Accessibility links

Бостандығы шектелген белсенді үкімді қоғамдық ісімен байланыстырады


Семейлік белсенді, CIVI қоғамдық қорының басшысы Ерсін Құдияров (сол жақта) сотта отыр. Өскемен, 4 ақпан 2020 жыл.
Семейлік белсенді, CIVI қоғамдық қорының басшысы Ерсін Құдияров (сол жақта) сотта отыр. Өскемен, 4 ақпан 2020 жыл.

Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының соты жергілікті белсенді, CIVI қоғамдық қорының басшысы Ерсін Құдияровты "алаяқтық" бабымен жауапқа тартып, үш жылға бостандығын шектеді. Құдияров тағылған айыпты жоққа шығарып, қылмыстық қудалауды өзінің белсенділігімен байланыстырады.

Бір жылға жуық уақытқа жалғасқан тергеу, төрт айға созылған сот процесі мен бір ай қаралған апелляция шағымы... Қорытындысында Семей соты 34 жастағы жергілікті белсенді Ерсін Құдияровты "алаяқтық жасауға тырысқан" деп танып, үш жылға бостандығын шектеуге үкім етті.

Құдияров жауапқа тартуға негіз болған қылмыстық іс 2018 жылдың қыркүйек айында қозғалған. Бірақ басында бұл іске Құдияровтың қатысы болмаған. Күдікке мемлекеттік қызметкерлер іліккен. Белсендіні бірінші рет 2019 жылдың ақпан айында "қорғану құқығы бар куәгер" ретінде тергеуге шақырған. Ал маусым айында Құдияров "күдікті" атанған. Жарты жылдан кейін сот үкімі шығып, ақпанның 4-і күні Шығыс Қазақстан облыстық сотының апелляция алқасы Құдияровтың шағымын қанағаттандырудан бас тартты.

ІС ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

2016 жылы "Небесный лев" қайырымдылық қоры Өскемендегі облыстық архитектуралық-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығының аумағына ағаш үй салған. Ол жерден балалар үйі түлектерін әлеуметтік ортаға бейімдеу орталығын ашу жоспарланған. Бірақ "Дом заботы" деп аталған ғимараттың құрылысы сол күйі толық аяқталмай қалды, мұнда балалар үйінің бірде-бір түлегі келмеген. Ағаштан тұрғызылған, коммуникация желісі тартылмаған қос қабатты үй бос тұрған.

Өскемендегі облыстық архитектуралық-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығының аумағына ағаштан салынған "Дом заботы" үйі (оң жақта). 30 қаңтар 2020 жыл.
Өскемендегі облыстық архитектуралық-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығының аумағына ағаштан салынған "Дом заботы" үйі (оң жақта). 30 қаңтар 2020 жыл.

2018 жылы қыркүйек айында "Дом заботы" ғимаратын бұзып, музей-қорық аумағынан алып кетуге тырысқан. Мұның артында кім тұр және оның көздеген мақсаты қандай? Бұл сұраққа сот ісіне қатысқан тараптар әртүрлі жауап береді.

Әуелі "Ұрлық" бабы бойынша қозғалған істе (ғимаратты жартылай бұзып, кейбір бөлігін алып кеткен) сол кезде музей басшысының міндетін атқарған Қазыбек Өстеміров пен Өскемен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Серік Жеңісов күдікті деп танылған. Олар бір-бірімен мектеп қабырғасынан бері таныс. Кейінірек, тергеу басталғаннан кейін жеті ай өткенде, Өстеміров түсініктемесін өзгерткен. Осыдан кейін Жеңісовті күдіктілер қатарынан шығарып, Ерсін Құдияровты тергеуге алған. Ал қылмыстық іс "Алдын-ала келісім бойынша жасалған топтық алаяқтық" бабына ауыстырылған.

СОТ КЕЗІНДЕГІ ҚАРАМА-ҚАЙШЫ ЖАУАПТАР

Сотта айыпталушылар ретінде Өстеміров пен Құдияров жауап берді. Олардың болған жағдай туралы түсініктемесі бір-біріне ұқсамайды.

Қазыбек Өстеміровтің айтуынша, оны Ерсін Құдияровпен Серік Жеңісов таныстырған. Жеңісов Құдияровтың "Небесный лев" қорының қызметкері екенін, музей-қорық басшысымен байланысудың амалын іздеп жүргенін айтқан. Біраз уақыттан кейін Құдияров Өстеміровке WhatsApp мессенджері арқылы қайырымдылық қорының "Дом заботы" орталығын ел астанасына көшіргісі келетіні, қорық аумағындағы ағаштан тұрғызылған ғимаратты бұзып алатыны туралы жазылған ресми хаттың көшірмесін жіберген. Кейінірек бұл хат (сотта хаттың жалған екені айтылды) мәдениет басқармасына берілген. Өстеміровтің сөзінше, көп ұзамай ғимаратқа жүк көлігі мен жұмысшылар келіп, үйді жартылай бұзып алған. Оларды полиция алып кеткен, тергеу осылай басталған.

Ерсін Құдияровтың айтуынша, Қазыбек Өстеміров өзімен танысқаннан кейін ағаш үйді Семей қаласы арқылы ел астанасына жеткізгісі келетінін айтып, Құдияровтан қала тұрғыны ретінде көмек беруін сұраған. Құдияров оған жүк тасымалымен айналысатын ағасының телефон нөмірін берген. Белсенді өзін Өстеміровпен таныстыруды Серік Жеңісов ұсынғанын, басқа қалада орналасқан ағаш үйге қызықпағанын айтады.

2019 жылы желтоқсанда қала әкімінің орынбасары қызметінен кеткен Серік Жеңісов (осыған дейін әдеп жөніндегі кеңес оған қызмет көлігін жұмыстан тыс уақытта пайдаланғаны үшін "ескерту" жасаған) түсініктемесінде досы Өстеміровті өңірге белгілі белсенді Құдияровпен таныстырғанын мойындағанымен, олардың келіссөздеріне қатысы жоғын айтты.

Жеңісов Өскемен әкімдігіндегі қызметінен кетерден екі күн бұрын қалалық сот оның досы Өстеміровтің бостандығын үш жыл мерзімге шектеу туралы үкім шығарды. Құдияровқа да дәл сондай жаза берілді. Айыпталушылар үкімге қарсы шағым бергенімен, апелляция соты үкімді күшінде қалдырды.

"Алаяқтық" ісі бойынша айыпты деп танылған Ерсін Құдияровтың шағымын қараған Шығыс Қазақстан облыстық соты апелляция алқасының отырысы. Өскемен, 4 ақпан 2020 жыл.
"Алаяқтық" ісі бойынша айыпты деп танылған Ерсін Құдияровтың шағымын қараған Шығыс Қазақстан облыстық соты апелляция алқасының отырысы. Өскемен, 4 ақпан 2020 жыл.

"ЕКІ ШЕНЕУНІКТІҢ ТҮСІНІКТЕМЕСІ"

Апелляция алқасының қаулысы жарияланғаннан кейін Қазыбек Өстеміров сот процесіне байланысты пікірін сұраған тілшіге жауап беруден бас тартып, мұны "ақпарат құралдарына шыққым келмейді" деп түсіндірді.

Сотқа "жәбірленуші тарап" ретінде қатысқан музей-қорықтың заңгері шығын өтелгенін, үй бұрынғы орнында тұрғанын, сондықтан музей тарапынан Өстеміров пен Құдияровқа ешқандай талап жоғын мәлімдеді. Алғашқы инстанциядағы сотта Өстеміров төрт миллион теңгеге (шамамен он жарым мың доллар) бағаланған шығынды Жеңісов өтегенін айтқан. Жеңісов бұл сөзді жоққа шығарды.

Ерсін Құдияров қылмыстық қудалауға ұшырауын азаматтық белсенділігімен байланыстырады.

Бұл сотты өз қызметіммен байланыстырамын. Негізгі мақсаты – маған "сотталған" деген айдар тағып, сайлауға қатысуға, жастар арасында азаматтық белсенділікті дамыту жайлы жобалар жүргізуге мүмкіндік бермеу.

- Маған қарсы жалғыз айғақ – екі мүдделі шенеуніктің түсініктемесі. Олардың айтуынша, мен өзімді "Небесный лев" қорының өкілі ретінде таныстырып, қор үйді бұзып алып кететіні туралы жалған хат әкеліп, дәл осы хатты WhatsApp мессенджері арқылы музей директорының орынбасары Өстеміровке жібергенмін-мыс. Оған дейін әкімнің орынбасары, сол кезде "Шығыс Ақпарат" жауапкершілігі шектеулі серіктестік басқармасы төрағасы болған Жеңісовтен өзімді Қазыбек Өстеміровпен таныстыруды сұраппын-мыс. Хабарлама жоқ, оны өшіріп тастаған, ал мені тоғыз айдан кейін, "хат әкелген" кезімде бір-ақ таныған. Оның үстіне мәдениет басқармасы басшысының орынбасары әр жолы "Хатты осыған ұқсайтын адам әкелді" дегенді қайталаумен болды. Сот осы түсініктемелер кінәмді дәлелдеуге жеткілікті деп тапты. Бұл дұрыс емес, өйткені олар істің осылай аяқталуына мүдделі тұлғалар. Бұл сотты өз қызметіммен байланыстырамын. Негізгі мақсаты – маған "сотталған" деген айдар тағып, сайлауға қатысуға, жастар арасында азаматтық белсенділікті дамыту бойынша жобалар жүргізуге мүмкіндік бермеу деп ойлаймын, - дейді Құдияров.

Ерсін Құдияров соңғы жылдары жастарға арналған азаматтық білім курстарын өткізіп жүрген. Одан бөлек, CIVI қоғамдық қорының басшысы Құдияров сайлауда бақылаушы ретінде қатысып, белсенділік танытқан. Сайлауға қатысу және бақылаушы болу тәжірибесіне сүйенген (2012 және 2016 жылдары ол қалалық мәслихат депутаттығына тәуелсіз кандидат ретінде сайлауға түспек болған, бірақ өз айтуынша, билік оны әдейі сайлауға қатыстырмаған) белсенді Қазақстанның сайлау заңнамасы туралы зерттеу жариялаған.

Бірінші инстанциядағы сот отырысы кезінде "Қазақстан құқық қорғаушыларының жаңа толқыны коалициясы" арнайы мәлімдеме жасап, Құдияровты "қылмыстық қудалауға байланысты" алаңдаушылық білдірген. Құқық қорғаушылар жағдайды жан-жақты, толық және объективті зерттеуге шақырып, Қазақстан заңнамасында және мемлекет бекіткен халықаралық келісімдерде көрсетілген әділ сотқа қол жеткізу құқығы барын еске салған.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін әртүрлі қоғамдық-саяси мәселелерді көтерген белсенділерді қудалағаны үшін жиі сынайды. Human Rights Watch ұйымының Еуропа мен Орталық Азиядағы атқарушы директоры Хью Уильямсонның өткен жылдың қараша айында президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатында "Қазақстан өзгеше пікір айтқандарды қудалап, ұстап, түрмеге жабатын ел болып қалып отыр" деп жазылған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG