Accessibility links

Митингіге бір күн қалғанда кемінде 6 белсенді әкімшілік қамауға алынды


Азаматтық белсенді Мақсат Айсауытов (сол жақта) және адвокат Мереке Ғабдуалиев әкімшілік сотта отыр. Орал, 29 ақпан 2020 жыл.
Азаматтық белсенді Мақсат Айсауытов (сол жақта) және адвокат Мереке Ғабдуалиев әкімшілік сотта отыр. Орал, 29 ақпан 2020 жыл.

29 ақпанда оппозициялық топтардың митингісіне бір күн қалғанда Оралда үш белсенді Мақсат Айсауытов, Данияр Інжіғалиев, Аслан Сагутдинов әкімшілік қамауға алынды.

Мақсат Айсауытов белсенді Дулат Ағаділдің қазасынан соң 27 ақпанда облыстық полиция департаментінің алдында акцияға шыққаны үшін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, жеті күнге қамалды. Данияр Інжіғалиев те "рұқсат етілмеген акцияға қатысты" деп айыпталып, жеті күнге қамалды. Ол 28 ақпанда облыстық полиция департаментінің алдында "полицейлер қысым көрсетті, бірігіп жұмыс істеуді сұрады" деп шағымданып, жалғыз адамдық пикет өткізген. Ал полиция мұны жоққа шығарды. Олардың айтуынша, Інжіғалиев "алаяқтық" бабы бойынша күдікке ілінген.

Өткен жылы алаңға бос плакатпен шығып, танымал болған блогер Аслан Сагутдинов сот қаулысымен бес күнге қамалды. Оған Әкімшілік кодекстің 667-бап ("Полиция қызметкерлерінің талабына бағынбау") бойынша айып тағылған. Сот қаулысына сәйкес, ол 22 ақпанда - Қазақстанда митинг өтеді деген күні ұстау кезінде полицияға қарсылық көрсеткен. Бұған дейін блогер сол күні полиция қызметкерлерінің күртешесін жыртып, басымен ернін соққанын айтқан еді.

29 ақпанда Алматыда да бірнеше белсенді қамалды. Бұлар:

  • Бағдат Бақтыбаев - 15 күн, 29.02 күні жалғыз адамдық пикетке шыққаны үшін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып ұсталған;
  • Дархан Валиев - 10 күн, 29.02 күні жалғыз адамдық пикетке шыққаны үшін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып ұсталған;
  • Серік Айтжанов - 10 күн, 26 ақпан күні Алматы әкімдігі мен прокуратура алдында наразылық акциясына қатысқаны үшін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып ұсталған.

Сенбі күні алматылық белсенді Нұргелді Жұмабеков полицияның таңертеңгі сағат 7:30-да үйіне келіп, Бостандық аудандық ішкі істер басқармасына ұстап әкеткенін хабарлады. Полицияда оның қан қысымы көтеріліп, кардиология орталығына жеткізілген.

Бұған қоса, Алматыда Дәулет Әбілқасымов есімді азаматты полиция үйінен алып кетпек болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода полиция қызметкерлерінің белсендіні үйінен күштеп ұстап әкетуге тырысып жатқаны байқалады. "Шақырту қағазы қайда?" деген сұраққа полиция қызметкерлері "көлікте" деп жауап береді, бірақ көрсетпейді.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 29 ақпанда түстен кейін Facebook-тағы парақшасында "Орал, Ақтөбе, Алматы, астанада кезекті паранойя басталды...ұстаулар мен соттар жүріп жатыр" деп жазды.

"Митинг өтеді" деген күні Алматыда Республика алаңы жабылып, әкімдік айналасы темір шарбақпен қоршалды. Аумақты полиция күзетіп тұр.

Бұған дейін елдегі түрлі оппозициялық ұйымдар 1 наурыз күні митингіге шығуға шақырған. Бас прокуратура митингілерді "заңсыз" деп атап, жұртты наразылыққа шықпауға үндеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG