Accessibility links

Тоқаев қызметіне кірісе сала Конституциядағы қайшылық көрінді


Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 20 наурыз 2019 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 20 наурыз 2019 жыл.

Астана атауын Нұрсұлтан деп референдумсыз өзгерту қаншалықты заңды? Тоқаевтың президент ретіндегі өкілеттіктерін түгел пайдалануы мүмкін бе? Азаттық сарапшы заңгерлердің пікірін білді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурыздың 20-сы күні ант беру рәсімінде Астана атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы бастамасы әлеуметтік желіде оның өкілеттігіне қатысты пікірталас тудырды. Соның ішінде «Тоқаевтың Конституцияға өзгеріс енгізуге құқығы бар ма?» деген сауал қойылып жатты. Наурыздың 19-ында Қазақстанда 30 жылдай билік құрған 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев президент қызметінен кететінін жариялап, орнына 65 жастағы бұрынғы дипломат, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынған еді.

РЕФЕРЕНДУМ НЕГЕ ӨТПЕДІ?

Конституциялық құқық саласының маманы, Дінмұхамед Қонаев атындағы Заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалаиридің Азаттыққа айтуынша, Астана атауы негізгі заң мәтінінде тұрғандықтан оны өзгерту үшін Конституциялық кеңестің шешімі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин және Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 20 наурыз 2019 жыл.
Қасым-Жомарт Тоқаев, мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин және Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 20 наурыз 2019 жыл.

Азаттық тілшісі сөйлескен конституциялық құқық мәселесі бойынша мамандар Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзінде мұндай бастама көтеру құқығы жоқ екенін айтты. Заңгер Мереке Ғабдуәлиевтің пікірінше, Қазақстан конституциясының 48-бабында «Қазақстан президентінің өкілеттігін өзіне қабылдаған тұлғаның Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар туралы бастамашылық жасауға құқығы жоқ» деп көрсетілген.

- Әрине, бұл бап билік өкілеттігін бөлуге байланысты мәселені көздейді, ал ондағы бас қала атауын өзгерту – техникалық мәселе болуы да мүмкін. Дегенмен бұл конституциялық прецендент арнайы түсіндіруді қажет етеді, - деді ол.

Сәрсенбіде бұл мәселеге байланысты журналистерге әуелі әділет министрі Марат Бекетаев жауап берді. Оның айтуынша, Астана атауы конституцияда жазулы тұрғандықтан, ресми түрде өзгеріс енгізу керектігі рас. Ол үшін бүкілхалықтық референдум өткізу қажет болады.

Олай болса, бас қаланың аты қалайша референдумсыз өзгертілді? Бұл қарама-қайшылықты Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин түсіндіруге тырысты. Оның сөзінше, Астана атауын өзгерту туралы ұсынысты президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан үкіметі жасаған және сол үшін республикалық референдум өткізуді сұраған.

- Президент [Астана атауын өзгерту туралы] бұл ұсынысты парламенттен референдум өткізбей-ақ қарастыруды сұрады. Конституциялық кеңес бұл мәселе (референдум өткізбеу – ред.) заңды деп қорытынды шығарды, - деп мәлімдеді ол.

Нығматуллиннің сөзінше, парламент сенаты мен мәжіліс депутаттары бұл идеяны бір ауыздан қолдаған. Осылайша Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы біртіндеп «үкіметтің ұсынысына» айналып кеткені, ал конституция мәтінін өзгерту үшін (мына жағдайда Астана атауы Нұрсұлтан болып өзгермек – ред.) референдум өткізуді міндеттейтін норманы айналып өтуді Конституция кеңесі мақұлдағаны белгілі болды.

ӨКІЛЕТ БӨЛУДЕГІ БҰЛЫҢҒЫР ТҰСТАР

Ерекше мәртебелі тұңғыш президенттің орнын сайлаусыз екінші президент басқан кезде олардың конституциядағы өкілеттіктеріне қатысты жаңа түсініктер мен қарама-қайшылық туатынына назар аудартып жатқан заңгерлер де бар.

- Президентке өз өкілеттігін конституция бойынша атқаруына барлық жағдай бар. Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы туралы заң өтпелі кезеңге, яғни Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне ғана арналған. Кейін бәрі қалпына келеді. Ол заң мен Конституция арасында қайшылық жоқ, - дейді Өмірәлі Жалаири.

Назарбаев пен Тоқаев. Астана, 20 наурыз 2019 жыл.
Назарбаев пен Тоқаев. Астана, 20 наурыз 2019 жыл.

Ал конституциялық құқық маманы Әйгерім Жарболова Конституцияның 42-бабындағы «Республика президентінің өкілеттігі жаңадан сайланған республика президенті қызметіне кіріскен кезден бастап, сондай-ақ президент қызметінен мерзімінен бұрын босатылған немесе кетірілген не ол қайтыс болған жағдайда тоқтатылады» деген жолдар екіұштылық тудырғанын, өйткені президент Нұрсұлтан Назарбаев қызметінен өз еркімен кеткенін айтады.

Оның сөзінше, бұл бап бойынша Конституциялық кеңес «Нұрсұлтан Назарбаевтың өз еркімен кетуіне болады» деген қорытынды шығарғанымен кезектен тыс сайлау өткізу мәселесіне де әсер етеді. Кезектен тыс сайлау өте ме, әлде тағайындалған президент кезекті сайлауға дейін қызметін атқара ма деген сұрақ туындатуы мүмкін.

Халықаралық құқық саласының маманы Руслан Түсіпбеков те президент сайлауы өтетін күннің түсініксіз екеніне назар аудартады.

- Конституция бойынша президент бес жылға сайланады және сайлау 2020 жылы желтоқсанның басында өтуі тиіс. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы көктемде сайланды. Яғни бұл мәселе де конституциямен толық сай келмей тұр, - дейді ол.

Руслан Түсіпбеков Қазақстанның екінші президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың конституцияда көрсетілген президент өкілеттіктерін түгел жүзеге асыра алатынына күмәнмен қарайды.

- Конституцияда Қазақстан президенті туралы арнайы бөлім, бірнеше бап бар. Оларды Нұрсұлтан Назарбаев толық пайдаланғанымен Қасым-Жомарт Тоқаев пайдалана алмайды. Өйткені, біріншіден ол (Тоқаев – ред.) сайланған президент емес – «президенттің өкілеттігін өзіне қабылдаған тұлға». Қазақстан Астанасын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы Тоқаев бастама көтергенімен парламенттен үкімет бастамасы ретінде өткені соның белгісі, - дейді ол.

Қазақстан конституциясының 48-бабында «Қазақстан президентінің өкілеттігін өзіне қабылдаған тұлғаның Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар туралы бастамашылық жасауға құқығы жоқ» деп көрсетілген. Түсіпбеков бұл бап Қасым-Жомарт Тоқаевтың конституциялық заң шығару бастамасы құқығын біршама тежейтінін айтады. Заңгердің сөзінше, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев «Тұңғыш президент – Елбасы» мәртебесін пайдаланып қазіргі президенттің қызметіне жан-жақты ықпал ету тетіктеріне ие болып қалған.

- «Қазақстан тұңғыш президентінің — Елбасы» туралы заңда «Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары бойынша әзірленетін бастамалар Қазақстан тұңғыш президентімен — Елбасымен келісіледі» деп жазылған. Нақты қай мәселе екені көрсетілмегендіктен осы бапты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түрліше қолдана алады, - дейді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев ресми түрде отставкаға кетсе де, «Қазақстанның тұңғыш президенті - Елбасы» мәртебесін пайдаланып, Қазақстан парламентінде, үкімет отырыстарында сөз сөйлей алады, билік басындағы «Нұр Отан» партиясын, Қазақстан халқы ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесін басқара береді және Конституциялық кеңестің құрамында болады.

Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев сейсенбіде кенеттен президент қызметінен кететінін жариялаған. Билік басына совет заманында көтерілген саясаткер әуелі экономиканы дамыту саясатын ұстанатынын жиі мәлімдеген, бірақ халықаралық және жергілікті құқық қорғау ұйымдары оны қоғамды демократияландыруды тежеді, отбасы мүшелерін мемлекет қызметі мен ірі бизнес саласына орнықтырды деп сынап келген. Наурыздың 20-сында Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева Сенат төрағасы болып сайланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG