Accessibility links

Реформа һәм референдум. Конституция күні белсенділер билікке талап қойды


"Qyan, Qazaqstan" жастар қозғалысының маршы. Алматы, 30 тамыз 2019 жыл.
"Qyan, Qazaqstan" жастар қозғалысының маршы. Алматы, 30 тамыз 2019 жыл.

30 тамыз – Қазақстан Конституциясы күні Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте биліктен елдің негізгі заңын өзгертуді талап еткен шаралар өтті.

"РЕКОНСТИТУЦИЯ"

Алматыда "Qyan, Qazaqstan" жастар қозғалысының он шақты белсендісі маршқа шығып, биліктен Конституцияны реформалауды президенттіктен парламенттік билікке ауысуды талап етті.

Олар марштарын жұрт арасында "Арбат" аталып кеткен жерден бастап, Астана алаңына дейін жүріп өтті. "Реконституция", "Парламенттік республика" деген баннерлер, Конституция баптары жазылған плакаттар ұстаған жастар жол бойы "Оян, Қазақстан", "Менің таңдауым бар" деп ұрандатып жүрді. Плакаттарында "Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады", "Қазақстан азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиынға хақылы" деген баптар жазылған.

Алматы жастарының маршы қалай өтті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:05 0:00

Марш ортасында "Qyan, Qazaqstan" қозғалысының белсенділері Конституция қабылданған бұрынғы парламент ғимаратына келіп, талаптарын қайталады. Мамыр-маусымда билікке қарсы митингіде бірнеше рет ұсталып жазаланған қозғалыс белсендісі Димаш Әлжанов "қазіргі Конституция авторитарлы биліктің негізін қалады. Қазіргі Конституцияны реформалайтын кез келді. Қазақстан қоғамына демократия қажет. Біз демократияға дайын емеспіз деген сөздің бәрі – бос әңгіме" деді.

Ал қозғалыстың тағы бір мүшесі Әсем Жәпішева "өзгеретін уақыт келді. Конституцияны өзгерту керек. Авторитарлы елде тұрғымыз келмейді" деген ойын айтты. Маршты Алматы қаласы полиция департаментінің өкілдері мен бір топ полицей бақылап жүрді.

Әсем Жәпішева мен Димаш Әлжанов (ортада келе жатқандар) «Qyan, Qazaqstan» жастар қозғалысының маршында. Алматы, 30 тамыз 2019 жыл
Әсем Жәпішева мен Димаш Әлжанов (ортада келе жатқандар) «Qyan, Qazaqstan» жастар қозғалысының маршында. Алматы, 30 тамыз 2019 жыл

Осы күні "Qyan, Qazaqstan" және "Республика" қозғалысының Нұр-Сұлтандағы белсенділері де акция өткізіп, биліктен Конституцияны өзгертуді талап етті.

"Qyan, Qazaqstan" қозғалысының Алматыдағы белсенділері марш өткізетіндерін әлеуметтік желіде алдын ала хабарлаған. Бірақ олар марштың қайда өтетінін айтпаған. Кейін тамыздың 28-і күні қозғалыстың үш белсендісі Роман Захаров, Әсем Жәпішева мен Жанель Шаханова Алматы қалалық полиция департаментіне шақырту алған. Департамент ғимаратында оларды әкімдіктің қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айбар Есенбеков күтіп отырған.

Видео. Марш өткізбек болған жастарды полицияға шақыртты. 28 тамыз 2019 жыл.

Марш өткізбек болған жастарды полицияға шақыртты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:25 0:00

Захаровтың сөзінше, полиция мекемесінде онымен қалалық әкімдік өкілдері "профилактикалық әңгіме" өткізіп, марш және елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы жайлы сұрақтар қойған.

Ал полиция департаментінен шыққан әкімдік өкілі Есенбеков Азаттыққа "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының әлеуметтік желіде Конституция күні марш өткізетіндері туралы жариялаған жазбалары "елді заңсыз митингіге қатысуға шақыру" деген.

"ЖЕРҰЙЫҚТАҒЫ" АКЦИЯ

Тамыздың 30-ы күні түске таман Нұр-Сұлтанда жеті-сегіз белсенді "Жерұйық" саябағына жиналып, биліктен 1993 жылы қабылданған алғашқы Конституцияны қайтаруды және "Сайлау туралы заңға" өзгеріс енгізуді талап етті. Олар Конституция мен "Сайлау заңын" өзгерту үшін референдум өтуі тиіс деп санайды. Белсенділер қазіргі Конституция халық мүддесіне қайшы екенін айтты.

Жиналғандардың бірі Нағызхан Қажы алда парламент сайлауы келе жатқанын, "Сайлау туралы" заңға өзгерістерді енгізу мәселесін қоғам жеделдету қажет екенін айтты.

- Парламент сайлауы биліктің айтуымен тағы да партиялық тізіммен болмақ. Оны көкірегі ояу, көзі ашық баршаңыз біліп отырсыздар. Парламентке тағы да биліктің өздері сайлаған адамдар келеді де, халықтың жағдайы бұдан да нашарлап кетуі мүмкін. Озық отыз елдің қатарына жетеміз дегендегі жеткен жеріміз осы. Еліміздің, жеріміздің байлығына нақты ие болатын, құқығымызды қорғайтын, еуропалықтар сияқты өмір сүруге мүмкіндік беретін билікті сайлап алуымыз керек, - деді ол.

Нұр-Сұлтандағы акция. 30 тамыз 2019 жыл.
Нұр-Сұлтандағы акция. 30 тамыз 2019 жыл.

Тамыздың 21-і күні Нұр-Сұлтанда бір топ белсенді сайлау заңына өзгеріс енгізу үшін республикалық референдум өткізу бастамасын көтерген еді. Белсенділер "референдум арқылы сайлау заңы мен саяси партиялар туралы заңға можариторлық жүйені енгізу мәселесін" қозғаған. Бүгін, тамыздың 30-ы күні "Жерұйық" саябағында акция өткізгендер де бұл бастаманы қолдайтындарын жеткізді.

"НАЗАРБАЕВТЫҢ ЧЕРНОВИГІНЕ АЙНАЛЫП КЕТТІ"

Тамыздың 30-ы күні Шымкентте де он шақты белсенді 1993 жылы қабылданған конституцияны референдум арқылы қайтаруды, "Сайлау туралы" заңды өзгертуді талап етті. "Мұхтар Жәкішевке бостандық!" деген жазуы бар плакат, полицейлердің наразылыққа шыққандарды ұстап жатқан сәтінен суреттер ұстап шыққан азаматтар қазіргі Конституцияның қарапайым азаматтарды қорғамайтынын, елде заңдардың дұрыс жұмыс істемей жатқанын айтты.

- Неге бізде әрбір екі жарым жыл сайын Конституция өзгеріп тұрады? Ата заңымыз Назарбаевтың "черновигіне" айналып кетті. Жыл сайын дерлік қолын сұғады. Өз мүддесіне қарай өзгертеді. Бұлай болмайды. 1993 жылғы Конституция қайтарылсын не халық мүддесін қорғайтын жаңа Конституция қабылдансын. 1993 жылғы [Конституцияда] "бейбіт жиын өткізу" туралы 12-бап болған. 20-бапта тіпті шерулерге де рұқсат етілген еді, - деді жергілікті белсенді Дәулет Насыров.

Видео. Шымкенттегі акция қалай өтті?

"Конституциямыз "черновик" болып кетті"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:55 0:00

Акцияға келгендердің бірі Нұржан Әбілдаев тамыздың 30-ы – Конституция күні болып белгіленгенмен елде мерекелік көңіл-күй сезілмейтінін, халықтың заңсыздықтардан мезі болғанын айтты.

ҚАЗАҚСТАН КОНСТИТУЦИЯСЫ. НЕГІЗГІ ФАКТІЛЕР

Қазақстанның қазіргі Конституциясы 1995 жылы референдум негізінде қабылданған. Бұл заңның 1993 жылғы Конституциядан ерекшелігі – ел парламенттік басқарудан президенттік басқаруға өтті. Парламент біраз өкілетін жоғалтты. 1995 жылғы Конституция 24 жылдың ішінде бірнеше рет өзгерді. 1998 жылы Конституцияға өзгеріс енгізіліп, президент пен парламент депутаттарының өкілеті өзгерді. Мемлекеттік қызметте істейтіндерге қойылған жас шегі алынды. 2007 жылы елдің басты заңы тағы өзгеріп, елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайлауға шексіз түсуге мүмкіндік алды. Одан кейін келген президенттерге бұл заң жүрмейді. Олар "қатарынан екі рет ғана президент болып сайлана алады".

2011 жылы Конституцияға толықтырулар енгізіліп, Назарбаевқа "Елбасы – Ұлт көшбасшысы" мәртебесі берілді. Бұл статусқа сай, Назарбаев және оның отбасы жауапқа тартылмайды, қудаланбайды.

2017 жылы Конституция тағы өзгеріске ұшырады. Сол кездегі ел президенті Назарбаев біраз өкілетін парламент пен үкіметке бөліп берді. Сол кезде Назарбаев бұл өзгерістер парламент пен үкіметтің жауапкершілігін күшейтетінін айтқан. Ал кейбір халықаралық ұйымдар реформаны "ескі фасадқа жағылған тағы бір қабат бояу" деп сынады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG