Жексенбідегі митингілер барысында "төрт адам ғана әкімшілік жауапқа тартылған". Бұл ақпаратты ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев үкімет отырысынан кейін журналистерге айтты.
"80-ге жуық азамат ішкі істер органдарына әкетілді. Профилактикалық әңгімеден соң түгелге жуық босатылды" деді Тұрғымбаев.
Тұрғымбаевтың сөзінше, полиция бөлімдеріне апарылған азаматтар "үш сағаттан артық кідіртілмеген".
- Төртеуі ғана әкімшілік жауапкершілікке тартылды: біреуіне айыппұл салынды, үшеуі әкімшілік қамауға алынды. Екі адам полицияға қарсылық көрсеткені, біреуі рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырғаны үшін қамалды, -дейді ішкі істер министрі.
Наурыздың біріне Қазақстанның бірнеше қаласында белсенділер ұйымдастырмақ болған митингі орнына жақындағандарды полиция жаппай алып кеткен. Митингіге шығуға шақырған белсенділер "полиция үйінен шығармай, есік алдында күзетіп отырғанын" хабарлаған.
Митингіден бір күн бұрын түрлі қалаларда кем дегенде 6 адам бірнеше тәулікке қамауға алынған.
Ақпанның 22-сіндегі митингі жайында ресми ақпарат бергенде ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев "53 адам ұсталып, 10 адам әкімшілік жазаға тартылды" деген еді. Ал, құқық қорғаушылардың есебінше "22 ақпан күні Қазақстанда 300-ден астам адам ұсталып, екі адам жарақаттанған".
ПІКІРЛЕР