Accessibility links

Семей соты Мұхтар Жәкішевті шартты жазамен босату жайлы шешім шығарды


Мұхтар Жәкішевтің "Қазатомпром" ұлттық компаниясының президенті кезі. 2 сәуір 2009 жыл
Мұхтар Жәкішевтің "Қазатомпром" ұлттық компаниясының президенті кезі. 2 сәуір 2009 жыл

"Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы жетекшісі, қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" санатына қосқан Мұхтар Жәкішев шартты жазамен бостандыққа шығатын болды. Бүгін, 3 наурызда Семей қалалық №2 соты Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен ерте босату туралы үшінші өтінішін қанағаттандырды.

Сот шешімі бойынша, Мұхтар Жәкішев "пробациялық бақылауға алынады, жаза мерзімі толық аяқталмайынша Қазақстан аумағынан шығарылмайды"

Сот шешіміне прокуратура 15 күн ішінде қарсылық білдіре алады. Қарсылық болмаса Жәкішев бостандыққа шығуы тиіс.

Сот отырысына Қазақстанның әр түкпірінен қоғам белсенділері мен Мұхтар Жәкішевті қолдаушылар жиналды. Олар сот басталмай тұрып залда Мұхтар Жәкішевке бостандық сұрап, ұрандатты. Сотқа Мұхтар Жәкішев скайп арқылы қатысты.

Былтыр 24 шілдеде Семей қаласының №2 соты түрмеде отырғанына 10 жылдан асқан Мұхтар Жәкішевтің шартты жазамен мерзімінен бұрын бостандыққа шығару туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан. Семей соты "Жәкішев мемлекетке келтірген 99,6 миллиард теңге (қазіргі курспен 258 миллион доллар) шығынды өтемегенін" айтқан.​ Қыркүйек айындағы апелляциялық сот бұрынғы шешімді өзгертпеді.

Оқи отырыңыз: Мұхтар Жәкішевтің ісі. 15 дерек.

Соттың алдында және одан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында биліктен Жәкішевті босатуды талап еткен наразылық акциялары өтті.

Мұхтар Жәкішевті саясаттанушылар "білікті менеджер" деп санайды. Ол 2009 жылы мамырдың 21-іне "Қазатомөнеркәсібі" компаниясының басшысы қызметінен алынып, мамырдың 24-іне тұтқындалған. "Венада (Австрия) "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген" деген айыппен 14 жылға сотталған.

2012 жылы маусым айында Мұхтар Жәкішектің үстінен қозғалған тағы бір іс бойынша Астана қаласындағы Сарыарқа ауданының №2 соты үкім шығарды.

Оған "ірі көлемдегі алаяқтық" (қылмыстық кодекстің 177-бабы) және "өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлкін иемденіп, шығындау" (176-бап), "заңдастыру" (193-бап), "қылмыстық топ құру" (235-бап), "қызметтік өкілетін асыра пайдалану" (307-бап) баптары бойынша айыптар тағылып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі. Бұл жаза бұрынғы 14 жылдық жазамен біріктірілді. Екінші қылмыстық іс бойынша сот отырыстарына Мұхтар Жәкішев пен оның өзі жалдаған адвокаттары қатыспаған.

Түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Жәкішев өзіне тағылған айыптармен келіспейді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Жәкішевті "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Құқық қорғаушылар "Жәкішев елден қашқан Мұхтар Әблязовпен (бұрынғы банкир, Қазақстан билігін сынаушы) араласқаны үшін қысымға ұшырады" деп санайды. Қазақстан билігі елде "саяси тұтқындар жоқ" деп есептейді.

Оқи отырыңыз: Ресей Қазақстанның уран өндірісіне ендей кірді

Халықаралық ұйымдар да бірнеше рет Қазақстан билігінен Жәкішевке бостандық беруді сұраған. 2015 жылы Жәкішевтің шағымын қараған Біріккен ұлттар ұйымының адам құқықтары жөніндегі комитеті оның құқығы бұзылғанын растап, Қазақстан билігін тұтқынды босатуға шақырған. 2018 жылы наурыз айында Хельсинки комитеті және "Орталық Азиядағы адам құқығы" қауымдастығы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазып, "науқас саяси тұтқын" Мұхтар Жәкішевке "адамшылық танытып" түрмеден босатуды сұраған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG