Accessibility links

Шымкент белсенділері Жәкішевтен өзге де "саяси тұтқындарды" босатуды талап етті


Биліктен саяси тұтқындарды босатуды талап етіп тұрған белсенділер. Шымкент, 3 наурыз 2020 жыл.
Биліктен саяси тұтқындарды босатуды талап етіп тұрған белсенділер. Шымкент, 3 наурыз 2020 жыл.

3 наурызда Шымкенттегі әкімшілік жазаға тартылғандар қамалатын ғимарат алдына он шақты белсенді жиналып, Жәкішевтен өзге де "саяси тұтқындарды" босатуды талап етті.

Белсенділер әуелі 24 қаңтарда "Назарбаев атаулары алынып тасталсын!" деген ұран ұстап, жалғыз адам пикетіне шыққан, 22 ақпанда "бейбіт митинг өткізу заңын бұзды" деген айыппен он тәулікке қамалған, бүгін жазасын өтеп шыққан Мұрат Байдәулетовті қарсы алды.

Жиналғандар Семей сотының шешімімен "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы жетекшісі, қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" санатына қосқан Мұхтар Жәкішевтің шартты жазамен түрмеден босатылғанына қуаныштарын білдірді.

"Мұхтар Жәкішев саяси көзқарасы үшін сотталды" деген белсенділер "Қазақстанда саяси тұтқындар көп, олардың бәрі де босатылуы керек" деп есептейді. Олар "Саяси тұтқындарға бостандық!" деген жазуы бар плакат ұстап, "Көше партиясы жасасын!" деп ұрандатты.

"Көше партиясы" туралы алғашқы мәліметтер биылдан бастап көбірек шыға бастаған. 18 қаңтарда Нұр-Сұлтанда бір топ белсенді "Көше партиясы" тіркелмеген қозғалысын таныстырған парақшалар таратқан. Олар "Көше партиясын" тіркелмеген қозғалыс деп атап, оны тіркетуге ұмтылмайтынын мәлімдеген.

22 ақпанда белсенділер Қазақстанның бірнеше қаласында митингіге шығуға шақырғанда өздерін "Көше партиясы" мүшесіміз деп есептейтін бірнеше белсендіні полиция алып кеткен.

Мұхтар Жәкішевті мерзімінен бұрын шартты жазамен босату туралы сот шешімі бүгін шыққан. Оппозициялық күштер мен қоғам белсенділері Жәкішевті босатуды Қазақстан билігінен бірнеше жыл бойы талап етіп келген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG