайлау учаскесінде бақылаушылардан Ділдә Рамазаннан өзге тек «Нұр Отан» партиясының өкілі болған. Ділдәнің сөзінше, әскери оқу орнындағы сайлауға курсантар таңғы сегізге қарай саппен келген. Дәлізде кезегін күткен курсанттар қатаң тәртіп сақтаған, бір-бірімен сөйлескені де байқалмаған.

- Дауыс беру, санақ процесін қатаң қадағаладым, сондықтан ондағы (учаскедегі – ред.) сайлау әділ өтті деп айта аламын. Бұл учаскеде бәрі Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс береді деп ойлаған едім, олай болмады. Тоқаевқа – 56 пайыз, Әміржан Қосановқа – 36 пайыз, Дания Еспаеваға – 2 пайыз дауыс берді. Қалғаны жарамсыз бюллетеньдер болып шықты. Сайлау комиссиясы осылай санап, хаттамасын қолыма берді, - дейді ол.

Ділдә Рамазан хаттаманы «Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі» ұйымына тапсырғанын айтты. Ол дүйсенбі күнгі жиын кезінде негізгі спикерлердің бірі ретінде бірнеше рет сөйлеп, сайлау күні жинаған тәжірибесін ортаға салды.

«ОН МЫҢ БАҚЫЛАУШЫ ЖИНАЙМЫЗ»

Жиын кезінде спикерлерге ғана емес, сайлауға белсенді қатысып, өз еріктерімен бақылаушы болған жастарға да жиі сөз берілді. Жиынды қоғам белсендісі Ирина Медникова жүргізді.

"Егер барлық сайлау учаскесін белсенді бақыласақ, сайлау қорытындысына әсер ете алады екенбіз"

Сөйлегендердің көпшілігі – сайлауда бақылаушы болған 20 мен 30-дың арасындағы қазақша мен орысшаға қатар жүйрік жастар. Бақылаушылар сайлау кезінде бастан кешкен хикаяларын, заңсыздықтарды көпті қызықтыра әңгімелеп, арасында жұртты күлдіріп отырды. «Бүгінгі жиынға құқық қорғау органдары сарбаздарының келмегенінің өзі – өзгерістің басы» десті.

Көп арасында сөйлеген аты-жөні белгісіз бақылаушылардың бірі «төтеннен келген бақылаушыға сайлау комиссиясы қатты таңырқағанын, хаттама бермей қиғылық салғанын, өзінің сонда да қояр да қоймай хаттаманы алып алғанын» мақтанышпен айтқан еді. Оны қостай кеткендердің табандылық көрсеткендеріне риза болғаны байқалды.

- Қарсылығымыз еленбес еді. Күні бойы сайлау процесін видеоға түсірдік. Бұлтартпайтын дәлел болған соң ғана санасты. Егер барлық сайлау учаскесін белсенді бақыласақ, сайлау қорытындысына әсер ете алады екенбіз, - деп жатты жастардың бірі.

«Oyan, Qazaqstan» қозғалысының жиынына келген азаматтар. Алматы, 17 маусым 2019 жыл.
«Oyan, Qazaqstan» қозғалысының жиынына келген азаматтар. Алматы, 17 маусым 2019 жыл.

Алайда жас бақылаушылардың сайлау процесіндегі заңсыздықтар жайлы пікіріне күдікпен қараушылар да болды. «Алматы ақшамы» және «Алматы» телеарнасының журналистері жиын спикерлеріне «Сайлаудың көлеңкелі жағын айта бермей жақсы жағын неге айтпайсыздар, бұл да кезекті хайп емес пе?» деген сұрақты екі рет қойды.

Журналистердің сұрағына спикерлердің жауабы «Екі сұрақ қойған ақпарат құралының екеуі де мемлекет бюджетінен қаржыландырылатын ақпарат құралы екенін» айта бастағанда жиналғандар күліп жіберді.

Жиында президент сайлауына Әміржан Қосановтың сенімді өкілі және Қосанов штабының бақылаушыларының жетекшісі ретінде қатысқан Серік Әбішев те болды. «Сайлау кезінде Алматы қаласындағы сайлау учаскелерінің басым көпшілігін тәуелсіз бақылаушылармен қамтамасыз еттік» деген ол «бұл сайлауда бақылаушылар жеңгенін» және өзі басқаратын ұйым мұнан былай тәуелсіз бақылаушылар ұйымы болатынын айтты.

Серік Әбішевтің сөзінше, сайлау қорытындылары аяқсыз қалмайды, дауыс беру кезіндегі заңсыздықтар туралы фактілер жиналып, халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушыларға және заң орындарына тапсырылады.

Серік Әбішевтің сөзі жиында отырған жастарды жігерлендіргені сезілді. Жастардың сөзінше, «сайлаудың нәтижесіне қарамастан» бақылаушылар өздері бұрын бастан кешпеген сәтті сезініп, тәжірибе жинаған.

«Алдымызда талай сайлау бар. Бүгінгі тәжірибеміз сонда керек болады», «бақылаушыларды біріктіретін ұйымдарды көбейту керек» деген пікірлер жиі қайталанды.

Жиын соңында «Oyan, Qazaqstan» ұйымы жетекшілерінің бірі Қасымхан Қаппаров сөйлеп, шілденің 1-інен жастарды сайлауды бақылау қызметіне жаппай тарта бастайтынын, бақылаушы санын 10 мыңға жеткізуді көздейтінін айтқанда көпшілік қол соқты.

«Неге он мың бақылаушы?» деген де сұрақтар пайда болды. Оған белсенділердің бірі:

- Осы жолғы сайлауда Қазақстанда 10 мың сайлау учаскесі болды, біз соның әрбірін кем дегенде бір тәуелсіз бақылаушымен қамтамасыз етуіміз керек, - деп жауап берді.

«ӨЗГЕРІС БОЛҒАНЫН ҚАЛАЙМЫЗ»

Президент сайлауына бақылаушы болып қатысқан 20 жастағы Құдайберген Жанпейісов жастар ұйымдары 10 мың бақылаушы жинай алатынына сенеді. Оның ойынша, кешегі сайлаудан кейін бақылаушы болғысы келетіндер саны күрт көбейген. Ол өзі қолдаған кандидат Әміржан Қосановтың сайлау қорытындысы жайлы бақылаушылардың деректері тексерілмей тұрып, жеңілгенін мойындағаны «дұрыс болмады» деп санайды.

- Бірақ Қосановтың іс-әрекеті азаматтық позициямды өзгерткен жоқ. Келесі жолы да осылай бақылаушы боламын, - дейді ол.

Тәуелсіз бақылаушылар Оразай Қыдырбай (сол жақта) және Құдайберген Жанпейісов. Алматы, 17 маусым 2019
Тәуелсіз бақылаушылар Оразай Қыдырбай (сол жақта) және Құдайберген Жанпейісов. Алматы, 17 маусым 2019

Және бір жасы бақылаушы Оразай Қыдырбайдың сөзінше, дүйсенбі күнгі жиынға қатысқан «Еркіндік қанаты» жастар ұйымы 100-ге жуық тәуелсіз бақылаушы жас әзірлеген.

- Әрбір қалада жас бақылаушылардың WhatsApp топтары болды. Тренингтер мен вебинарлар өткізілді. Мұның бәрі – азаматтық бастама. Елімізде өзгеріс болғанын қалаймыз, - дейді ол.

Оразай Қыдырбай сайлау кезінде бастан кешкендерін сайлау өтісімен-ақ Facebook әлеуметтік желісінде жариялап, қоғам назарын адарған еді.

Жиынды ұйымдастырған «Oyan, Qazaqstan» қозғалысы биыл сайлаудың алдында, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауының мерзімі белгіленіп, Алматыдағы марафон кезінде «Шындықтан қашып құтылмайсың» деген жазуы бар плакат ілген белсенділер Бейбарыс Толымбеков пен Әсия Төлесованы қамауға алғаннан кейін құрылған.

«Oyan, Qazaqstan» қозғалысының тоғыз бөлімнен тұратын азаматтық декларациясында елдегі саяси қуғынды тоқтату, сайлау жүйесін реформалау, парламенттік басқаруға өту тәрізді бірнеше мақсат көрсетілген.

Қарай отырыңыз: Саяси жүйені өзгерткісі келетін жастар қозғалыс құрды (Маусым айы, 2019 жыл).

"Саяси жүйенің өзгергенін қалайтын" жастар қозғалыс құрды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:44 0:00

Жаңа қозғалыс мүшелері өздерінің ресми тіркелуді көздемейтінін әрі ешқандай саяси партиямен әріптес емес екенін, қандай да бір отандық және шетелдік ұйымдардан қаржы алмайтындарын мәлімдеген.

Елде демократиялық институттарды құруды көздейтінін айтқан белсенділер өздерін қолдайтындар әр өңірде барын және әлі де қосылып жатқандықтан әзірге қозғалыстың нақты қанша мүшесі барын айта алмайды.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы маусымның 9-ы күні өтті. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, сайлау алдында 1013 халықаралық бақылаушыға аккредитация берілген. Президент сайлауын тоғыз халықаралық ұйымнан 866 адам және 41 шет мемлекеттен 147 бақылаушы қадағалайтыны хабарланды.

Сайлау күні және одан кейін әлеуметтік желіде сайлау процесін бақылаған бақылаушылар өздері куә болған заңбұзушылықтар мен жайттарды жазып, хаттамалармен бөлісті. Кейбір белсенділердің есептеуінше, жақында өткен президент сайлауын шамамен бірнеше мың жергілікті тәуелсіз бақылаушы қадағалаған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG