Accessibility links

БАҚ-та негативті азайту һәм билік транзиті тақырыбына тыйым


Мәжілісте тұрған журналистер. Астана, 18 қыркүйек 2018 жыл.

Қазақстанның ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев елдегі билік транзиті тақырыбын “жабуға” шақырды. Ал ақпарат құралдарының жазуынша, Абаевтың орынбасары “негативті контентті азайту бойынша” жергілікті ақпарат құралдарының редакцияларымен жұмыс істеп жатқандарын айтқан. Азаттық тілшісі әңгімеге тартқан сарапшылар жоғары лауазымды шенеуніктердің бұл сөздерінен цензура белгісін байқаған.

"НЕГАТИВТІ" АЗАЙТУ?

Ақпанның 7-сі күні парламент сенатында өткен дөңгелек үстелге қатысқан Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мауберлинова жергілікті ақпарат құралдарымен "негативті контентті азайту" бағытында жұмыс істеп жатқанын айтқан. Бұл туралы Total.kz сайты хабарлады. Жастар конгресінің директоры Тоқтар Болысовтың ақпарат құралдарында зорлық-зомбылық жайлы материалдардың көбеюіне қатысты сұрағына жауап берген Мауберлинова: "Біз негативті контентті азайту бойынша БАҚ-тардың бас редакторларымен және басшыларымен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Олар бізді қолдап келеді" деді. Қазақстандық сайтта жарияланған ақпаратқа сенсек, Болысов "негативті контенттің мөлшерін 30 пайызға түсіру керек" деген.

"Құқықтық медиа орталық" үкіметтік емес ұйымы директоры Диана Окремованың айтуынша, дөңгелек үстелге қатысқандар дүйім жұртқа "ақпараттық кеңістікте жағдай жақсы" деп көрсеткісі келіп отырғандарын байқамай қалған сияқты.

- Журналистерді позитив жазуға мәжбүрлеудің орнына жағдайды түзету керек. Біріншіден, бұл – заңсыз, екіншіден мемлекеттік орган өкілдерінің баспасөзге мұндай мәлімдеме жасауы дұрыс емес әрі этикаға сай емес. Бұл біздегі БАҚ-тың мүлде еркін еместігін, оларға ықпал етуге, күштеп “ақыл айтуға” болатынын білдіреді, — дейді Диана Окремова.

"Әділ сөз" баспасөзді қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева "негативті" шектеуге тырысуды Совет заманында газеттерге жоғарыдан түсетін пәрменмен салыстырады.

- Совет кезінде де негатив ақпаратқа дәл осындай 30 пайыздық шек берілетін. Айталық, егер газет төрт беттік болса, оның соңғы беті аздап сын айтуға бөлінетін, - дейді Калеева.

Саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша, медиада негативті азайтуға шақыратындар БАҚ бостандығына қарсы шығып отырғандарын түсінбейді.

– Негатив не позитив қанша болуы керегін қалай анықтауға болады? Дәл осылай негатив пен позитивтің арасалмағын реттеуге тыраштану жалпы сөз бостандығын құрдымға кетіреді, себебі сөз бостандығы дегеннің өзі – не бар, не жоқ нәрсе, – дейді Айдос Сарым.

Белгілі журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дувановтың айтуынша, кешегі дөңгелек үстел қатысушыларының сөздері Джордж Оруэллдың “1984” романында сипатталатын әлдебір тоталитарлық елдің “ақиқат министрлігіндегі” кейіпкерлерді еске түсіреді.

- Яғни, олар БАҚ-та шындық тек 30 пайыз болғанын қалайды, – дейді Сергей Дуванов.

"ЖОҒАРЫДАН ТҮСЕТІН ПӘРМЕН" ЖАЙЛЫ ТІЛШІЛЕР НЕ ДЕЙДІ?

Азаттықтың "билік өкілдері мақалалар бойынша қандай да бір өтініш айтып хабарласты ма?" деген сауалына Central Asia Monitor газетінің бас редакторы Анель Давлетгалиева қызметтегі бір жарым жыл ішінде бір рет қана осындай қоңырау шалынғанын айтты. Давлетгалиеваның сөзінше, оған ақпарат және коммуникациялар министрлігінен емес, экономикалық саладағы министрліктен хабарласқан.

- Бір рет қоңырау шалып, қандай да бір мақаланы неліктен жариялағанымызды сұрады. [Министрлік] маманы “мұны жариялауға қандай қақыңыз бар?” деп сұрады. Оны жариялауға толық құқығымыз бар, себебі бізде дәлел құжаттар, дәйексөздер бар дедім. Осымен болды! Қандай да бір жаңалықты я материалды “кесіп” тастаған кезіміз болмапты, – деді Анель Давлетгалиева.

"Время" күнделікті басылымының бас редакторы болған әрі сот шешімімен жабылғанға дейін Ratel.kz сайтын басқарған журналист Марат Әсіповтің айтуынша, "Времяны" басқарып тұрған кезінде оған Астанадан хабарласып оқиғаны қалай жазуы керектігі жөнінде кеңес беруге тырысып, өзін Астанаға “сұхбатқа” шақырғандар болған.

- Талпыныстар болды. Астанаға да шақырғысы келген. Мән бермедім, – деп еске алады Әсіпов.

Марат Әсіпов “Время” газетінде бірге істеген әріптестерімен Ratel.kz сайтын ашқанда билік ақырындап, ишарамен ықпал етуге тырысқан. Журналистің айтуынша, сайт принципшілдігі үшін жабылды, сол оқиғадан соң басқа ақпарат құралдарының басшылары тиісті қорытынды шығарды.

“Шекарасыз репортерлер” халықаралық ұйымының 2018 жылғы баспасөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің ішінде 158-орын алған.

"БИЛІК ТРАНЗИТІ ТАҚЫРЫБЫН ЖАБАЙЫҚ"

Нұргүл Мауберлинова “негатив контент” туралы айтқан күні, яғни 7 ақпанда оның тікелей басшысы – ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев республикалық “Хабар” телеарнасындағы “Ашық диалог” бағдарламасында елдегі билік транзиті туралы тақырыпты “жабуға” шақырды. Абаев ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың президент өкілетін тоқтату туралы Констиуция бабын түсіндіруді сұрап Конституциялық кеңеске өтініш бергені туралы сұраққа жауап берді.

Назарбаев ақпанның 4-і күні Конституциялық кеңестен Конституциядағы "президент өкілетінің тоқтауы туралы 42-бабы 3-тармағын түсіндіруді" сұраған.

Сол өтініштен соң ел ішінде түрлі болжамдар пайда болды, соның ішінде жұрт билік транзитінің таяп қалғанын, мерзімінен тыс президент сайлауы болатынын айта бастаған.

Назарбаев өз өтінішін "мемлекеттің жай ғана күнделікті мәселесі" деп атаған.

"Қазір бәрін де сайлау, транзит мәселесі қызықтырып отыр. Бұл туралы шулаудың қажеті жоқ. Конституция бойынша президент кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде мәлімдеме жасауға құқылы, бірақ ондай жағдай бола қоймас" деп екіұшты пікір білдірген Қазақстан басшысы.

Министр Абаев "Хабар" телеарнасының эфирінде президенттің жасын ескере отырып (биыл Назарбаев 79 жасқа келеді), соңғы кездері көп пікірталасқа арқау болған билік транзиті тақырыбын спекуляцияға балады.

"Бұл тақырыпты жабайық. Қазіргі таңда билік транзиті туралы ешқандай әңгіме болып отырған жоқ. Мемлекет басшысының айтқанына артық сөз қосу қиын. Конституциялық кеңеске өтініш беру шынымен маңызды, бірақ жұмыс бабындағы процедура. Бұл мәселеден "астар" іздеудің қажеті жоқ. Билік транзиті талқылауы мен талдауына қолайлы тақырыпқа айналған бірсыпыра сарапшыны білемін. Жалпы, бұл тақырыпқа жасалған пікірталас өмір шындығына үйлеспейтін өз күн тәртібі, қиялы, болжам-жорамалы бар экожүйені еске түсіреді" деді Дәурен Абаев "Хабар" телеарнасының эфирінде.

Даурен Абаев, Қазақстанның Ақпарат және коммуникациялар министрі. Астана, 25 қыркүйек 2018 жыл.
Даурен Абаев, Қазақстанның Ақпарат және коммуникациялар министрі. Астана, 25 қыркүйек 2018 жыл.

Саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша, билік транзиті процесінен қашып құтылу мүмкін емес.

- “Транзит туралы ойлама” десе, оны көп адам ойлай бастайды. Тіпті “транзит” деген сөздің мағынасын білмейтіндер интернетті ақтарып, көбірек ақпарат іздеп кетеді, – дейді ол.

Қазақстан билігінің соңғы уақыттағы түрлі әрекеттерін сарапшылар "мерзімінен бұрын өтетін президент сайлауының нышаны" деп бағалайды. Сарапшылар мен әлеуметтік желі қолданушылары биліктің халыққа ұнамды іс-шараларды сайлау алдында көбейтетінін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG