Accessibility links

«Таблиғи Жамағат» ісі бойынша бес адам сотталды


«Таблиғи Жамағат» ісі бойынша сотталғандардың бірі Айхан Құрманғалиев. Талдықорған, 14 қаңтар 2015 жыл.
«Таблиғи Жамағат» ісі бойынша сотталғандардың бірі Айхан Құрманғалиев. Талдықорған, 14 қаңтар 2015 жыл.

Сотталушылардың біреуі – 1 жыл 6 ай, қалған төртеуі 1 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сотталғандардың көбі діни экстремизмге қатысы барын мойындамады.

Айыптау тарабының болжамынша, Талдықорғанда сотқа тартылған жергілікті бес тұрғын Қазақстанда тыйым салынған «Таблиғи Жамағат» діни қозғалысына мүше болған.

Айыпталушылардың үшеуі – Бақыт Нұрманбетов, Қайрат Есмұхамбетов және Сағындық Татубаев сот процесіне дейін, қыркүйек айында тұтқындалған. Ал екеуі – Руслан Қайранов мен Айхан Құрманғалиев сотқа дейін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүрген.

«БАНГЛАДЕШКЕ ОҚУ ҮШІН БАРДЫҚ»

Тергеу деректері бойынша, сотталушылар бірнеше рет Бангладештегі діни семинарияларға оқуға барған, әрі Бақыт Нұрманбетовтың үйінде жиі бас қосып, «экстремистік сипаттағы» мәлімдемелер жасаған.

– Тергеушілер олардың айыбын дәлелдеді. Көптеген куәгерлердің түсініктемелері, фонограммалар, аудио және видео жазбалар істе тіркелген. Соттан оларды екі жылға дейін бас бостандығынан айыруды және жаза мерзімін жалпы тәртіптегі колонияда өтеуді тағайындауды сұраймын, – деді айыптау ұйғарымын оқыған прокурор Гүлшат Азаматова.

Полицейлер айыпталушыларды сотқа әкелді. Талдықорған, 14 қаңтар 2015 жыл.
Полицейлер айыпталушыларды сотқа әкелді. Талдықорған, 14 қаңтар 2015 жыл.

Айыпталушы Руслан Қайранов айыптаумен келісіп, соттан жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Қалған сотталушылар тағылған айыптарды мойындамады. Мәселен, Айхан Құрманғалиев «соңғы жылдары Қазақстанда қарқынды жүргізіліп жатқан антитеррорлық науқанға іліктік» деп мәлімдеді.

– Біз – кәдімгі мұсылманбыз. Мемлекетке қарсы шыққан жоқпыз, конституцияны мойындаймыз, ел президентін қолдаймыз. Бар жазығымыз – дұға оқып, мешітке барғанымыз, – дейді Айхан Құрманғалиев.

Адвокаттар «сотталушылардың айыбы дәлелденген жоқ» деп санайды.

– Оларды күмәнді видеожазбаға сүйеніп айыптап отыр. Ал жазбада олардың бірге жиналып, әңгімелескені, Құранды талқылап, хадистер оқығаны ғана көрінеді. Олар бар болғаны Құрандағы аят-сүрелердің мазмұнын түсіндірген. Адамды діни сенімі үшін қалай соттауға болатынын түсінбеймін, – дейді Бақыт Нұрмағамбетовтің адвокаты Серікжан Дүйсембеков.

«ЖАБЫҚ» ПРОЦЕСТІҢ АҚЫРЫ

«Таблиғи Жамағат» ұйымы мүшелерінің ісіне қатысты сот процесі 2014 жылдың желтоқсанында басталған. Азаттық тілшісі сот отырысына қатысуға бірнеше мәрте тырысып көрген, бірақ сот қызметкерлері «жабық сот» деген уәжбен кіргізбеген. Сот төрағасы Жасамұрат Сағымбековке тілшінің ауызша шағымынан кейін ғана бұрын сот залына кіргізбеген журналистер мен сотталушылардың туыстарына соңғы сот отырысы мен үкімді жариялауға қатысуға рұқсат берілді.

Талдықорған қалалық сотының судьясы Сара Жаңбырбаева. Талдықорған, 14 қаңтар 2015 жыл.
Талдықорған қалалық сотының судьясы Сара Жаңбырбаева. Талдықорған, 14 қаңтар 2015 жыл.

Талдықорған қалалық сотының судьясы Сара Жаңбырбаева үкімді қаңтардың 14-і күні түнде жариялады. Руслан Қайранов бір жарым жылға, қалғандары бір жыл сегіз айға сотталды. Сотталғандардың туыстары сот шешіміне қатысты комментарий беруден бас тартты.

– Не деп комментарий береміз? Мұндай баланы тәрбиелегеніме ұяламын. Төрт баласы болса да, сонша жылдан бері еш жерде жұмыс істемеді. Үйіне өзі сияқты балалы-шағалы, жұмыссыз жүрген келетін. Бұл жалқауларды кім асырады сонда? – деді жігіттердің бірінің аты-жөнін атағысы келмеген анасы.

«Таблиғи жамағат» діни ұйымы өткен ғасырда Үндістанда құрылған. 2013 жылдың ақпан айында Астана қаласы Сарыарқа аудандық соты ұйымды экстремистік деп танып, Қазақстан аумағында қызмет етуіне тыйым салған. Бұл ұйым қызметіне Ресей, Өзбекстан және Тәжікстанда да тыйым салынған.

XS
SM
MD
LG