Accessibility links

«Әсіредіншіл» азамат 4 жыл 8 айға сотталды


«Діни алауыздық қоздырды» деп айыпталған Сәкен Тулбаев. Алматы, 28 мамыр 2015 жыл.
«Діни алауыздық қоздырды» деп айыпталған Сәкен Тулбаев. Алматы, 28 мамыр 2015 жыл.

«Таблиғи жамағат» ұйымына қатысы бар және «діни алауыздық қоздырды» деп айыпталған Сәкен Тулбаев 4 жыл 8 айға сотталды.

Алматыдағы Бостандық аудандық соты судьясы Арай Нұғманова бүгін 46 жастағы алматылық Сәкен Тулбаевқа шығарған үкімін оқыды. Тулбаев Қазақстанда тыйым салынған діни ұйым «Табиғи Жамағатқа» мүше болып, «діни алауыздық өршітті» деп айыпталды.

Сотталушы 4 жыл 8 айға түрмеге кесілді. Судья оған «үш жыл бойы діни қызметпен айналысуға тыйым салынғанын» мәлімдеген. Сотталушы өзінің айыпсыз екенін мәлімдеп, үкім үстінен шағым түсірмек.

Прокурор Асхат Есенов бұрын сотта «айыпталушы айыбы сотқа дейінгі және сот кезіндегі тергеу барысында толық дәлелденді» деген еді.

Сотталушы Сәкен Тулбаев «діни алауыздықты өршітті» деген айыпты мойындамайды. Ол «Таблиғи Жамағат» ұйымының жоқ екенін айтып, сондықтан оның мүшесі болуы мүмкін емес екенін алға тартады.

Сәкен Тулбаевқа үкім оқылды (видео):

Сәкен Тулбаевтың үкімі
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:40 0:00

САРАПШЫЛАР МЕН ТЕОЛОГТАР

Сотталушы Сәкен Тулбаевқа «діни алауыздық қоздырды» деген айып бұндай істерге тән үрдіспен психологиялық-филологиялық сот сараптамасы негізінде тағылды. Қорғаушылар тарапы бұл тұжырымға күмән келтіріп, сотқа сарапшылардан жауап алу туралы өтініш берді. Алайда, сотталушы мен оның қорғаушысы Жандос Бұлхайырдың айтуынша, сарапшылардан жауап алған соң түсініксіз мәселелер тіпті көбейген.

Қорғаушы Жандос Бұлхайыр сотта маман ретінде теологты тыңдауды талап етті. Оған ол тек екінші ұсынысынан соң қол жеткізді.

Сотталушы Сәкен Тулбаев пен оның адвокаты Жандос Бұлхайыр (оң жақта).
Сотталушы Сәкен Тулбаев пен оның адвокаты Жандос Бұлхайыр (оң жақта).

Өзін «теолог» деп атаған «Әбу-Ханифа» ғылыми орталығының ғылыми қызметкері Серік Тәжібаев дипломдағы жазбасы бойынша ондай маман болмай шықты. Сондықтан, сот оны тыңдаудан бас тартты. Дегенмен, бұл жағдай оған баспасөз бетіндегі өз түсініктемесінде «Таблиғи Жамағат» ұйымының қауіпті екенін растауға кедергі болмады, оның айтуынша, оларды шетелдегі «әмірлері» басқарады.

Теолог ретінде сотта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғалымдар кеңесінің мүшесі Алай Әділбаевтың пікірі тыңдалды. Оның айтуынша, Сәкен Тулбаевты тінту кезінде «пәтерден табылды» деген үнпарақтарда салафиттер мемлекетті айыптайды және шариғат талабына сай өмір сүрмейтін барлық мемлекеттер жойылуға тиіс деп мәлімдейді. Айта кетерлігі, Сәкен Тулбаев салафиттік ұйымдар емес, «Таблиғи Жамағат» ұйымына қатысы бар деп айыпталып отыр. Дегенмен бұл ұйымдардың екеуіне де Қазақстанда сот үкімімен тыйым салынған.

ПРОКУРОР МЕН «БЕДЕЛДІ ДІНИ ТҰЛҒА»

Қорғаушының куәгері ретінде сотта ҚМДБ шариғат және пәтуалар бөлімінің жетекшісі Мұхаммад-Хусейн қажы Алсабеков қатысты, ол сотталушы Сәкен Тулбаевты бұрыннан таниды. Бұрын Шешенстанның бас мүфтиі болған, кейін Қазақстанның ҚМДБ төрағасының орынбасары болып сайланған Алсабековты теологтан көрі «беделді діни тұлға ретінде шақыруды» сотталушының өзі талап етті. Оның айтуынша, Мұхаммад- Хусейн қажы Алсабеков оны бұрыннан «мінсіз мұсылман ретінде таниды».

Мұхаммад-Хусейн қажы Алсабеков Сәкен Тулбаевқа діни тұрғыда оң сипаттама берді, бірақ оны Қазақстанда тыйым салынған «Таблиғи Жамағат» діни ұйымына жақын жүргені үшін сөкті. «Егер ұйымға ресми түрде заң бойынша тыйым салынса, оның мүшесі болмауың керек еді» – жалпы алғанда Алсабековтың Сәкен Тулбаев ісіне қатысты пікірі осындай болды.

ҚМДБ шариғат және пәтуалар бөлімінің жетекшісі Мұхаммад-Хусейн қажы Алсабековтің 2010 жылы түскен суреті.
ҚМДБ шариғат және пәтуалар бөлімінің жетекшісі Мұхаммад-Хусейн қажы Алсабековтің 2010 жылы түскен суреті.

Дегенмен Алсабеков судья Арай Нұғманованы «мұсылман ретінде Рамазан айында мұсылман Сәкен Тулбаевқа рақымшылық танытуға» шақырды.

– Егер ол өз айыбын мойындаса, тәубеге келсе ғана, - деп пікір қосты прокурор Асхат Есенов.

Сәкен Тулбаев бұған «өкініп, айыбын мойындауға еш себеп жоқ екенін» мәлімдеді. Тараптар пікірталасы кезінде прокурор Асхат Есенов «сотталушының өкініп, өз айыбын мойындамағаны үшін жазасы ауырлайтынын» айтты.

ЖЕЛІМДЕЛГЕН БЕЙНЕ КӨРІНІСТЕР

Сотталушы Тулбаев сотта «пәтерін тінткен кезде кіреберіс бөлмеге уаххабиттік мазмұндағы үнпарақтарды біреудің тастап кеткенін» айтты. «Олар «Таблиғи Жамағат» қозғалысының идеологиясына қайшы», яғни оған «мазмұны басқа үнпарақтарды тастап кеткен».

Сотта Сәкен Тулбаевтың пәтерін тінткен бейне жазбаны қараған кезде оның құрастырылғаны анықталды. Куәгер ретінде сұралған тергеуші Диас Шортанбаев оны «бейнебаянға түсіру кезінде камераның батареясы отырып қалды, оны ауыстырып, жаңа бейне файл түсіруге тура келді» деп түсіндірді.

Тінтуді бейне көрініске түсіруді көру кезінде тергеушінің «криминалистік әдістеме бағытына сай жүргізген» тінтуін аяқтағаны байқалды – бірақ кенеттен оның есіне «кіреберіс бөлмені тінтуді ұмытып кеткені» түскен. Ол кіреберіс бөлмеге оралып, «уаххабиттік мазмұндағы» үнпарақтарды тауып алады.

Сотталушы Сәкен Тулбаев сотта бұл үнпарақтардың «қарабайыр арандатушылық» екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, «қарабайырлығы соншалық, оны тастап кеткен адамдар «Таблиғи Жамағат» шәкірттері мен уаххабиттер арасындағы айырмашылықты да білмейді, ал бұл екі ағым бір-бірін қатты жек көреді». Сөзін растау үшін ол үйінен «Уаххабизмнің қанды ізі» брошюрасы табылғанын айтты, «ол менің уаххабизмге қарсы екеніме куә болса керек» деді.

Сәкен Тулбаев соңғы сөзінде «діни алауыздық өршітті» деген айыпты терістеп, өзінің «қудалауға түскен күнәсіз мұсылмандардың» алғашқысы емес екенін мәлімдеді.

Мақала орыс тілінен аударылды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG