Accessibility links

"Президент лауазымы екінші дәрежелі, билігі шектеулі қызмет болып қалды"


Ақорда ғимараты алдында кетіп бара жатқан адам. Астана, ақпан айы 2019 жыл.
Ақорда ғимараты алдында кетіп бара жатқан адам. Астана, ақпан айы 2019 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан президенті қызметін атқаруды доғарып, оны сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстауы әлеуметтік желіде қилы пікір тудырды. Желі қолданушылардың көбінің пікірі “Назарбаев президенттіктен кеткенімен билік бәрібір елбасы мен қауіпсіздік кеңесінің қолында қалады” дегенге саяды.

Наурыздың 19-ы күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми БАҚ арқылы мәлімдеме жасап, президенттіктен кететінін жариялады.

Қазақстанды 30 жылға жуық уақыт басқарған 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдемесінде "Мемлекетіміздің аса маңызды тарихи сәттерінде халқыма үндеу жолдайтынымды білесіздер. Бүгін де баршаңызға үндеу жариялағалы отырмын. Бірақ бүгінгі үндеудің маңызы зор. Мен Қазақстан Республикасының президенті ретіндегі өкілетімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл ­- оңай шешім емес" деді.

Назарбаев "сайлау кезінде сенген" халыққа алғыс айтты. Ол "Нұр Отан" партиясының жетекшісі және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып қала беретінін айтты.

Назарбаевтың Қазақстан президенті қызметінен кетуі сейсенбінің кешінен бері әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.

"ЕШКІМ ЕШҚАЙДА КЕТКЕН ЖОҚ"

Саясаттанушы Досым Сәтпаев Facebook әлеуметтік желісінде "президент лауазымы кенет екінші дәрежелі қызмет болып қалды, себебі оның төбесінен қарайтын "ұлт көшбасшысы" және "қауіпсіздік кеңесінің мәңгілік төрағасы" бар" деп жазды.

"Ешкім ешқайда кеткен жоқ" деп ұқсас пікір айтқан тәуелсіз журналист Сергей Дуванов "Тоқаев - ауыспалы кезең саясаткері. Алда болатын сайлауда Назарбаев өзіне толық тәуелді және айтқанын бұлжытпай орындайтын жаңа президентті "сайлайды" деп болжайды.

Жазушы Өміржан Әбдіхалықұлы "елдің тұтас билігі шоғырланған қауіпсіздік кеңесінің мәңгілік төрағасы қызметімен салыстырғанда ендігі жерде президент лауазымы екінші дәрежелі, билігі мен ықпалы шектеулі, бағынышты қызмет екенін мойындауымыз керек" деп есептейді.

"Жаңа тәртіп бойынша" елдегі саяси күштердің салмағын саралаған Zhandos Kurmanbayev есімді қолданушы қауіпсіздік кеңесін "елді терезесі жоқ қараңғы бөлмеден 4, максимум 5 адам басқаратын" органға балайды.

Моңғолия қазағы Mergalym Khangeldy "елбасын сынау ойыншық емес" екенін жазып, президенттің бірнеше жетістігін атаған.

Шетелде қуғында жүрген оппозициялық саясаткер Ержан Досмұхамедов Facebook желісінде Назарбаев режимін қатты сынап, "халықтың ашу-ызасы оған жоспарлаған мерзім бойынша өкілетін соңына дейін атқаруға мүмкіндік бермеді. Ол кедейленген халықтың төзімін революцияға дейін жеткізуге жүрексінді" деп жазды.

Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы Назарбаевтың шешіміне байланысты арнайы мәлімдемесінде "Назарбаев өзін қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде тағайындап, билікте қалуға тырысқанмен оның режимі әлсіреді" деп жазған. Мәлімдеме қозғалыс жетекшісі, Ақорданы сынаушы Мұхтар Әблязовтің желідегі парақшасында жарияланды.

Мәлімдеме автор(лар)ы қауіпсіздік кеңесі төрағасына "елдегі күштік құрылымдар есеп беруге міндетті", оның шешімін "мемлекеттік органдар мен Қазақстанның лауазымды тұлғалары бұлжытпай орындауы тиіс", "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры, Ұлттық қор сияқты елдегі маңызды тетіктер де оның қолында" деп жазды.

Бірақ "Назарбаев өзін қалай атаса да, өзіне қандай функциялар баламасын - билік қатты әлсіреді" деп тұжырымдайды.

Әлеуметтік желіде президенттің қызметінен кетуіне байланысты эмоцияға толы жазбалар да кездесті. Jylbek Senbekuky есімді аккаунт иесі "халқым қимай жатыр деп қайтып кеп жүрмесін" деп желіде көп айтылған "президенттің тағына қайта оралу мүмкіндігі" туралы мәселені қозғайды.

Әлеуметтік желіде Назарбаевтың қызметтен кетуіне "таңғалған" жазбаларды меңзеген Jaiyq Nagymash есімді қолданушы "президенттің ауысуы қалыпты жағдай ғой, оған таңғалатын несі бар" дейді.

​Нұрлан Сәдір есімді қолданушы "Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент ретіндегі тұңғыш жарлығы Мұхтар Жәкішев, Арон Атабек, Макс Боқаев сынды азаматтарға бостандық беру туралы болса, бұл оның өз ой-пікір ұстанымдары бар дербес саяси тұлға екенін дәлелдер ме еді" деген ой айтады.

ДОЛЛАР ТУРАЛЫ БОЛЖАМ

Назарбаевтың отставкасы туралы мәлімдемесінен кейін әлеуметтік желілерде доллар бағамының шарықтайтыны туралы болжамдар айтылды.

Қаржы тақырыбына жазатын журналист Ербол Азанбек "Теңге бағамының құлдырауына негіз жоқ, ақша айырбастау пунктеріндегі бағаның өсуі - алыпсатарлардың әрекеті" деп Ұлттық банктің мәлімдемесіне сілтеме жасады.

"Сарапшылар да теңге құнының түсуіне дәл қазір еш негіз жоқ деп отыр.
Ақшаларыңызды долларға ауыстырамыз деп, түнімен "обменник" аралып кетпеңіз. Бүгінгідей оқиғаларды пайдаланып қалуға тырысатындар болады. Оның салдарынан баға уақытша құбылуы мүмкін. Бірақ, қазіргі деңгейде сақталады"​ деп санайды ол.

Сауалнама: Астана тұрғындары президент отставкасы туралы (19 наурыз 2019 жыл).

"Қимайсың, бірақ жасы да келді"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:12 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG