Accessibility links

"Ескіше жасақталған жаңа үкімет" және билік транзитінің жақындауы


"Нұр Отан" партиясы съезінде тұрған Нұрсұлтан Назарбаев және сол күнгі Алматыдағы ұстаулар. 27 ақпан 2019 жыл.

Батыс баспасөзі осы аптада "Қазақстан билігі ауысатын күн алыс емес" деп жазса, ел ішінде бұл тақырыпты "қозғамауға" шақырады. Жаңа үкіметтің жасақталуын сөз еткен ақпарат құралдары қазақстандық жаңа премьер-министр Асқар Маминнің бір кездері Астана түнгі клубтарының біріндегі би алаңында қазір ҰҚК-ны басқаратын Кәрім Мәсімовпен бірге көзге түскені туралы WikiLeaks жариялаған мақаланы еске салды.

"12 АЙ ІШІНДЕ НЕМЕСЕ СОҒАН ЖУЫҚ АРАДА" БОЛАТЫН БИЛІК ТРАНЗИТІ

Осы аптада АҚШ-та орналасқан Jamestown Foundation қорының сайтында "Қазақстанда президенттің ауысатын уақыты таяп қалды" атты мақала жарияланды. Онда басылым елдегі болып жатқан оқиғалар – заңның өзгеруі мен сайлауалды науқанды меңзейтін белгілер, соның айғағы екенін көрсетті деп тұжырым жасайды.

"Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдағы шілдеде 79 жасқа толады, осыған байланысты өткен жылдың соңынан бері оның өз мұрагерін дайындап жатқаны туралы сыбыс үдей түсті" деп жазды Jamestown (Қазақстанның өз ішінде бұл сыбыспен қатар транзит тақырыбын "қозғамау" да айтылып жатыр).

"Президенттің 2018 жылғы қарашадағы Қауіпсіздік кеңесі отырысында жергілікті коммуналдық кәсіпорындарды қатаң сынға алып", нәтижесінде коммуналдық қызмет тарифтерін төмендетуге нұсқау бергенін талдай келе, Jamestown Foundation "постсоветтік елдерде жалпы сайлауалды науқан алдында әлеуметтік мәні бар мәселелер бойынша халыққа көл-көсір уәде беру дәстүрі бұрыннан бар, ондағы мақсат айқын – сайлаушыларға жағыну" деп атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев билікті ізбасарына беру мүмкіндігі туралы өте сирек айтады. 2016 жылы қарашада Bloomberg тілшісіне берген сұхбатында ол билікті "өз балаларына беретін ойы жоқ" екенін айтқан.

"2011, 2015 жылдардағы президент сайлаулары мерзімінен бұрын өткен. Сондықтан халық келесі президент сайлауы да 2020 жылы емес, 2019 жылы өтеді деп күтеді. Назарбаевтың коммуналдық қызмет тарифтерін төмендету секілді соңғы жасаған қадамдары отқа май құя түскендей болды" делінген мақалада.

Автор сонымен бірге Назарбаевтың ақпан айында Конституциялық кеңестен конституциядағы президент өкілетін тоқтату туралы бапқа түсінік беруін сұрап, президент "кез келген уақытта кез келген себеппен" отставкаға кете алады деген жауап алғанын ескерте кеткен.

"Таяуда тіпті Назарбаев президенттіктен кету туралы шешім қабылдап, билік партиясы -“Нұр Отан” съезінде ізбасарын таныстырмақ деген сыбыс шықты. Әйткенмен, Қазақстан Назарбаевтан кейінгі кезеңге дайындалғанша, біраз уақыт бар" деп жазады Jamestown Foundation.

Мақалада Назарбаев әкімшілігі соңғы бір-екі жылда болатын транзитке дайындық жүргізіп қойғанын, "ал таяудағы оқиға алдағы 12 ай ішінде билікке басқа тұлға келетінінің анық айғағы" деп көрсетеді

"Ұлт көшбасшысы" мәртебесін иеленген Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы көпшілікке аз танымал консультациялық органнан конституциялық болып кенеттен өзгертілген Қауіпсіздік кеңесінде өмірінің соңына дейін төрағалық ету құқығын алды. Кеңестің орталық және аймақтық деңгейдегі негізгі басшыларды тағайындауға әрі орнынан алуға вето құқығы бар.

"Бұл іс жүзінде Назарбаев президенттіктен кетсе де, ізбасарының шешімдеріне ықпал етіп, қажет болған жағдайда оны бейтараптандыра алады деген сөз" дейді Jamestown Foundation.

"ЕСКІ ДЕ ЖАҢА ҮКІМЕТ" ЖӘНЕ "НҰР ОТАН" ПАРТИЯСЫНЫҢ СЪЕЗІ КҮНГІ ТҰТҚЫНДАУЛАР

Қазақстан үкіметінде жақында болған ауыс-түйісті сараптаған вашингтондық Diplomat газеті де "постназарбаев дәуірі" тақырыбына назар аударған. "Қазақстан ескі де жаңа үкіметті тағайындады" деген мақалада әлеуметтік жәрдемді арттыруды талап еткен аналардың жаппай көтерілісінен соң отставкаға кеткен Бақытжан Сағынтаев үкіметінің орнына жаңа үкіметтің келгені туралы жазылған. Сағынтаевтың тұсында бірінші вице-премьер болған 53 жастағы Асқар Мамин премьер-министр атанды.

Көп балалы аналар талабы: "Бізге шырша, олимпиада керек емес, жәрдемақы керек". (11 ақпан 2019 жыл).

"Мамин – Астананың бұрынғы әкімі, ұзақ уақыт “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясын басқарған, екі жылдан астам уақыт бірінші вице-премьер қызметін атқарған, ол президентке жақын элитаның сенімді мүшелерінің бірі саналады. Бір қызығы, ақпарат құралдарының хабарлауынша, ол бастауыш мектепте бұрынғы премьер-министр, қазіргі ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Кәрім Мәсімовпен бір сыныпта оқыған. WikiLeaks ақпаратына сенсек, 2008 жылы әлдекімдер олардың түнгі клубта бірге билеп жүргенін көрген" деп жазады Diplomat.

Құпия ақпараттарды жариялаумен әйгілі болған WikiLeaks сайтының жазуынша, ол кезде премьер-министр қызметін атқарған Кәрім Мәсімов би алаңындағы биік мінберде билеп тұрған, сол кеште оның қасында Астана әкімі Асқар Мамин мен президент әкімшілігінің басшысы Қайрат Келімбетов болған. Шенеуніктердің қасында орта жастағы үш әйел болған, бұл кісілер олардың жұбайлары болса керек.

Осы мақалада Diplomat Назарбаевтың конституцияны түсіндіру туралы жақында жасаған өтінішін де еске салады.

"Кей сарапшылар елдегі әлеуметтік толқулардың күшейгенін көзге шұқып көрсетіп жатқан тұста экономикалық жағдайдың нашарлығы және жаңарудың қажеттігі осы ауыс-түйіске басты себеп болса керек. Астанадағы көпбалалы аналардың, Маңғыстаудағы жұмыссыз жастардың әлеуметтік жағдайды жақсартуды талап еткен митингілері билікті тіксінтіп тастады, бірақ бұл процестер әдетте үкіметтегі өзгерістерге алып келмейтін. Әлеуметтік желідегі комментарийлер Назарбаевтың президент өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатуға қатысты Конституциялық кеңеске өтініш беруін осы ауыс-түйіспен байланыстырады. Жұрттың сөзінше, бұл үкімет өтпелі үкімет болып, Қазақстанды постназарбаев дәуіріне алып баруы мүмкін" деп жазады Diplomat.

Ағылшын тілді Eurasianet.org сайтындағы "Шерушілерді қамап жатқанда Назарбаев жәрдемақыны өсірді" деген мақалада Қазақстандағы үкіметтің өзгеруі мен рұқсат етілмеген митингілер туралы айтылады.

"Елдің нашар экономикалық көрсеткіштерінің кесірінен үкіметтегі ауыс-түйістерге байланысты билік партиясы съезд өткізіп жатқанда Қазақстан астанасында демонстрация өткізуге тырысқан ондаған адам қамауға алынды".

"Нұр Отан" кеңсесі алдына келгендерді полицияның ұстауы. "Назарбаев кетсін!" (27 ақпан 2019 жыл).

"Назарбаевтың 21 ақпанда аяқ астынан бүкіл үкіметті орнынан алып тастауын кейбіреулер оның әкімшілігінің басқа мәселелермен қоса кедейлік пен жемқорлықтың етек жаюына алаңдағаны деп бағалап отыр" деп жазады Eurasianet.org.

Үкіметті отставкаға жіберу туралы шешімін жариялаған президент өзекті әлеуметтік мәселелерді шешудің жаңа стратегиясын "Нұр Отанның" съезінде талқылауға уәде берді. "Партия съезінде Назарбаев алдағы үш жылда әлеуметтік бағдарламаларға 1,35 миллиард теңгеден астам (3,6 миллиард доллар) ақша бөлінеді деп мәлімдеді" деп жазады Eurasianet.org.

"Халықтың қалғып кеткен рухын қайта ояттыңыз"

Ақпанның басында Астанадағы үйде болған өрттен соң күнкөрісі төмен отбасыларға жұрттың назары ауа бастады. Сол өрттен бір үйдің бес баласы қаза тапқан. Олардың ата-аналары өрт болған сәтте нәпақа табу үшін түнгі ауысымда жұмыс істеп жатқан. Осы оқиғадан кейінгі апталарда қоғамның наразылығы күшейді, халық “көп балалы және жағдайы жоқ отбасыларды қолдауға тиісті көмек көрсете алмады” деп билікті айыптады.

"Әу баста үкімет халықтың ашу-ызасынан оңай құтылып кететіндей көрінгенімен, Назарбаев жағдайдың ушығып кетуі мүмкін екенін түсініп, үкіметті кетіру арқылы қиындықтың алдын алуға тырысты. […] Өзіне қарсы айыптардан құтылу үшін 21 ақпанда Назарбаев денсаулық сақтау, білім беру және өнеркәсіп салаларындағы олқылықтардың орнын толтыру үшін жергілікті басшыларға өкілет беру үшін тиісті конституциялық және қаржылық шешімдерді қабылдағанын, бірақ олардың бұл мүмкіндікті пайдаланбағанын айтты" деп жазады Eurasianet.org.

ШЫМКЕНТТЕГІ ҚҰЛДЫҚ ҚҰРБАНЫ АДАМ ҚҰҚЫҒЫ ЖӨНІНДЕГІ ЕУРОПАЛЫҚ СОТҚА ТАЛАП-АРЫЗ ТҮСІРДІ

Британдық Reuters ақпарат агенттігі Ресейдегі күңдіктен қашып шыққан апалы-сіңлілі қыздар туралы "Апалы-сіңлілі боп кеткен қазақстандық жас қыздар ана боп оралды" деген мақала жариялады. Еліне оралған 30 жастағы Фатима Мұсабаева мен оның 29 жастағы сіңлісі Әлия қазір өз балаларымен Шымкентте бір бөлмелі пәтерде тұрады.

2007 жылы әкелері қайтыс болғаннан кейін қыздар күнкөріс қамымен Мәскеуге бармақ болған. Таныстары екеуін дүкенге жұмысқа орналастырам деп уәде берген. Уәде берген адам екеуін жұмысқа алғанымен, ешқандай жалақы төлемеген, жертөледе қамап ұстап, қалған-құтқан тамақ беріп, ұрып-соғып, зорлаған. Етегі түрілген соң дүниеге келген Фатиманың Ринат есімді ұлын туа салысымен тартып алған.

Шымкенттегі "Сана сезім" қоғамдық ұйымының ғимараты.
Шымкенттегі "Сана сезім" қоғамдық ұйымының ғимараты.

2010 жылы Фатимаға қашып шығудың сәті туып, ол Қазақстанға оралады. Ол ұлы мен сіңлісін қайтарып алғанша тыным таппайды. Оған "Сана Сезім" құқық қорғау ұйымы қолдау көрсетіп, заңгерлер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер жәрдемдеседі. Елге оралған соң құлдықта зорланған Әлия да қыз баланы дүниеге әкеледі.

Қазақстан полициясы өкілеті жоқтығын алға тартса, Ресейдегі тергеу ісі жабылып қалған. Қолда бар ақпаратқа қарағанда, қыздарды құлдықта ұстағандар өз бизнестерін әлі де өркендетіп жатыр.

2016 жылы апалы-сіңлілер өзбекстандық екі жәбірленушімен бірлесіп, Адам құқығы жөніндегі Еуропа сотына талап-арыз түсірген. Reuters-тің хабарлауынша, қазір ол қаралып жатыр.

Әлия мектеп асханасы мен жанармай бекетінде жұмыс істейді, ал Фатима үйден киім тігіп, интернет арқылы сатады. Олар өз еңбектерімен баспанаға қаражат жинап, көрген қорлықтарын ұмытқысы келеді.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

AzatNews 24.05.2019
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:14:31 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG