Accessibility links

Ерімбетов ісі жайлы америкалық сенаторлар хатына Нұр-Сұлтан реакция білдірді


Кәсіпкер Ескендір Ерімбетов сот залында. Алматы, 8 тамыз 2018 жыл.
Кәсіпкер Ескендір Ерімбетов сот залында. Алматы, 8 тамыз 2018 жыл.

Қазақстанның әділет министрлігі 3 тамызда ресми сайтында жеті жылға сотталған кәсіпкер Ескендір Ерімбетовті босатуға шақырған бір топ америкалық сенатор хатына байланысты хабарлама жариялады.

Әділет министрлігінің жазуынша, Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ерлан Қазыханов 29 шілдеде америкалық заң шығару орган өкілдеріне хат жолдап, "кәсіпкер ісі бойынша толық ақпаратты" жіберген. Хабарламада сонымен бірге әділет министрлігінің БҰҰ-ның күштеп қамау бойынша жұмыс тобы мен БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша арнайы өкіліне жолданған хаттың көшірмесі де жіберілгені баяндалған.

"Әділ сот қарауынан кейін Ерімбетов мырза елеулі заңбұзушылығы үшін сотталды. Оны ұстау, қамауға алу және соттық қудалаудың мән-жайлары халықаралық құқық нормаларына толық сәйкес келеді. Бүкіл сотқа дейінгі процесс шеңберінде отбасы мүшелерімен және адвокатымен кездесуіне мүмкіндік берілді. Адвокаттарының қорғауға дайындалуына жеткілікті ресурстары мен уақыты болды, тәуелсіз үшінші тарап айтқандай, ол қамау кезінде қатыгездікке ұшыраған жоқ" делінген хатта.

29 шілдеде АҚШ сенаторлары Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып, Ерімбетов тағдырына алаңдаушылық білдірген еді. Хат авторлары "кәсіпкер ісінің саясиланғанын" айтып, оны ақтап, босатуға шақырған. 17 сенатор қол қойған хатта ықпалды сенат мүшелерінің бірі Марко Рубио және Роберт Менендес те бар.

2018 жылы желтоқсан айында БҰҰ-ның күштеп қамау бойында жұмыс тобы Ерімбетовтің "заңсыз қамалғанын айтып", оны дереу босатуды талап еткен. АҚШ мемлекеттік департаментінің әлемдегі адам құқығы ахуалына арналған жыл сайынғы есебінде Ерімбетовтің есімі Қазақстандағы 24 саяси тұтқынның бірі ретінде аталады.

2018 жылы қазан айында Алматы соты "қаржы алаяқтығы" бойынша айыпталған Ескендір Ерімбетовті жеті жылға соттады. Ерімбетовтің ісін қараған судья Тәкен Шакиров үкімді оқыған кезде кәсіпкердің "аса ірі көлемде қаржы алғаны толық дәлелденді" деді.​

Ескендір Ерімбетов сотта өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын, істің саяси астары бар деп санайтынын, тергеу кезінде азаптауға ұшырағанын мәлімдеген.

Қарай отырыңыз: Ерімбетов "тергеу кезінде азапталғанын" айтты (18 шілде 2018 жыл).

Ерімбетов сотта сөйледі
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:33 0:00

Қорғау тарабының пікірінше, Қазақстан билігі Бельгиядан саяси баспана алған, сонда тұрып жатқан Ерімбетовтің қарындасы Бота Жәрдемәліні елге қайтарғысы келгендіктен оның ағасын қудалаған. Ерімбетовтің ата-анасы тергеу орындарының қуғындағы банкир, Ақорда оппоненті Мұхтар Әблязовтің заңгері болып жұмыс істеген Бота Жәрдемәлінің Әблязовке қарсы куәлік бергенін қалайды деп айтқан. Ал тергеу органдары Ескендір Ерімбетов ісінде саяси астар бар дегенді жоққа шығарады.

Бұған дейін "Ерімбетов ісінің" жай-жапсарын зерттеген қазақстандық құқық қорғаушылар Ескендір Ерімбетовті елдегі саяси тұтқындар қатарына енгізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG