Accessibility links

Оралда үш белсенді саяси тұтқындарды босатуды талап етті


Саяси тұтқындарды босатуды талап еткен акция. Орал, 3 наурыз 2020 жыл.
Саяси тұтқындарды босатуды талап еткен акция. Орал, 3 наурыз 2020 жыл.

3 наурызда Оралда үш адам қала әкімдігі жанындағы Абай алаңына келіп, саяси тұтқындарды босатуды және белсенділерді қудаламауды талап етті. Сейсенбі күні Семейде сот "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен ерте босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырған еді. 2009 жылы "жемқорлық" бойынша айыпталып, 14 жылға сотталған Жәкішевті құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп таныған.

Акцияға қатысқандардың қолында "Саяси тұтқындарға бостандық! Арон Атабек, Макс Боқаев, Мұхтар Жәкішев" (Арон Атабек 2006 жылы "Шаңырақ ісі" бойынша 18 жылға сотталған; Макс Боқаев үкіметтің жер реформасына қарсы митингілерінен кейін бес жылға сотталған) деген жазуы бар плакат болды. Акция кезінде белсенділер оны кезек-кезек қолдарына ұстап тұрды.

- Дулат Ағаділді өлтірді. Жәкішевтің денсаулығы нашарлағанын естідік. Мұхтар Жәкішевтің талантын бәрі мойындайды. Оның еш кінәсі жоқ. Мен өзім науқаспын. Бірақ соған қарамастан алаңға келдім. Барлық саяси тұтқындарды босатуды талап етемін, - деді зейнеткер Қалиолла Гумаров.

Қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің қызметкері келіп, шараның заңсыз екенін ескертті. Ол рұқсат етілмеген акцияны тоқтатуды сұрады. Ал белсенділер алаңнан кеткен жоқ. Гумаров биліктің рұқсатынсыз жалғыз адамдық пикет өткізу заңға қайшы емес екенін айтты. Бұдан соң әкімдік өкілі кетіп қалды.

Белсенділер Мұхтар Жәкішевтің бостандыққа шығатыны туралы хабарды қуанышпен қарсы алды.

Оқи отырыңыз: "Түрмеден босатылсын". Сот Мұхтар Жәкішевтің өтінішін қанағаттандырды

Акция шамамен жарты сағатқа созылды. Содан кейін белсенділер үйлеріне тарады.

Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамыр айында ұсталған. Оған жемқорлық бойынша айыптар тағылды. Ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды. Құқық қорғаушылар Жәкішевті саяси тұтқын деп танып, оппозициялық саясаткер Мұхтар Жәкішевпен достық қарым-қатынасы үшін қуғынға ұшырады деп мәлімдеді.

Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін бірнеше рет Жәкішевті босатуға шақырған. 2015 жылы БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі комитеті сот үкімінің күшін жойып, Жәкішевтың соты әділ болмады деп мойындау қажеттігін мәлімдеген.

Бұған дейін сот Жәкішевтің мерзімінен босап шығу туралы екі өтінішін қанағаттандырмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG